Тарих • 15 Қыркүйек, 2021

Үрейлі кезең

376 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қызыл империя сөзге де қарауыл қойды. «Екі елі ауызға, төрт елі қақпақ», қате сөйлегендер түрмеден орын таппақ. Түн жамылып қара машина мінген қызыл жағалылар аудан, ауылдарды кезіп адамдарды жинады. Сталиннің дінсіздер 5 жылдығына байланысты қызыл жағаға кездескен адам «а» десе «Алла дейін деп тұрсың ғой» деп, қолына кісен салатын. Төсекке жатқанда ерлі-зайыптылар қателіктеріне кешірім сұрасып бақиласып жатты. Халық үрейге тұншығып зар шекті, дала қасіретке толды. Талайлардың көкірегі қарыс айырылып, ажалды қызыл жағалылардан күтіп зар илеумен «кеткен келмейді өлген тірілмейді» деп, дұғасын іштей оқып күңіренді...

Үрейлі кезең

Орынбор облыстық партия ко­ми­­тетінің төтенше жиналысын бас­қарушы ісініп-қабынып мақ­тан­­ған жоқ. Сөзін саяси өрбітіп: «Пар­­тия көсемі И.В.Сталин әлем­нің да­мыған елдерінен елу жыл ке­йін қалғанымызды айтты. Оны бәрі­ңіз де білесіздер. Сондықтан он жылда елу жылдың жұмысын ат­қаруымыз керек, мемлекеттің қа­жеттілігін орындау аса маңызды. Көсем атап көрсетті, сенім білдірді. Демек өндіріс орындарындағы жа­за­сын өтеушілердің өлгені, жа­за­­сын өтеп еліне кеткені бар, со­лар­­дың орнын тездетіп толты­ру ке­рек. Қасымызда жүрген қыл­мыс­­керді байқамай қалатын әде­ті­­міз бар, ондайға аяушылық жоқ, жаза­сын тартады. ВКП(б) (Бүкіл­одақтың коммунистік партиясы (боль­шевиктік) орталық коми­теті­не қылмыскерлердің лимитін кө­бейтуге жазбаша хабар салдық. Одақ бойынша құпия жұмыс, айта­лық, арамызда алшаң басып жүр­ген «халық жауларынан» тазар­тып, тездетіп түрмеге алу мін­­деті тұр. Орталықтағы саяси бю­­ро­ның мәліметі бойынша, рес­­­пуб­л­икалар өлке, облыстар бо­­йын­ша 48 000 өлгендердің орны­на 57 218 адамды қылмыстық жа­за­ға тарту күн тәртібінде тұр. Осы­ған сұраныс беріп едік, ВКП (б) 1938 жылдың 31 қаңтарында қана­­ғаттандырғанын хабарлады. Міне, күрделі іске байланысты шір­­кеулер мен мешіттердегі дін­шіл­­дерді тазарту керек. Өздері­ңіз бі­ле­сіздер, «Дінсіздер бесжыл­ды­ғы» қаулысына сәйкес жұмысты ой­­да­ғыдай жүргізе алмай отырмыз. Жол­­дастар, тездету керек, – де­ген тап­сыр­ма көпшіліктің төбесі­нен жай тү­­сір­­гендей болды. – Бас­қа сұрақ жоқ па,ендеше жиын жабық».

Одақ бойынша «халық жауларын», шетел шпиондарын, Отанға опасыздық еткендер секілді «жат пиғылдылардан» күндіз-түні тазарту жүріп жатты. Саясаттың қара дауылы қатты, халық қан теңізіне бат­ты. Атақ-даңққа қараған жоқ, бі­рі­­нен соң бірін түрмеге тыға бас­­тады. Басқа-басқа 1937-1938 жыл­­дары жұмысшы-шаруалардың Қы­зыл армиясы бойынша Блюхер, Туха­чевский және басқалар сынды 47 мың әскери қайраткердің істері шұғыл тексеріліп, атылып кетті. Сталин мамыр мейрамында бүлдіршінді құшағына алып түскен «Правда» газетіндегі суреттегі жазбада «болашақ – жастардың бақыты үшін» десе, көп ұзамай қыздың әке­сі жау атанып, атылып кетті. «Күн­­сіздерге күн болған, жер жүзі­н­е нұр болған», деп ақындар жыр­­лап жатты. Үрей күшейді. Мем­­лекетті үреймен басқарудың тиім­­ді тәсілі түпкілікті орныға бас­тады. Қо­ғам мінезі өзгерді, бірін-бірі қара­лау белең алды. Екіжүзді пә­ле­­қ­ор­лардың қырсығынан Одақ бойын­ша 20 мың чекист қуғын-сүр­гінге түсіп, біразының үкімі «өлім» делінді. Бір ғана Орынбор облыстық басқармасы бойынша 639 қызметкер қуғындалды. Басқарма бастығы Наум Райскийден бастап, біразы бірден атылған. Жаппай қырғынның басталуына себеп 1936 жылдың 29 қыркүйегіндегі ВКП(б) (Бүкілодақтың коммунистік пар­тия­сының (большевиктік) орта­лық ко­митеті – БКП(б) ОК) Саяси бю­ро­сының троцкийшілер-зиновьев­шілер­дің революциямызға қастан­дығы үшін» туралы қаулы­сына қа­рай КСРО НКВД-ның (Ішкі іс­тер ха­лық комиссариаты – ІІХК) №00447 бұйрығы бойынша рес­­пуб­ли­ка­лардағы НКВД МҚБ (Мем­лек­ет­тік қауіпсіздік басқарма­сы) қызметінде 3-бөлім және 4-бөлім­дер арасында кім адамдарды көп тұт­­қын­дады деген жарыс жария­лап, ха­лық комиссарларының бұй­­ры­ғын қатаң орындауды қа­жет еткен. Әр­бір республика, облыс­тарға белгі­ленген лимит бойынша адамдарды тұтқындауды асыра орын­да­ған­дарға сыйақы, шен-шек­пеннің өсуі сияқ­ты марапат болып тұрған. Олжа та­будан, құрмет көруден кім қашады?

Орынбордың болсын, басқа қала­лардың болсын, НКВД-ның жерасты қараңғы, қапас бөлме­лерін­де «халық жаулары» деп жа­зық­сыз атылғандардың рухы қан­ша жыл өтсе де тыныштала қой­мас. Өлім жазасына кесілгендер ара­­сын­­да соңғы сөзінде: «Бізде кінә жоқ, жау емеспіз, өздерің жа­уыз­­­сыңда­р, мұны Сталин білсе, өз­де­­ріңді құртады», – деушілер аз болмаған.

Сол сұрапыл жылдарда орын­борлық ФСБ-ның (Федералды қауіпсіздік қызметі) «Ескерткіш кітабында» 639 чекистің Отан үшін деп жүріп, жазықсыз, асы­ғыс тексеріліп, саясат үрейіне ық­тап атылып кеткені көрсетілген. Одақ бойынша қаншама аяулы азамат оққа ұшты, қуғын-сүргіннің зәбірін көрді. Қанжұтпа 58-баптың қармағына ілікті. Қолға түскен қазақтарға шеніне қарамай тағылатын айып осал болмаға­нын мұрағат деректері анықтап отыр (НКВД қатарында жүрген Ш.Н.Шандыбаевтың тағдыры):

– Алаш идеясын жақтайсың, ә? Бөлек мемлекет болғыларың ке­ле­ді. Шетел шпиондарымен бай­ла­ныстарың қалай? Алаш партия­сы болған... Оның үстіне туған-туыс­қандарың діншіл көрінеді? Со­лар­ды түрмеге  әкелесің!

– Мен оларға діннен без деп айта алмаймын. Лениннің өзі әр ұлттың салт-санасы, тілі, ділі, діні қорғалады деген емес пе?

– Сталин діннің зиянды түрі­нен сақ бол деп отыр. Діншіл қазақ­тарды түрмеге тық. Орынбордағы мұсылмандардың үш мешітін талқанда. Бұйрық солай. Қазір кабинетте үшеуміз отырмыз, тапсырманы орындағың келмеді ме? Екеуміз бірігіп «дінді қорғаушы – Алаш мүшесі» деп құжаттап, өзіңді ата саламыз. Соңғы сөзіңді айт. Ойлануға біраз уақыт беріп отырмыз, шенді сыйлағандықтан.

Міне, осындай қып-қысқа сұрақ-жауап Шандыбаевтың ажалын тауып береді.

Тергеу жұмысында алғыр да танымал Құмаш Шаяхметовті де қыршынынан қиюға үштік себеп таба ма? Табады.

– Тұзтөбе ауданындағы Ш.Ес­мұ­хамбетов молданың үйіне қонып шығыпсың. Нағашың көрінеді. Бір қой сойып үйіңе беріп жіберіпті. Мешіттің азаншысы З.Асанов, саудагер А.Хафизов дастарқанда бірге бо­лыпты. Бәрін біліп отырмыз. Өзің мо­йында?! Үкімді оп-оңай орын­даймыз...

