30 Қаңтар, 2014

Жолдаудан туындайтын міндеттер

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше «Қазмедиа» орталығындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Елбасының 2014 жылғы халыққа Жолдауындағы медицина саласына қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру барысы жайлы брифинг өткізді.

 

Кеше «Қазмедиа» орталығындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Елбасының 2014 жылғы халыққа Жолдауындағы медицина саласына қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру барысы жайлы брифинг өткізді.

Елбасы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласы бо­йынша медициналық-санитарлық көмекті дамытуды, міндетті меди­циналық сақтандыру енгізу мәсе­лесін зерттеуді, мемлекеттің, жұ­мыс берушілердің және қызмет­кер­лердің денсаулық үшін ортақ жауапкершілігі – медициналық қызметтің барлық жүйесінің басты қағидаты болуы тиіс екенін айтқан болатын. Оған қоса, саламатты өмір салтының орнығуы, медицинаның дамуы халықтың өмір сүру жасын 80 жасқа дейін арттыратынын, елі­міз медициналық туризмнің же­тек­ші орталықтарының біріне айналатынын да мәлімдеген. Соңғы жылдары медицина саласында көбіне жаңа технологиялар ен­гізу жайы, қан айналымы жүйесі мен онкологиялық дерттерден туын­дайтын сырқаттарды емдеу мәселесі, диагностикалауға, сондай-ақ, «Болашақтың госпи­та­лі» атанған орталықтардың имиджін көтеруге көп көңіл бө­лін­ді. Енді халықтың басым бө­лігімен тікелей жұмыс істейтін ме­ди­циналық мекемелердің қызметін жетілдіруді мықтап қолға алатын уақыт та жеткен сияқты. Биыл алғашқы медициналық-сани­тарлық көмекке басымдық беру қажеттігі баса айтылды. Бұл деге­ніңіз енді денсаулық сақтау сала­сына бөлінетін қаржының қомақты бөлігі бастапқы буынға, яғни алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер мен емханаларға бөлінеді деген сөз. Бұған дейін ол 17 па­йызды ғана құрап келген болса, биылдан бастап оның үлесі арта түспек. Бірақ нақты қанша екені әзірге белгісіз. Кешегі жиында Денсаулық сақтау министрі бұл мәселеге қатысты жан басы­на шаққандағы нормативтің өсетіндігін баяндады. Оған қоса, ол биыл Алматыда тікелей Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына бағынысты Алғашқы санитарлық-медициналық көмек көрсететін орталық ашылатынын да мәлімдеді.

Жалпы, адам өмірі тек денсау­лық сақтау саласына ғана тәуелді емес екені белгілі. Мұны өркениетті елдер салаға тек 15 пайыз ғана тәуелді, қалғаны өзінің өмір сүру салты мен қоршаған ортасына, геніне байланысты деп жіктеп түсіндіріп береді. Әйтсе де әлеуметтік мәртебеге ие болған жаппай етек алған аурулардың да бар екенін, бұл өлім-жітімнің өршуіне әкеліп соқтырып отыр­ғанын да айту керек. Осы мәселеге келгенде министр «біз қолдан келгеннің барлығын жасап отырмыз. Оны кешегі алқа мәжілісінде де айттық. Ана мен баланың, қай­ғылы жағдайлар, улану мен жарақаттанушылықтардан онко­логиялық аурулардан болатын өлім-жітімді төмендетуге барынша күш салып жатырмыз. Нәтижесі де жоқ емес. Соның есебінен халықтың табиғи өсімі былтыр 4,6 пайызға артты. Статистика агенттігінің мәліметінше, былтыр халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 70,3 жасқа жетті. Бұл құрғақ цифр емес. Оның артында менің әріптестерімнің үлкен еңбегі тұр. Сіздер білесіздер ме, республикада күніне 2 мың ота жасалады, 1 мың бала дүниеге келеді, жедел жәрдем 18 мың рет шақыру алады. Бұл қауырт жұмыс», деді С.Қайырбекова. Ол сондай-ақ, қан айналымы жүйесі мен онкологиялық аурулардың әлемнің ең өркениетті елдерінің өзінде бірінші орында тұрғанын айтты. «Бізге тән мәселе мынау: онкологиялық ауруларды алғашқы сатысында анықтай алмаймыз. Тек соңғы сатыларында анықтап, күрделі оталар жасалып жатады. Егер алғашқы сатысында анықталса, сәулелі терапия мен шағын инвазивті оталар арқылы да емдеуге қол жеткізер едік. Сол кезде өлім-жітім де азаяр еді», деді министр.

Денсаулық сақтау министрі Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің артықшылығын, соңғы үш жылда халықпен жұмыс істеуде тікелей басшылыққа алынып отырған «Саламатты Қа­зақстан» бағдарламасының тиімді тұстарын, міндетті ме­ди­циналық сақтандыру енгізу үшін әлі де тиянақты дайын­дық­тың қажеттігін, сондай-ақ, ме­дициналық мамандардың же­тіс­пеу­шілігі мәселесі алдағы екі-үш жыл барысында шешілетінін, тағы басқа да жайларды брифинг барысында айтып өтті. Бри­фингке «Ұлттық медициналық хол­динг» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Кеннет, Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының Қазақ­стан­дағы өкілі Мелита Вуйнович, Денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов қатысты.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар