Қоғам • 15 Қыркүйек, 2021

Аударма фильмдердің ахуалы

1013 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің қолданыс аясын қайтсек кеңейтеміз, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін не істеу керек деген мәселе төңірегінде түрлі пікір-ұсыныс ор­таға са­лынып жатады. Соның бірі әлем­дік дең­гейдегі кинокартиналарды жас ұр­пақтың ана тілінде тамашалауына мүм­кіндік ту­ғызу дер едік.

Аударма фильмдердің ахуалы

Алайда мұндай ауқымды жобаларға қы­руар қаржы жұмсалатыны сөзсіз. Сайттардың бірінен жалғыз бір ғана кинокартинаны қа­­зақ тіліне аудару үшін кем дегенде 40 млн-ға жуық теңге жаратылады дегенді оқы­дық. Мамандар доллар құны құбылып тұр­ған тұста бұл сома мұнан кейінгі уақытта арт­паса кемімейтінін айтады. Мәселен, «Бо­лашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақшаға аударылған «Мұзды өлке 2» (АҚШ) шым-шытырық мульт­фильміне 50 млн теңге жұмсалыпты. Соған қарамастан «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Меломан» компаниясы атсалысуымен қырыққа жуық мультфильмнің қазақ тіліне дубляждалуы – балауса балапандар үшін айтарлықтай мол қазына. Олардың арасында Walt Disney секілді айтулы студияның да фильмдері бар. Алайда қазақ киносындағы соңғы он жыл мерзімге көз тіксек, тәржімаланған фильмдер саны аса көп емес. Қазақтың өзіндей кең жайлау тіліне зәру көрермен бүгінгі таңға дейін Дэвид Наттер, Алан Тейлор, Алекс Грейвз, Федерико Феллини, Витторио Де Сика, Клод Шаброль, Франсуа Трюффо, Акира Куросава секілді әлем танитын майталман режиссерлердің классикалық туындыларымен таныс емес.

Қазір жұртшылық кез келген фильмді көбіне интернет арқылы тамашалау мүм­кіндігіне ие. Бұл ретте тағы да опынатын тұстарымыз көп. Мәселен, отандық «Кино көр» (телехикаялар мен мультфильмдерді, трейлерді және т.б. контенттерді бөлісетін қазақ тілді жоба) сайтындағы қазақшаға аударылған шетелдік фильмдер топтамасында небәрі 146 фильм мен 92 мультфильм ғана бар екен. Ал есесіне шетелдің Fmovies, CartoonHD, MovieTV4U, Zmovie.TV, «Классик синема онлайн», MoviesPlanet, Just Click To Watch, IGLO, Movie Tube Online, Watch-movies-online, GoMovies, Solarmovie сияқты т.б. сайттары кинокартиналар топтамасы жағынан әлемде көш бастап тұр десек, артық айтқанымыз емес. Сондай-ақ ТМД-дағы ең ірі онлайн-кинотеатр – Ivi-дің аудиториясы ай сайын 48 миллионнан астам көрерменді құрайды. Интернет қолданушылар ай сайын 70 миллионнан астам сағатын ivi-де өткізеді деген деректер де үлкен ойға жетелейді. Мұнда 60000-нан аса (телехикаялар, мультфильмдер мен фильм­дер) ­туынды ұсынылады. Бірақ айыбы – басқа ­тіл­де. Осы­дан келіп, өкінішке қарай, бүгінде қа­зақ­стан­­дық көрермендер Голливуд, Болливуд сияқты ­алпауыт кинокомпаниялардың ­туындыла­­рын көбіне орыс тілінде көруге мәж­бүр. Кино – тәр­бие құралы десек, қазақ тілінің қазіргі ахуалындағы түйт­кілдердің бір ұшын кино тілінен іздеген абзал. Жастар, мектептегі балалар неге қазақша сөйлемей­ді деуіміздің кіл­типаны да осында. Кино тілі құдіретті. Сон­дықтан шетелдік фильмдерге дейін қазақша сөйлету басты міндеттің бірі екені даусыз.

«Қазіргі таңдағы маңызды мәселелердің бірі – кинотеатрларда көрсетілетін қазақ тілінде­гі фильмдер санының тым жұтаң­дығы, тіпті жоқтың қасы екендігі. Бол­ған күннің өзінде прайм-тайм кезінде қойыл­майды. Тіпті қазақ тілінде дыбысталған ше­телдік фильмдердің жағдайы да дәл осын­дай. Мәселен, 2019 жылғы маусым айы­ның соңында «Ойыншықтар хикаясы-4» ани­мациялық фильмін Нұр-Сұлтан қаласының кинотеатрлары 95 рет (бір күнде) көрсетті. Оның тек алты сеансы ғана қазақ тілінде болды. Осы тектес жағдайлар өте жиі кездеседі. Сондай-ақ кинотеатрларда халыққа ұсынылып жүрген өнімнің тек 3 пайызы ғана – қазақ фильмдері», дейді белгілі кинотанушы Нәзира Рахманқызы. Мұның себебін маман еліміздегі кинотеатрлардың жекеменшіктің қолына өтіп кетуімен түсіндіреді. Олардың қожайындары қазақ тілді фильмдердің прайм-таймға қойылмауын «қазақ тілді көрермен жоқ, олай болса сұраныс та жоқ» деген сылтауға ысыра салатынын алға тартады. Алайда іс жүзінде бұл ұстаным шындыққа жанаса бер­мейтінін тілге тиек еткен өнертанушы: «2018 жылы Хан шатыр мен Mega Silk Way-де Еуразия халықаралық кинофестивалі аясында «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» мультфильмдері көрсетілді. Орын жетпеген балалар баспалдақ пен экран алдына жиналып қарады. Екі күндегі көрсетілім бойынша балалардың саны бірнеше мыңнан асып кетті», дейді. Ендеше, киноны мемлекеттік тіліміз үстемдік құрып тұратын бірден-бір салаға айналдыру – уақыт талабы.