Қоғам • 14 Қыркүйек, 2021

Абыздай абзал Абызбай

677 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әдетте, біздің қазақ «абыз» деп ғұлама, оқымысты, адами барлық жақсы қасиетті бойына сіңірген, кісілік парасаты мол адамды айтқан екен. Арғы-бергі тарихымызда Қаракедей Соқыр абыз, Нысан, Тайтеке, Шаншар, Өтеміс, Ақжігіт, Құрманбай сияқты көп­теген абыздар өтіпті.

Абыздай абзал Абызбай

Араб тілінен енген «абыз» сөзі сақтаушы, қорғаушы деген ұғымды білдіреді. Екінші мағынасында Құранды жатқа білетін адамдар, дана, әулие, шарапатты, көріпкел жан деген түсінік жасалады. Сөздің тегі жөнінде Абай: «Абыз әуелде шаман дініндегілердің өз молда, бақсыларының үлкендеріне қоятын аты екен», дейді. Мәшһүр Жүсіп «абыз» сөзін әулие, киелі адам мағынасында қолданған.

Міне, Ертіс жағасында туып, атағы алыс-жақын атырапқа жайылып, еліне, жеріне еңбегі сіңген айтулы тұлға, марқұм жан нағашым Абызбай сондай аяулы, атына заты сай абыздайын абзал азамат болатын. Егер тірі жүрсе, ол осы қыркүйек айының 23 жұлдызында өзінің 70 жасқа толған мерейтойын ортамызда атап өтер еді. Әттең, бірақ қапыда келген сұм ажал оған үлгертпеді. Биылғы мамыр айының соңында Алматыдағы балаларына барған сапарында жол-көлік апатына ұшырап, содан бір айдай ес-түссіз жатып, бұл фәнимен қош айтысты. Қолдан келер не амал бар? Қайран ердің қайғылы қазасына, ағайын-туғаны, дос-жараны, барша халық болып жер қойнына тапсырдық. Енді осы жуырда жол түсіп ел жаққа барғанымда, Абызбай нағашымның Павлодар ауданының Ленинск ауылындағы зиратына арнайы ат басын бұрып, аруағына дұға бағыштап қайттым. Сонда көргенім – бейіт басында құрылыс қарқын алып, соңында қалған ұрпақтарының еңселі кесене тұрғызып жатқаны. Жатқан жеріңіз жарық, топырағыңыз торқа болсын, - дегеннен басқа не істей аламыз бұл тағдырға...

 Жоғарыда айтқанымдай, Абызбай ағамыз маған нағашы болып келеді. Менің анам, қазір Екібастұз қаласында тұратын 82 жастағы Шәкеш қажы Халелқызы екеуі Арғынның Қанжығалы руынан. Оның ішінде шешем Абыз, Абызекең Шомақ атасынан тарайды. Заманында ағайынды Абыз, Шомақ 12 мың жылқы біткен атақты бай болған. 1734-1735 жылдары Қанжығалы қарт Бөгенбай, Орта жүзге ұран болған Олжабай, Бәсентиін, Малайсары, Жасыбай, Уақ Сары, Баян, Қыпшақ Қошқарбай, Керей, Аманбай батырлар бастаған қазақ қолы Баянауылдағы Қалмаққырылған шайқасында ірі жеңіске жетеді. Соның құрметіне Сабындыкөл жағасында өткен тойға Абыз, Шомақ 90 ту бие сойып, Абылайды Орта жүзге хан етіп көтеріпті. Осыдан кейін Абыз, Шомақ мырзалардың сұрауы бойынша Қыпшақ пен Бәсентиін арасындағы Ертістің қара Ертіс аталатын жалпақ тұсын Абылайдың өзі бөліп берді делінетін әңгіме бар. Бүгінде Павлодар облысының Ақтоғай (бұрынғы Краснокутск) ауданына қарасты бұл жерлерді қанжығалылармен қатар, күрлеуіт, қыпшақ, біздің аталарымыз Ашамайлы керейдің күрсары ұрпақтары мекендейді.

 Осынау қасиетті мекенде құрылған Еңбекші колхозын­да­ғы Адам Жұмажанұлы мен Шәрбан Мәсәлімқызының шаңырағында 1951 жылғы 23 қыркүйекте үшінші бала болып өмірге Абызбай келеді. Ол туралы нағашым өзінің «Жылдар. Жолдар. Ойлар» атты кітабында («Сытин» баспаханасы, Павлодар, 2012 ж., 155-бет): «Менің өмірге келуіме, бірінші Құдай, екінші Қожа аталарымның аруағы себеп болуы керек. Әр нәрсеге бір себеп демекші, көз бе, тіл ме, оны бір Алла біледі, менің алдымда туған екі ұл бірінен соң бірі шетінеп кеткен екен. Содан шешейдің бойына мен біткесін, тағы да жаманшылық қайталанбасын деген ниетпен әкей мен шешей Атам аруағына сиынып, Қангелдіден 40 шақырым жерге ат арбамен барады. Сонда түнеп, мені бірінші Алладан, екінші Исабек ишан атамнан сұраған екен. Ол кезде де, қазір де «Исабек ишан» деп атап көрген жоқ. «Атам басына барып, тілек тілейміз, дұға қайырамыз», - деген бір-ақ сөз ғана халық аузында болатын.

