Аймақтар • 16 Қыркүйек, 2021

Даму жобалары іске асырылуда

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев таяудағы Қазақстан халқына Жолдауында отын-энергетика кешенін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді атап өткен болатын.

Даму жобалары іске асырылуда

Бүгінде Екібастұз өңірінде ел энергетикасы үшін маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Богатырь» кенішінде оның қуатын 32 млн-нан 40 млн тоннаға дейін арттыратын көмір өндіру мен тасымалдаудың циклдық-ағындық технологиясын енгізу жобасы, сондай-ақ Екібастұз МАЭС-1 №1 Энергия блогын қалпына келтіру және Екібастұз МАЭС-2 үшінші энергия блогын салу жобалары бар.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау туралы «Самұрық-Энерго АҚ өндіріс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Серік Төтебаев Екібастұз қаласында өткен баспасөз туры кезінде БАҚ өкілдеріне айтып берді. Тілшілер «Богатырь» кенішінде салынып жатқан циклдық-ағындық технологиялар (ЦАТ) нысандарында болып, құрылыс ауқымын – ұсатқыштарды, конвейерлерді, орташа тиеу пунктін монтаждауды көрді.

Еске сала кетейік, «Богатырь» кенішінде көмір өндіру технологиясын түбегейлі өзгер­ту қажеттілігі тау-кен жұмыстарының тереңдігіне қол жеткізумен байланысты, бұл ретте көмірді тасымалдаудың қолданыстағы теміржол сызбасы тиімсіз. Сондықтан қазіргі уақытта «Богатырь көмір» ЖШС ЦАТ жобасын белсенді түрде жүзеге асыруда, оны аяқтау 2022 жылдың екінші тоқсанына жос­парланып отыр. Жаңа технологияны енгізу «Богатырь көмір» ЖШС-нің өндірістік қуатын 50 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өнімнің сапалық сипаттамаларын жақсартады, теміржол вагондарына көмір тиеудің салмақтық дәлдігін қамтамасыз етеді және көмір тиелетін вагондар айналымының уақытын 3 есе қысқартады.