Осы орайда телеарнадан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан хабардар болып, ерекше елең ете қалдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдаудың алғашқы жолдарында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы бүкіл Қазақстан халқының аса қастерлі құндылығы екендігін айрықша атап өтті. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дара саясаты негізінде Қазақстан бүкіл әлемге танылғандығын да орынды дәріптеді. Әрі Елбасының Қазақстанды біртұтас ел етіп, жаңа мемлекет құруы, сөйтіп, оның іргетасын бекіткендігі де сөз болды. Әрине бұлар, бірден-бір бұлтартпас шындық. Ешкімде оны жоққа шығара алмасы анық.
Сөз орайы келгенде атап өтерлік мәселе, бұл Жолдау алға қойған мақсат-мұратының аса айқын әрі ауқымдылығымен дараланады. Әрі бұл Жолдауда көтерілген ең өзекті де басты, күрделі мәселелер – Қазақстан халқының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсарту, денсаулығын нығайтумен бірге, жастарды білімнің нәрлі бұлақтарынан сусындату мәселесі де кеңінен сөз болды.
Халықтар достығы мен ынтымақ-бірлігіне айрықша басымдық берілумен қатар, тіл тағдыры мен зиялы қауым мәселесі де арналы арқау, өрісті өзек болғандығымен де Жолдау көңілге сенім ұялатты. Өйткені тіл тағдыры – ел тағдыры. Оның үстіне, сапалы білім мен мықты денсаулық, аса зейінді де зерделі зиялы қауым – әманда ел байлығы, халық қазынасы. Әрі ерен ойлы зиялы қауым – ұлттық идеологияны қалыптастыру жолында ерекше еңбек ететін, қоғамдық өміріміздің бірден-бір нәрлі тынысы, қозғаушы күші.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» – дей келе, одан әрі: «Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңымызға сәйкес, оның қолдануын шектеуге болмайды» деп, терең түйіндеу жасады.
Жолдауда негізінен аса қажетті, өмірлік мәні аса зор жеті мәселе көтерілген. Мәселен, біріншісі – «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» болса, екіншісі – «Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру». Ал үшіншісі – «Сапалы білім беру» болса, төртіншісі – «Өңірлік саясатты жетілдіру». Бесіншісі – «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру», алтыншысында – «Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау» сөз болса, жетіншісі – «Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы» деген сияқты нағыз халықтың мүддесін қозғаған, ірі-ірі көкейкесті мәселелерді шешу жөнінде айтылды.
Қазақстан халықаралық қауымдастықтың белді мүшелерінің бірі ретінде жылдар өткен сайын абыройының асқақтай түскендігі де ерекше атап өтілді. Мемлекет басшысының Жолдауында енді тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін нығайту үшін бүкіл Қазақстан халқы бірге ынтымақ пен бірлікті нығайта түсіп, еселі еңбек етуі аса маңызды екендігін қадай айтуы бізді ерекше толқытты.
Шын мәніндегі шынайы достық, ол – алтыннан да қымбат, асқар таудан да биік, теңізден де терең. Тұғыры биік Қазақстанда бейбіт өмірді дамытып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, бүгінгі таңдағы кез келген қазақстандықтың басты мәселесі, бірден-бір міндеті екендігін ешкімде жоққа шығара алмайды. Қазақстан Президенті Қазақ елінің пандемия салдарынан экономикалық қиындықтарға тап болғандығына қарамастан, өзінің бағыт-бағдарын дұрыс ұстануын, 2025 жылға дейінгі дамудың ұлттық жоспарын, мемлекеттік жаңа жүйесін қабылданғандығын да атап өтті.
Қашан да берекелі бірлік пен жемісті еңбек болмаса, кез келген мемлекеттің өсіп, өркендеуі неғайбыл. Халықтың әл-ауқаты жақсарып, тұрмысы түзелген сайын жастары да оқып, үйренуге бет бұрады да, үнемі алға ұмтыла бастайды. Үйрену, іздену әрбір өнегелі елдің әз ұрпақтарының басты мәселесі болса керек. Сондықтан да Жолдауда, мұғалімдерді 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу мәселесінің қозғалуы да өмірдің өзі алға тартқан өнегелі ойдың жемісі деуге болады.
Қазақстан Президенті халыққа Жолдауында азық-түлік бағасын ретке келтіру, жер қойнауындағы байлықты тиімді пайдалану мәселесін көтерумен бірге, ел арасындағы кейбір әкімдердің ықпалды адамдардың ыңғайына жығылып, ауыл халқының мал жайылымына мән бермей жатқандығын да сын тезіне алды.
Атажұртта күні бүгінге дейін «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту жолында, 3, 5 мыңнан астам жоба іске асып, өндірілген өнімнің жалпы құны 3,5 триллион теңгені құрағандығы да бізді қатты қуантты. «Бизнестің жол қартасы» бойынша 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау табуы нәтижесінде, 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылғандығы да, халық үшін ерекше мәнге ие болса, 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуды жоспарлауы да, игі талпыныстың бірден-бір жемісі болмақ.
Жолдауда Түркістан облысында 9 су қоймасын салу, «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғарғы технологиялық құралдармен жабдықтау мәселесі көтерілді. Соның нәтижесінде зертханалар 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтіндігі сөз болды. Тіптен, күні бүгінге дейін дәрі-дәрмек құрал-жабдықтарының 17 пайызы ғана отандық өнімнің жемісі болса, енді оны 2025 жылға дейін 50 пайызға көбейту мәселесіне де Мемлекет басшысы арнайы тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейгендігін сөз ете отырып, енді алдағы 3 жылда оны 1,2 триллион теңгеге жеткізетіндігін де тілге тиек етті. Ең төменгі жалақы 42 500 теңге емес, 2022 жылдан бастап 60 мың теңге болатыны да халықтың әлеуметтік жағдайын басымдық беріліп отырғанын көрсетеді. 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе көбейтіп, оны 24 миллиард долларға жеткізу мәселесі көтерілумен бірге, азаматтардың құқығын қорғау мен сыбайлас жемқорлықпен күресу де назардан тыс қалмады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталумен бірге, бүкіл елді гүлдендіруге негізделген игі бастама екендігімен де аса құнды. Мұны, бүкіл ел-жұрт болып, берекелі бірлікпен қолдап іске асыру, кез келген саналы қазақстандық азаматтың ерен еңбегінің жемісі болмақ.
Қалдыбек СЕЙДАНОВ,
Өзбекстан Республикасы Тұран ғылымдар академиясының академигі, профессор
Серікбай ҮСЕНОВ,
Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы
Ташкент