Театр • 13 Қыркүйек, 2021

Мерейлі маусымның шымылдығын түрді

535 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Күз келсе, күзбен бірге театрлардың да мәуесін жайған ағаштай бойындағы бар жақсысын көрерменіне ұсынуға асығатын дағдысы биыл да сол қалыбынан айнымады. Елордалық театрлар бірінен кейін бірі жаңа маусымының шымылдығын түріп, астана халқын тамаша қойылымдарымен тәнті етіп үлгерді. Әйтсе де биылғы маусымның, әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Жастар театры үшін орны бөлек. Өнер ұжымы ХV мерейлі театр маусымының шымылдығын түрді.

Мерейлі маусымның шымылдығын түрді

15 жыл! Тарих үшін көп уақыт емес! Бірақ театр ұжымы үшін бұл 15 жыл қиындық пен қуанышқа, жанкештілік пен ізденіске, еңбек пен ұмтылысқа, жеңіс пен жеміске толы үлкен шығармашылық мектеп, теңдессіз тәжірибе алаңы.

Екі күн қатарынан бас қалаға өнер мейрамын сыйлаған мерейлі маусымның ашылуы­на елімізге белгілі тұлғалар, өнер қайраткер­лері құттықтай келіп, өздерінің жылы лебізде­рін, ақжарма тілектерін білдірісті. Театрға қарай сағыныса ағылған талғампаз көрер­мен режиссер, театрдың көркемдік жетек­ші­сі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың суреткерлік сарап­тауында сахна көрген Талаптан Ахметжан­ның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым» мюзиклін тамашалады. Айтулы қойылым жазушының «Сұлу мен суретші» әңгімесінің желісі негізінде көрерменімен қауышып отыр. Жыл басында тұсауы кесілген сыршыл ­мюзикл жаңа маусымның да көрерменіне ­тамаша тарту болды. Қойылымда басты рөл­ді, яғни Сұлу мен Суретші бейнесін театр­дың талантты актерлері – Назерке Серікболова мен Мейірғат Амангелдин кемеліне кел­тіре кейіптеді.

Мәңгілік махаббат тақырыбын арқау ет­кен лирикалық спектакльдегі есті әуен, ұтым­ды табылған режиссерлік шешім, актерлік ше­бер ойын көп көңілінен берік орын алды. Шәм­ші Қалдаяқов, Еркеғали Рахмадиев, Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджанов, Елена Әбдіхалықова баста­ған біртуар композиторлардың жүрек қы­лын шертер әуезді музыкалық туындылары­ның шебер үйлесіміне құрылған айтулы спектакль көрерменін де бейжай қалдырма­ды. Ал қойылым алдында өткен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз конференциясында театр директоры, белгілі театр және кино актері, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов ұжым­ның алдағы шығармашылық жоспарларымен бөлісті.

15 жыл бойы үздіксіз көрушісін тәнті етіп, таңғалдырудан жалықпай келе жатқан Жастар театрының әр қадамы мен өнердегі жемісті жолы елордалық көрерменнің көз алдында. Олай дейтініміз, 2007 жылдың 5 шілдесінде тұңғыш рет Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтың шығармаларының желісі бойынша жасалған «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдық түрген театрдың тәй-тәй басып, бүгінге де­йін жеткен шығармашылық жетістігі мен өнерінің өміршең өрісі астанамен бірге дамып, даңғылданып келеді.

Иә, Арқа төрінде бой көтерген ару астана уақыт-ағзам ажарына белгі салған санаулы жылдың ішінде-ақ саяси-экономикалық бағыттың барометрі ғана емес, өнеріміз бен мәдениетімізге ұйытқы болар ұлтымыздың шын мәніндегі рухани өмірінің айнасына айналып үлгерді. Жер жаһанның назарын өзіне бұрғызып, жыл сайын емес, ай са­йын, тіпті күн сайын қанатын кеңге жайып, құлпырып, жайнап, ел егемендігімен бірге еңсесін тіктеп, ерке Есілмен егіз жасасқан бас қаламыздың баянды тарихы талай игі бастамалар мен ұлағатты оқиғалардың себепшісі һәм дәнекершісі болып келеді. Астана тамырына тыныс сыйлап, бағытына бағдар берген сондай іргелі өнер ошағының бірі – дәл осы Жастар театры десек, титтей де артық айтқандық емес.

Ең алғаш «Шыңғысхан» спектаклімен шымылдық түріп, осы уақытқа дейін өнер шыңын бағындыруға ұмтылып һәм сол дода­дан үнемі жеңіспен оралып жүрген театр­ ұжымының жас театрдың тұсауын кесер қо­йылым ретінде дәл осы әфсананы таң­дауы кездейсоқтық болмаса керек. Жастар театрының шаңырақ көтергенін сүйіншіле­ген «Шыңғысханды» зор сүйіспеншілік­пен қарсы алған өнерсүйер қауым үшін де, үмі­тін үкілеп додаға қосқан театр ұжымы үшін де аталған қойылым ақжолтай спектакль болды. Жарты әлемді жаулаған жеңімпаз жайлы шығармамен ту тіккен театр күні бүгінге дейін сол байрақты төмен түсірмей, өнер аламанында лайым жеңімпаз болып келеді. Театр репертуарын түрлі бағыттағы спектальдермен түрлендіріп, талай додада топ жарған өнерлі ұжымның алда әлі де алар асуының мол боларына сенім зор.