Саясат • 14 Қыркүйек, 2021

Саяси бөгет бұзылған кезде

327 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЛОНДОН. Еуропаның кейбір бөлігін су басты, Американың батысы ыстықтан, өрттен және құрғақшылықтан зардап шегіп жатыр. Бай елдер көптеген дамушы елдерге жақсы таныс ахуалды бастан кешіруде. Су ағынын бақылау деңгейі бұрынғыдай болмай қалғанда, климаттың өзгеруі жүгендеуге келмей кетеді.

Саяси бөгет бұзылған кезде

Биылғы жаздағы апаттардан кейін Германияның канцлері Ангела Меркельден бастап Орегон губернаторы Кейт Браунға дейінгі саяси көшбасшылар климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық кү­рес­ті тездетуге шақырды. Бірақ шын мәнінде парниктік газдар шы­ғарылымын қысқарту қажет екеніне қарамастан, бұл қадам апатты тоқтатуға жеткілік­сіз. Бақуатты елдерде суды бақы­лаудың бұрынғыдай болмауы климаттың өзгеруінің ғана емес, сонымен қатар бүкіл мағынасында саяси сәтсіздіктің дәлелі.

XX ғасыр басталғалы бері шар­тараптың түкпір-түкпірін­дегі адамдар қолайсыз ауа райы­ның зардабын тартып келеді. Мы­салы, Американың батысы қалып­ты климатқа бейімделген тұрғын­дарға ыңғайсыз, өмір сүруге қолайсыз еді. Калифорниядағы Император алқабының бақшалары әлі жоқ болатын. Аймақтағы құнарлы топырақ кәдеге аспай, жыртылмайтын алқапқа айналды. Қазір өңірдегі шөлді аймақтарда орналасқан қалалар (Сан-Диего, Лос-Анджелес, Лас-Вегас, Феникс) сусыз, алыс елді мекендер еді. Қазір онда мекендеген тұрғындарды қамтамасыз ету былай тұрсын, сол кездің өзінде ахуал қиын-тұғын.

Сол секілді V ғасырда Батыс Рим империясы ыдырағаннан кейін Еуропаның көп бөлігі иге­рілмей, басқарусыз қалды. Қазіргі таңда қарт құрлықтағы көне ормандарды романтикалық табиғат деп санай аласыз. Бірақ XIX ғасырдағы балалар ертегілерінде бұл аймақтарды ит тұмсығы батпайтын, қасқырлар мен қарақшылар мекендейтін батпақты жерлер деп сипаттайтын. Ғасырлар бойы голландиялық инженерлер құрлықтағы тиесілі жерлерін қайтаруға тырысты, бірақ қауіп­сіздікке кепілдік бола алған жоқ.

Сол кезеңде Қытай Азияның құдіретті өзендерін басқара алатынымен (Адам Смит мұны салыстырмалы түрде қарағанда артықшылықтың негізгі мәні деп санады) бүкіл әлемге таныл­ды. Бірақ Аспан асты империясы да қайталана беретін табиғи апат­тарға тосқауыл бола алған жоқ. XX ғасырдың басында климат жүйесі ландшафтты өз қалауынша басқарды. Ал «климатқа бейім­де­лудің» жалғыз әмбебап жолы басқа түскен апатқа көну ғана еді.

Содан кейін бәрі өзгерді. Екін­ші дүниежүзілік соғыс пен сая­си құқықтардың кеңеюі жалпыға ортақ әл-ауқатқа деген сұранысты арттырды. Экономикалық өсім (XIX ғасырда байлықты ешкім­мен бөлісуді қажет етпейтін элитаның бұған қызығушылығы шамалы еді) саясаткерлердің бас­ты мәселесіне айналды. Олар жұмыссыздар мен кедейлер алдында есеп бере бастады. Сумен қамтамасыз етуге сенімді түрде қол жеткізу саяси қажеттілікке, мемлекеттік құрылымның құра­лына айналды.

Мүмкіндігі бар елдердің көпшілігі өзендер мен көлдерді қалауына қарай өзгерте бастады. Сөйтіп тұтынушылық экономика мен кеңейіп келе жатқан саяси мемлекеттің қажеттілігіне жұмсады. Заманауи жер жобалары өңделген жерлердің көлемін және экономикалық мүмкіндіктерді ұлғайтты. Содан кейін гидро­энергетика пайда болды. Сөйтіп индустрияландыру мен жаппай жұмыспен қамтуға жол ашқан электр энергиясының алғашқы қадамы басталды. Өзендер даму жоспарына айналды.

