Әлем • 13 Қыркүйек, 2021

Еуропалық комиссияны атом реакторлары мазалайды

252 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда әлемде атом электр стансаларын салу қажет пе деген сұрақ күн тәртібінен түспей тұр. Кейбіреулер оны экологиялық таза деп есептесе, енді бірі реакторлардан келетін қауіп көп деп есептейді. Бұл мәселенің қызу талқыланғаны соншалық, Еуропалық комиссия ядролық энергияны қолданудың тиімділігі мен зия­нын зерттеп жатыр.

Еуропалық комиссияны атом реакторлары мазалайды

Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда әлем жаһандық жылынудан зардап шегіп отыр. Жыл сайын шартараптың түкпір-түкпірінде құрғақшылық болып, су тасып, табиғат апаттары артып барады. Оның үстіне, Антарктида мен Арктикадағы мұз жабындары еріп, мәңгілік мұз таулардағы мұздықтар еріген үстіне ери түсті. Мұның бәрі теңіз деңгейін көтеріп, жағалау маңында орналасқан елді мекендерге қауіп төндіреді.

Осыған байланысты, жаһандық жылынудың қарқын алуына жол бермей, ауа температурасының көте­рілуін 2 градустан асырмау мақсатында шаралар қабылдана баста­ды. Осылайша, БҰҰ-ның Ауа ра­йының өзгеру жөніндегі конвен­ция­сының аясында 2015 жылы жел­тоқсанда Парижде өткізілген халық­аралық конференцияда «Париж келісімі» қабылданды.

Аталған құжатқа әлемнің 197 мемлекеті қол қойды. Енді, осыған байланысты шартараптағы мемлекеттер ауаға бөлінетін парникті газдар көлемін азайтуға тиіс. Мәселен, Еуропалық одақ елдері 2050 жылға қарай парникті газдар шығару көле­­мінің деңгейін нөлге түсіруге уәде берген. Соған сәйкес, 2030 жыл­ға дейін көміртегі газдарының шығарылымын 55 пайызға азайту керек.

Бұған қол жеткізу қазір Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің бас ауруына айналып отыр. Өйткені уәде беру бір бөлек, оны жүзеге асыру мүлдем басқа мәселе екені түсінікті. Парникті газдарды азайтудың бірден-бір жолы – жасыл энергияға көшу.

Бірақ бұл да оңай шаруа емес. Әсіресе, Польша секілді электр энергиясын жылу электр стансаларынан алатын елдерге қиынға тимек. Өйткені аталған стансалар көп мөлшерде көмір жағады. «Қара отынды» күрт азайту елді электр тоғынан айырады да, көмір өнеркәсібінің тұралауына әкеліп соғады.

Ал баламалы энергия саналатын – күн, жел және су энергиясын өндіру әзірге арзанға түспей тұр. Сол себепті Еуропалық одақ елдері ядролық энергияға қызығып отырғаны мәлім. Бірақ АЭС-тер салу мәселесі қарт құрлықтың қоғамын алаңдатады.

Әрине, атом энергиясын пайдалану жылу электр стансаларына қарағанда қоршаған ортаға аз зиян келтіреді. Оны пайдаланғанда ауаға көп мөлшерде парникті газдар шықпайды. Жаһандық жылынуға тікелей әсер етпейді.

Алайда АЭС-те отын ретінде қолданылатын уранның радиациясы бүкіл тірі ағзаға зиян. Осы орай­да, ядролық энергия туралы сөз қоз­ғалғанда Чернобыль мен Фуку­ши­мадағы апаттар еске оралатыны сөз­сіз. Екі жағдайда да станса жа­рыл­ғанда бөлінген радиация мың­даған адамның өміріне залал кел­тірді.

Сондықтан шығар, кейінгі жылдары Еуропалық одақ елдері, жалпы әлемдегі дамыған мемлекеттер АЭС-тен біртіндеп бас тартып жатыр. Мәселен,  Франция, Германия, Испания, Бельгия секілді мемлекеттер 2035 жылға таман 32 ядролық реакторды жабуды жоспарлап отыр. Аталған стансалардан 31,9 гигаватт электр тоғы өндіріледі.

Бұған дейін ядролық энергияны қолдануды қолдаған Германия канцлері Ангела Меркель Фукуши­ма­дағы апаттан кейін көзқарасын күрт өзгертті. Сөйтіп, елде жаңа реак­торлар салуға ынта таныта қойған жоқ. Оның үстіне, бүкіл демо­кратиялық әлем қарсы болғанына қарамастан, «Солтүстік ағын – 2» жо­басын жалғастыра берді. Яғни осы­лайша елдегі энергияға сұраныс­ты Ресейдің арзан газымен қанағат­тандыруды жоспарлады. Әзірге немістер атом стансаларын біртіндеп жабу жоспарынан бас тартқан жоқ.

Бельгия да реакторлардан бас тартуды көздеп отыр. Былтыр ел билігі электр тоғын өндірумен айналысатын Electrabel компаниясының стансалардың ғұмырын тағы 20 жылға ұзарту туралы өтінішін қа­был­даған жоқ. Керісінше, Бельгия алдағы қазанда аукцион өткізіп, жа­былған ядролық реакторды газбен жұмыс істейтін стансаларға алмастырмақ.

