Әдебиет • 16 Қыркүйек, 2021

Жалғыздық бояуы

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ең ауыр жалғыздық – көп ішіндегі жалғыздық. Суретші Пол Гогеннің «Арлестегі түнгі кафе» картинасы туралы әңгіме өрбіткенімізде, мұнда досы Ван Гогтың да ізі жатқанын айтқанбыз. Вокзал кафесі – жалғыздық кафесі. Жетім көңілін жетелеп келген, арманынан адасқан жолаушылардың мекені. Тағы да жалғыздық бояуы, енді Винсент Ван Гогтың көзімен.

Жалғыздық бояуы

Қалыбы мен қағидасы бө­лек қылқалам шебері «Түнгі кафе» картинасын 1888 жылы қыркүйекте жазған. Дәл осы күні. Үш түн бойы Францияның оңтүстігіндегі Арлес қаласын­дағы вокзал кафесіне барып, түнгі келушілердің уақытын мақсатсыз ішіп өткізетініне көзі жетеді. Арпалысқа толы өмір­мен шаруасы жоқ бей­қам адамдардың болмысы сурет­шінің келесі бір туын­ды­сының тақырыбына айналады.

Кенептегі сызықтардың бұлыңғырлануы, түстердің ұқып­сыздығы, кейіпкерлерінің көмескі жүздері автордың ойына ештеңе кіріп шықпайтын оспадар адамның жағдайын жеткізгісі келетінін мәлімдеп тұрғандай.

Бөлменің интерьері су­рет­шінің депрессиялық күйін көрсететін бір-біріне қа­­рама-қарсы ньюанстарға толы. Тө­бедегі жасыл түс қы­зыл қа­бырғалардың маза­сыздығынан күшейген ав­тордың күннен-күнге меңдеп бара жатқан сырқатын көбірек еске түсіреді. Ал қалың да жұ­қа сары реңктер мекеменің көңілді және түтінді атмосферасын айшықтап тұр. Қалған бильярд үстелі, көптеген бө­телке мен әбеқоңыр үстелдегі бос құмыралар одан әрі ма­ғы­насыздықты һәм бостықты баян­дайды.

Қою қара түннің мазасын ал­ған кафе, түн ортасы болса да ұйқысы қашқан адамдар, тере­зедегі түнгі пейзаж, беймаза сағат, ертеңі күңгірт ерлі-зайыптылар бәрі де бір нүктеге байланған.

Алдындағы шарабын тауыса алмай ұйқыға кеткен маскүнем мен ішімдікке сылқия тойған екі сұхбаттасушы жа­ғымсыз әсерді одан әрі күшей­теді. Бұл эффектіні сары кос­тюмдегі келуші аяқтайды, ол суретші мен оқырманға тура қарап тұр. Ол мағынасыздықты Ван Гогтан іздейтіндей.

Суретші ағасы Теоға жаз­ған хатында бұл картинада адамның өзін өзі тұңғиыққа батырғанын және құрдымға тартқан құмарлықты жеткізуге тырысқанын айтады. Бұл сәт оны есінен алжастыраты­ны­на әрі қылмыс жасауға итермелейтінін жеткізеді.

Бұл сурет сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, Ван Гогтың ғажайып туын­дыларының бірі де бі­ре­гейі есебінде тарихқа енді. Кейін­нен ол жаңа стиль, яки экс­прессионизмді дүниеге әкел­ді. Суретші аталған шы­ғар­масын акварельмен қай­талайды.

Бүгінде «Түнгі кафе» картинасы Йель университетінің көркем галереясында сақ­тау­лы.