Бұрын басқаруға келмейтін табиғи апат саналған су тасқыны қалалар өскен сайын саяси тұрғы­дан қабылдана қоймайтын болды. Барша халықты таза сумен қам­тамасыз етудің арқасында анти­санитарлық жағдайлар жойылды. Жер бедерінің қазіргі келбеті баяу өзгеріп, бөгеттер, су тасқынынан қорғау жүйелері, дамбалар, каналдар мен су қоймалары көбейе бастады. Бұл жобаларды әрқашан мемлекет қаржыландыратын. Сон­дай-ақ халықтың жаппай қол­дауын көрді.

Бұл тұрғыдан алғанда, Аме­рика көш бастап, XX ғасырдағы Гувер мен Форт Пек бөгеттерінен бастап Төменгі Миссисипи инженерлер корпусы мен Теннесси аңғарының әкімшілігі жобаларына дейінгі ең әйгілі су қоймаларын салды.

Бүкіл әлемде заманауи су ин­фра­құ­рылымына инвестициялар са­лынып, планеталық масштаб­тағы трансформацияға әкеледі. ХХ ғасырдың басында іс жүзінде су қоймасы мен үлкен бөгеттер жоқ еді. 1970-жылдарға қарай су инфра­құ­рылымы планетадағы өзен суларының шамамен бестен бірін бақылай алатын. Осылайша, адамзат қоршаған ортаны игере бастаған кезде, яғни экологиялық зардап әкелетін құбырлар тартып жатқанда модернистік арман пайда болды. Ақырында, адамдар қиын климаттың әсерін толық бақылай алуы мүмкін еді.

Уақыт өте келе, бай елдерде тұратындардың көпшілігі бө­геттер мен су қоймаларындағы ағып жатқан суды ұмытып кетті. Калифорниялықтар мен немістер тұтынушылық экономиканың күйбең тірлігіне бас қойғаны соншалық, биыл табиғат апаттарына таңғалды. Олар бастан кешкен апаттар қазіргі заманғы бақуатты қоғамдар үшін ақылға сыймайтын.

Бірақ су тасқыны мен құрғақ­шылық бүкіл әлемде жүздеген миллион кедей халыққа әрдайым қауіп төндіреді. Бұл оқиғалар жаңалықтарға сирек шығатын (ерекше жағдайлар да бар, мысалы, 2005 жылы Катрина дауылы Жаңа Орлеандағы кедейлерге, негізінен афроамерикалықтарға зардап әкелді). Кедейшілікті моральды сәтсіздіктің белгісі ретінде қарастыратын мальту­зиялық жаң­сақтыққа сүйенгендер кедей елдердегі апаттарды дамы­ма­ғанының себебінен деп есептеді.

Бірақ су қауіпсіздігі – дамудың және саяси тұрақтылықтың жемісі ғана емес. Керісінше, екеуін қам­тамасыз етеді. Заманауи мемлекеттер мен тұрақты саяси институттар су қауіпсіздігіне және оның мүмкіндіктеріне негізделген.

XX ғасырдағы тұрақты ше­шімдер қазіргі таңда жеткіліксіз. Осы ғасырдағы климаттық апаттар қоршаған ортамен қарым-қатынасымызды жаңартуды қажет ететінін тағы бір мәрте дә­лел­деп, бірқатар сауал туындатты. Жер бедерінің қандай болға­­нын қалаймыз? Қандай тәуе­кел­дерге төзе аламыз? Эко­ло­гиялық қауіпсіздігімізге қатыс­ты мемлекеттен не күтуі­міз керек және бұл қандай билікті талап
етеді?

Бұлар техникалық сұрақтар емес. Бұлар саяси сауалдар. Әрі XXI ғасырда мұның маңызы арта түседі.

 

Джулио БОККАЛЕТТИ,

Оксфорд университетінің Смит кәсіпкерлік және қоршаған орта мектебінің құрметті ғылыми қызметкері, Water: A Biography кітабының авторы