Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин (бейнеконференция байланысы режимінде), Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась шағын құрамда кездесу өткізді.
Мемлекеттердің басшылары Ауғанстандағы ахуал, сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік мәселелері жөнінде пікір алмасты, ұйым қызметінің 2021 жылғы басым бағыттарын іске асырудың қорытындыларын шығарды, алдағы кезеңге арналған жоспарларды айқындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматтағы кездесу аясында өз әріптестерін Қазақстанның қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары туралы хабардар етті.
«Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің тамыз айындағы кезектен тыс сессиясында біз Ауғанстандағы ахуалдың түбегейлі өзгеруіне байланысты сын-қатерлер мен қауіптерді егжей-тегжейлі талқыладық. Қазақстан осы кездесуде айтылған тәсілдер мен тараптардың ұсыныстарын қолдайды. Оларды жүзеге асыру бойынша нақты жұмыс істеуге дайынбыз. Тәжік тарапының Біріккен штаб жанында жедел мониторингтік топ құру жөніндегі бастамасын уақытылы деп санаймыз. Бұл Ауғанстандағы жағдайды қадағалау мақсатында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің құзыретті органдарының өзара іс-қимылын ұйымдастыру үшін қажет. Біздің елдердегі террористік ұяшықтарды анықтау және бейтараптандыру, сондай-ақ экстремизм мен терроризмді насихаттауға қарсы іс-қимыл бойынша жұмысты күшейту қажеттілігі туралы серіктестердің пікірімен бөлісеміз. Оңтүстік шекара және ҰҚШҰ-ның өзіндік «қауіпсіздік белдеуі» болып табылатын тәжік шекарасын нығайтуға жан-жақты жәрдем көрсету қажет деп санаймыз», деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ның ауған босқындары мен шетелдік әскери базаларды біздің елдеріміздің аумағына орналастыруға жол берілмейтіні туралы ортақ ұстанымын қолдады. Ол гуманитарлық ой-пікірлерге және ауған халқына Халықаралық көмек көрсетудің маңыздылығына сүйене отырып, Алматы қаласында Ауғанстандағы БҰҰ жүйесінің далалық миссияларының персоналы уақытша негізде орналастырылғанын хабарлады.
«Біздің байқауымызша, Ауғанстандағы жағдай азаматтық соғысқа әкеп соқтыратын елеулі тұрақсыздық жағына қарай дамуда. Жаңа уақытша үкімет құрылды. Оның құрамы мен ниеті әлемде әр түрлі бағалауларға ие болды. Жаңа Талибан әкімшілігінің құрылуы, әрине, Ауғанстанда тыныштық орнады және экономикалық даму үшін қажетті жағдайлар жасалады дегенді білдірмейді. Бұл жерде су тасқынын көріп отырмыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Ауғанстандағы ахуалдың дамуына байланысты алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, бұл елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай гуманитарлық дағдарысқа қарай бет бұруда.
«Ауғанстанмен қалыптасқан өңірлік сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды мүмкіндігінше қалпына келтіру маңызды деп санаймын. Ауғанстанға қатысты ұзақ мерзімді стратегиялық желіні әзірлеу үшін жаңа биліктің қызметіне тығыз бақылауды жалғастыру қажет деп санаймын», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлағандай, БҰҰ-да Қазақстан Ресеймен, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесімен және ҰҚШҰ бойынша басқа да серіктестермен өзара іс-қимыл жасауға ниетті.
«Жаңа Ауған билігімен қарым-қатынастарды үйлестіру және өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды ұсынамын. Біздің айқын басымдығымыз – жаңа Ауған билігінің терроризм қатерінің іргелес елдер мен өңірлерге таралып кетуіне жол бермеу жөніндегі міндеттемелерін орындауы. Бұл есірткі трафигі мен заңсыз көші-қонға да қатысты, оған қарсы күрес барлық тараптардың ұжымдық ерік-жігерін талап етеді», деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар ол әлемдік геосаясаттағы оң өзгерістерді де баға берді.
«Ең бастысы - Ресей мен АҚШ Президенттерінің Женевада кездесуі, оның нәтижесі екі ірі ядролық держава арасындағы стратегиялық теңгерімді сақтау мәселелері бойынша аса маңызды уағдаластық болды. ҰҚШҰ аясында біз Ресей мен АҚШ арасындағы стратегиялық шабуыл қаруы туралы шарттың ұзартылуына саяси қолдау білдірдік», деді Мемлекет басшысы.
Отырыс барысында Қазақстан үш халықаралық келісімнің – юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша, ҰҚШҰ әскерлерін материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімнің, сондай-ақ бітімгершілік қызмет туралы келісімге Хаттаманың қабылдануын қолдады.
«Олардың барлығы үлкен маңызға ие, терең зерттеуден өтті, оларда тараптардың ұстанымдары ескерілген. Біз оларға қол қоюды қолдаймыз. Желтоқсан сессиясында айтылған менің ұсынысымды іске асыру үшін біз Бас хатшының бітімгершілік жөніндегі арнайы өкілі туралы шешім қабылдаймыз. Барлық серіктестерге қолдау көрсеткені үшін ризамын. Мұндай институтты құру біздің ұйымның жұмысына қосымша серпін беретініне сенімдімін», деді Мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ Ресей тарапына БҰҰ қамқорлығымен биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру туралы ұсынысын қолдағаны үшін алғысын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев барлық серіктестерді БҰҰ-да осы бастаманы ілгерілетуде Қазақстанға қолдау көрсетуге шақырды. Өз сөзін қорытындылай келе, қазақстандық делегация басшысы Эмомали Рахмонға ҰҚШҰ-ға табысты төрағалық еткені үшін алғысын білдірді, сондай-ақ ұйымға төрағалық ететін армян әріптестерінің белсенді ынтымақтастыққа дайындығын білдірді.
Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Декларациясын қабылдады.