 Қатты тебіренген әке-шешемнің тілеуі орындалып, мен дүниеге келсем керек. Ауыл арасы қашық болса да, Исабек ишан атамыздың немересі Солтан қожа менің атымды қоюға себеп болып, Абыз болсын деген екен. Әкей алдындағы балаларға ұйқас қылып, Абызға «байды» қосқан екен», - деп жазады.

 Шын мәнінде, Абызбай нағашым абыздай текті азамат болды. Оның үй іші 1952 жылы Еңбекшіден Жамбылға, 1957 жылы біздің Қожамжар ауылына көшіп келіп, орналасады (бұрынғы Сталин атындағы колхоз, кейіннен «Рассвет» кеңшары). Біздің үй мен олардың үйінің арасы 500 метрдей жерде еді. Бұрыннан бірін-бірі жақсы білетін екі отбасы қатты араласып, сыйласып өтті. Біз сияқты жиендерін еркелетіп, бетімізден қақпайтын. Бала кезімде сол үйге барып, кішкене дөңгелек столына қызығып, оны сөз айтпай маған бере салғандары, өзіміздің үйге дейін дөңгелетіп әкелгенім әлі есімде. Абызбай нағашым мен екеуіміздің арамыз 10 жас болатын. Оның сымбатты бозбала болып өсіп, ауылдағы кәсіптік-техникалық училищеге бара жататыны күні бүгіндей көз алдымда. Сол кезден балалық есімде қалған бір жайт. Оқуына мопедпен бара жатқан жігіт Абызбай көшеде ойнап жүрген маған тоқтап, артына отырғызып алып, мопедімен бір айналдырып әкеп тастайтын. Мен үшін ол үлкен қуаныш пен мақтаныш болатын...

 Сол күндерді еске алғанда анам Шәкеш қажы: «Адам ағамызбен бір Хангелді ауылынанбыз. Ол 1941 жылы на­қақтан ұсталып кеткен әкем Халел Елемесұлы мен 1973 жылы қайтыс болған анам Ақжамал Мәтжанқызын жақсы білетін. Кейін «Рассветте» бухгалтер, кеңшар директорының шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып істеген жұбайым, марқұм Болатсеппен қызметтес болды. Адам ағамыз қолөнер шебері еді. Жұбайы Шәрбанның қолынан шығатын текемет, сырмақтарының оюларын өзі сызып беретін. Балалары Боранбай, Жаңбырбай, Абызбай да тәрбиелі болып өсті. Әсіресе, Жаңбырбайы әкесіне тартты, Алматыдағы көркем сурет училищесін бітіріп келіп, өнермен елге танылды. Соғыс кезінде бізге жер ауып келген Ида мен Абрам дейтін неміс көршілеріміз оны ерекеше бағалап, Ида құрбым Германияға көшіп кетсе де, ретін та­уып Жаңбырбайға түрлі бояулар салып тұрды. Ал Абызбайы жасынан өте зерек, зейінді еді. Сол білімге құштарлығының арқасында Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп келіп, ел аузына ілігіп, облысымыздың бірнеше аудандарында қаншама басшылық қызметтерді атқарды. Оның ойда жоқта 70 жасына жетпей, өмірден өтіп кеткені өкінішті-ақ», - деп айтып отырады анамыз.

