Спорт • 16 Қыркүйек, 2021

Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер кілттері табысталды

365 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов каратэден Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Дархан Асәділов пен Софья Берульцевамен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер кілттері табысталды

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Мемлекет басшысы жазғы Олимпиада ойындарында жүлдегер болған қазақстандық спортшылардың еңбегін ерекше бағалап, мемлекеттік награда тағайындағанын атап өтті.

Төрт жылдықтың басты бәсекесінде ел үмітін ақтаған Дархан Асәділов пен Софья Берульцева «Құрмет» орденімен марапатталған. Мемлекеттік награданы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев табыстаған болатын.

Мұрат Әйтенов олимпиадашылардың жетістіктері арқылы каратэ спортының қалада даму деңгейін атап, осы еңбектері үшін қала тұрғындары атынан алғыс білдірді.

Кездесу барысында спортшыларға тұрғын үй қорынан «Нұрсат» шағын ауданынан 1 бөлмелі пәтер кілттері табысталды.

Каратэ спорты Олимпиада ойындарына тұңғыш рет енгізілген еді. Дархан мен Софья – каратэ тарихында Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері.