Руханият • 14 Қыркүйек, 2021

Науаи еңбектері таныстырылды

573 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ташкентте Халықаралық Түркі академиясы түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, өзбек халқының ұлы ойшыл ақыны Әлішер Науаидың 580 жылдық мерейтойы аясында әзірлеп шығарған бірқатар кітаптардың тұсаукесер рәсімін өткізді.

Науаи еңбектері таныстырылды

Өзбекстан Жазушылар ода­ғын­да өткен алқалы жиын­ға Халықаралық Түркі акаде­мия­­сының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Өзбекстан Респуб­лика­сындағы Төтенше және Өкі­лет­ті Елшісі Дархан Саты­бал­ды, Өзбекстан Республикасы Министр­лер кабинетінің Руха­ният, мемлекеттік тіл департа­мен­ті басшысы Абдугаппор Кир­­гизбаев, Халыққа білім беру ми­нистрі­нің бірінші орынбасары Усмон Шарифходжаев, Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сироджиддин Сайид, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының директоры Кенже­хан Матыжанов, «Қолжазба және фольклортану» ғылыми-инновациялық ор­талығының директоры Төр­әлі Қыдыр, сонымен қатар Өзбек­стан Үкіметінің лауазымды тұлғалары, қазақ және өзбек зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Түркі тілі дегенде алдымен есімізге Білге Тоныкөк, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни секілді даналарымыз оралады. Сол бабаларының жолын үз­бей жалғаған, ана тілінің өрі­сін кеңітіп, ырысын тасытып жаңа арнаға шығарған Әлішер Науаи да түркі тілінің алып атасы саналады. Дарабоз данышпан Әлішер Науаи ана тілінің жауһарларын өзінің шығар­маларында жарқыратып қол­данып, түркі тілін ғылым мен білімнің, классикалық әдебиет пен өнердің тіліне айналдыруға берік іргетас қалап, тарихи-ру­хани соны бетбұрыс жаса­ған аймаңдай тұлға болады», деді Халықаралық Түркі академия­сының президенті Дархан Қыдыр­әлі сөйлеген сөзінде.

Өз кезегінде Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Дархан Сатыбалды бауырлас елдер арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қатынастардың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылып келеді.

«Бүгінгі шара – әдебиет пен өнер саласындағы бекем бауыр­ластық пен ынтымақтастық байланыстарының тағы бір дәлелі. Ұлы ақынның терең туындылары біздің елдер арасындағы әдеби байланыстың алтын көпірі­не айналатыны сөзсіз», деп атап өтті қазақстандық дипломат.

Айта кету керек, данышпан ақын Әлішер Науаидың жиынға қатысушылардың назарына ұсы­нылған «Хамса» жинағы­на көр­некті ақын, Қазақстан Мем­лекеттік сыйлығының лау­реа­ты, «Парасат» орденінің ие­гері Несіпбек Айтұлы аударған «Ләйлі – Мәжнүн», «Ескендір қор­ғаны» дас­­тандары енгізілген.

Сонымен қатар Ә.Науаидың «Мухәкәмәтул-луғәтәйн» (Екі тіл туралы пікір) атты еңбегі Түркі ака­де­миясының қолдауымен алғаш рет қазақ тіліне толық аудары­лып, транслитерациясы және факси­милесімен бірге жеке кітап ретін­де жарық көрді. Бірегей басылымды баспаға бел­гілі ғалым Төрәлі Қыдыр әзір­леді. Әлішер Науаидің бұл шығар­масының түркітану саласында алар орны ерекше. Екі (түркі һәм парсы) тілдің табиғатын терең зерделеген ақын осы еңбегі арқылы түркі әдеби тілінің бай сөздік қоры мен поэтикалық қуатын нақты мысалдар арқылы жеткізіп берген.

Бұдан бөлек Халықаралық Түркі академиясы ұлы ақынның түбі бір түркі тіліне аударылған таң­дамалы туындыларын жинақ­тап, «Ғазалдар» жинағын жарық­қа шығарды. Аталған кітапқа Әлі­шер Науаидың он бір тілдегі өлең­дері енгізілді.

Басқосу аясында бауырлас ел­дердің рухани байланысы­на қосқан зор үлесі үшін Науаи ғазал­дарының аударма­ларын жи­нақтаған көрнекті ақын, Өзбек­станның халық жазушы­сы Му­хаммад Али және қазақтың ұлы ақыны Абайдың Қарасөздерін өзбек тіліне аударған белгілі ғалым Қозоқбой Йулдашев және Ибодулла Мирзаев Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалімен марапатталды.