Франция тұтынатын электр энер­гиясының үштен екісі атом АЭС-терде өндіріледі. Осылайша, «үш жолақты ел» жетекші елдер арасында парникті газдарды аз шығаратын елге айналды. Әйтсе де, ел билігі ядролық энергиядан бас тартуды көздейді. Франция президенті Эммануэль Макрон 2035 жылға таман АЭС-терде өндірілетін тоқ көлемін 50 пайызға дейін азайтуға уәде берді.

Дегенмен АЭС-терді жабудың теріс әсері бар. Мұндай қадам парниктегі газдар шығарылымын арттыруы мүмкін. Өйткені билік өкілдері күн, су, жел секілді жаңартылған энергияға екпін бергеннің орнына көмір жағуға құмар. Сөйтіп, қысқа мерзімде электрге сұранысты қанағаттандыруға әуес.

Мәселен, биыл АҚШ-тағы Нью-Йорк штатында байытылған уран арқылы жұмыс істейтін Indian Point энергия орталығы жабылды. Түрлі есептеулерге сүйенсек, осыдан кейінгі бір айда штаттағы ауаға бөлінетін парникті газдар көлемі 46 пайызға көбейген. Германияда 2000 жылдан бері атом энергиясына сұранысты 11 пайызға дейін төмендеткен соң, ауаға 36,3 мегатонна көмірқышқыл газы шыққан.

Соған байланысты Еуропада АЭС-терді жабуға асықпауды айтатындар ара-тұра бой көрсетіп қалады. Nuklearia ұйымының жетек­шісі Райнер Клюттің айтуынша, АЭС-терді жаңармалы энергияға толықтай ауысқанға дейін қолдана тұру қажет. Әйтпесе, ауаға бөлінетін зиянды газдар көлемі керісінше күрт артады. Мәселен, Германиядағы қалған 6 ядролық реакторды жапқан жағдайда жыл сайын 70 миллион тонна көмірқышқыл газы ауаға көбірек шықпақ.

Швеция 2010 жылға дейін елдегі бүкіл атом реакторларын жабуды жоспарлаған еді. Бірақ электр энергиясына сұраныстың артуына байланысты райынан қайтып, оның орнына ескі стансаларды жаңа­лауға кірісті. Қазіргі таңда елдегі сұраныстың 42 пайызын осы ядро­лық энергия қамтамасыз етіп отыр. Келесі жылы Швецияда парла­менттік сайлау өтеді. Осы орайда, партиялар атом электр стансалары керек пе, жоқ па деген мәселені қызу талқылап жатыр.

Испания билігі 2019 жылы 7 атом реакторын 2035 жылға дейін жабатынын мәлімдеді. Ал 2050 жылға таман түбегейлі жаңғырмалы энергияға ауыспақ. Бірақ кейінгі кезде Пиреней түбегінде бұл уәдені орындауға асықпаған дұрыс деген пікірлер айтыла бастады. Мәселен, Халық партиясы таза, арзан әрі қауіпсіз атом электр стансаларын қолдануды жалғастыра берген жөн екенін айтады.

Сондай-ақ Еуропалық комиссияда атом энергиясын тұтынуды жасыл энергияға жатқызу мәселесі қаралып жатыр. Осыған байланыс­ты ғалымдар атом электр стансалары қоршаған ортаға қаншалықты зиян тигізетіні жөнінде баяндама әзірлемек. Дайын болған соң ұйым отырыстарының бірінде бұл мәселе міндетті түрде қаралады. Әйтсе де, кей сарапшылар Еуропалық комиссия Германиядағы сайлау қорытындысын күтіп отырғанын айтады. Содан кейін ғана ұсынысты талқыламақ.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда атом энергиясын қауіпсіз етудің түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Соның бірі – шағын модульді реакторлар (SMR). Бұл құрылғы атом индустриясына үлкен серпіліс әкелуі тиіс. Өйткені оны жасау арзан әрі экологиялық тұрғыда қауіпсіз. Сон­дай-ақ оның құрылысына көп аумақ та қажет емес. Бүгінде бұл құрылғыға АҚШ, Канада, Ұлыбритания секілді бірқатар мемлекет инвестиция салды.

Айтпақшы, Қытай күзде отынға торий элементін пайдаланып, «еріген тұз технологиясы» арқылы жұмыс істейтін АЭС-ті сынақтан өткізбек. Сарапшылардың пайымдауынша, торий реакторларының қоршаған ортаға тигізетін зияны уранға қара­ғанда әлдеқайда төмен. Өйткені бұл технологияны қолданғанда шығатын радиация көлемі уран пайдаланатын стансалардағыдай көп емес.

Бейжің билігі сынақты Гоби шөлінде өткізбек. Тамызда Қытай атал­ған аймақта салынып жатқан торий пайдаланатын реактордың құры­лысын аяқтағанын мәлімдеді. Әзірге оның қуаты 1000 үйді жарық­тан­дыруға жетеді. Тәжірибе сәтті өтіп жатса, келешекте 100 мың үйді қам­тамасыз ететін жаңа реактор салмақ.

Қорыта айтқанда, атом электр стансасына қатысты көзқарас әлемде әртүрлі болып тұр. Парникті газдар көлемін азайту үшін ядролық энергияға иек артуды санайтындар да бар. Әйтсе де, оның қоршаған ортаға тигізер зиянын да ұмытпаған абзал.