Өкінгенмен бола ма. Бірақ Абызбай нағашымның Ертіс өңірінде басқан ізі сайрап жатыр. Ол 1975 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын аяқтаған соң Павлодар облы­сының Ертіс ауданындағы «Новоивановский» кеңшары­ның бас экономистігіне тағайындалады. Алғашқыдан өз жұмы­сына жауапкершілікпен қараған аз уақыттың ішінде Ертіс аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Западный» кеңшарының партком хатшысы, аудандық агроөндірістік бірлестіктің экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген оны 1987 жылы «Сілеті» кеңшарына директор етіп бекітеді. Мұнда мал басы аман сақталып, егіннен мол өнім алынып, құрылыс жұмысы қарқын алып, әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар, жылыжай, телестудия, шұжық цехы, басқа да объектілер іске қосылды. Жалақы төлеудің жаңа прогрессивті әдістері қолданылды. А.Адамовтың осындай еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрген облыс басшылары оны аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы қызметіне бекітті. Ал 2002 жылы Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалған Абызбай Адамұлы бұл лауа­зымды 2007 жылға дейін атқарды. Бұл жылдары аудан бойынша көптеген игілікті іс тындырылды. Атап айтқанда, жұмыспен қамтуға арналған 100 күндік бағдарлама орындалып, аудан ішінде автобус жүріп, монша, мешіт ашылып, су құбыры іске қосылып, баспана мәселесі шешіліп, ауыл балаларын аудандық бюджет есебінен жоғары оқу орындарында оқыту қолға алынды. Ауыл-ауылда мешіт салу ұйымдастырылды. Осының бәрінің басы-қасында Абызбай нағашым жүрді. Сондықтан да 2011 жылғы жазда оның аудандық мәслихаттың шешімімен «Ертіс ауданының құрметті азаматы» атануы да заңды. Асыл азаматтың бұдан басқа да атақтары мен марапаттары жетерлік. 2003 жылы Қазақ құқықтану және халықаралық қатынас институтын сырттай тәмамдаған ол экономика ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» ордені мен бес медальдің, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері атанды.

Аудан әкімі қызметінде абыройлы болған Абызбай Адамов бұдан соң Павлодар облыстық жылжымайтын мүлік орталығын басқарып, сол жерден зейнет демалысына шықты. Сонда да отырмай, мейрамхана бизнесін ашты. Осы кәсібінде «сұңқардай» жемін шашып жейтін жомарт, мәрт мінезімен аудан, облыс көлеміндегі қанша игі шараларға аянбай атсалысты. Әсіресе, Ақтоғайда Жандарбек қожа мешітінің салынып, ашылуына барынша үлес қосқан жандардың бірі. Оның туған елге, жерге деген махаббаты ерекше еді. Көбінесе біздің басымызды осындай сауапты шаруалардағы ортақ мақсат-мүдде біріктіретін. Бір-бірімізді бірден түсінетінбіз.

Ал туыстығымыздың жөні бөлек-тін. Үлкендеріміз тонның ішкі бауындай араласса, ат жалын тартып, азамат болғалы мен де Абызбай нағашыммен ағалы-інідей қарым-қатынаста болдым. Тіпті тұңғышы Шынардың ұзатылу то­йын ақын досым Сабыржан Ахметовпен бірге басқарысып, дүркіретіп өткізгенбіз. Енді өзінің 70-жылдық мерейтойында бір шалқимыз деп ойлап-ек. Амал не, қаскөй өлім ол ойымызды тас-талқан етіп, Абызбайдай абзал нағашымызды арамыздан алып кетті. Соның алдында, яғни Ораза айт басталған 13 мамыр күні өзі телефон соғып, хабарласқан еді.

- Сұлтан, бір келіп қайтсайшы. Мерейтойым жақындап келеді ғой. Соған дейін кітап жазып, кино түсіріп жатырмын. Соның бәрін кең отырып, сөйлесейік, - деген ол сонда.

Бұл біздің соңғы тілдесуіміз болды. Қоштасқаны ма, кім білсін... Арада бір апта өткен соң жол-көлік апатына ұшырағаны жөнінде сумаңдаған суық хабар жетті. Сол соққыдан бір айдай ес жимаған күйде ол да дүниеден өтті. Артында аңырап Анар жеңгеміз, бала-шағасы, ағайын-туысы, қалың елі қалды.

Жалпы, Анар тәтеміз жайлы сөз ерекше. Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Шұбартау ауылында туып-өскен ол да арман іздеп Алматыға барғанда, Абызбай ағамызбен табысып, бас қосып, 1972 жылы отау құрады. Үйлену тойларын әуелі астанада, сосын елге келіп тойлайды. Менің әке-шешем сол салтанаттың қызығына куә болыпты. Міне, содан бергі 49 жылда Анар жеңгеміз Абызбай нағашыма адал жар, өмірлік серік, ақылшы, кеңесші бола білді.

Кішіпейілділігі, қонақжайлылығы, парасаттылығымен Абызбайдай азаматының ел алдындағы абыройын арттыра түсті. Алланың ісіне не шара. Әйтпесе екеуі келер жылы алтын тойларын тойлаушы еді.

Шүкір, нағашым мен асыл жеңешем Шынар, Марат, Берік сияқты алтындай ұл-қыз өсіріп, олардан немере-шөбере сүйді. Енді сол ұрпақтарына амандық-саулық тілегеннен басқа амал жоқ. «Жазмыштан озмыш жок», - дегендей, нағашымның мерейтойында тілек айтамын деп жүрген мен де, еске алу жазуға мәжбүр болып отырмын.

Абызбайдай аяулы нағашымның аруағы риза болсын!

 

Жиені Сұлтан Мүрсәлімов