– Туыс-туғанның үйіне бармасын деген заң жоқ қой.

– Заң бар.

– Қандай?

– Қылмыскермен сөйлесіп, Кеңес үкіметінің жұмысын бүлдіру­ге жоспар жасадыңдар. Атыла­сың! – деп, қару-жарағын, киімдерін каби­неттің ішінде тартып алады. Сол қызыл жағалылар­дың өз­­­дерін өздері жазалап атылған­дары­­ның көбінің үкім орындалар сәтінде: «Жазықсызбыз, бұл қыл­мыс­тарыңды Сталин білсе, өзде­рің­ді де өлтіреді», – дегенге кісі өлтіру­шілердің кейбірінің жүйкесі әділет­сіздікке шыдамай, өзін-өзін атқа­ны да болған. Содан кейін өлім жазасын  орындаушылар Мәскеу­ден арнайы дайындықтан өтіп, нағыз тасжүрек есебінде жұмысқа алынған. Олар келген бойда:

– Маған бірінші кезекте үй, барлық жағдай керек! – деп қатаң талап қойса, өздерінің қарауында жұмыс істеп жүргендердің сәл қате­лігіне бола жазаға тартып, олар­дың әйелін қылмыскерлер ла­геріне жөнелтіп, балаларын же­тім балалар үйіне тапсырып, үй-жа­йын жұмысқа жаңадан келу­ші­лерге бергені де белгілі. Мәсе­лен, алғыр чекистердің бірі Г.Э.Цейт­мен­ді атуға үкім шығаруға да, түр­ме­ге салуға да дәлел табылады. «Шетелдіктермен байланыс­ты болған, шіркеуге барып поптармен сөйлесіп, топ құрып жүрген», – деп екілік мүшелері бетпе-бет еге­сіп, құжаттайды. Үкім орын­дал­ған соң, әйелі «АЛЖИР» лагерін­де кетеді. Отбасының тірі қал­ған­­дары үй-мүлкін даулап ала ал­май­ды. Мемлекет меншігіне айнал­ған мү­лік қайтаруға жатпайды. «Жа­зық­­сыз жаза» деп ешкім құнын ал­­майды, адвокат іске аралас­пай­ды. Осындай қайғымен қоста­най­лық Софья Карловна Цимпер­ман «АЛЖИР» лагерінде өмірін өт­кізді. Та­ғылған айып (статьясы) – Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізген.

Одақ бойынша қуғын-сүргінге ұшырап, өмірлерін қиған жиырма мың чекист десек, олардың қай-қайсысы да революциялық жолда жанын сала қызмет еткендер.

Партия басшыларының «Аса құпия» деп шекесіне мөр басылып келген ұсыныс, пікірлерін Мәскеу құп көріп, заңдастырып жатты. Орынбор мұрағатында сақталған деректерде бір  жылдың өзінде 82 милиция атылып, олардың әйел­­дері «халық жауының жары» делі­­­ніп, Ақмоладағы «Алжир» ла­­герін­де азапты күндерін өткізді деп жа­зылған. Ал милиция ұрпақ­тары­­­ның балалар үйіндегі ауыр тағды­рын дұшпанның басына бермесін.

Содан сотталып, атылғаны аты­лып кеткендердің орнына Берия­ның дайындығынан өткен тәр­тіп, тәрбиесі заң сүзгісінен өт­кен лайықты кадрлар келіп, үй-жа­йы ыңғайлы, орынтағы дайын жұмыс­қа жайғасады. Бәрі бірінің ізін бірі бағады. Аңдаусыз қадам бассаң, бір аждаһа жұта салады. Шен-шек­пенің, лауазымың қорған бола алмайды. Олар кімнің кім еке­нін бақылайды, саяси басшылар орта­лыққа құпия хабарлар түсіреді. Өн­дірісті өркендетуді шұғыл және шы­ғын­сыз жүргізеді. Бүгінде Орын­­борда 7 565 кәсіпорын жұмыс істесе, олардың біразының іргетасы 1920 жылдары сотталғандардың қо­лы­мен қаланған. Ақмоладағы бұ­рын­ғы Одаққа танымал кейбір өн­діріс орындарын да жазықсыз жапа шеккендер салған.

Табыл ҚҰЛИЯС,

жазушы