31 Қаңтар, 2014

Жауапкершілік жүгі жеңіл емес

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг «Бәйтерек» басқарушы холдингiнiң басқарма төрағасы Қуандық Бишiмбаевтың қатысуымен өтті. Онда басқарма төрағасы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларға орай «Бәйтерек» холдингінің қолға алған шараларын баяндап берді.

 

Кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі кезекті брифинг «Бәйтерек» басқарушы холдингiнiң басқарма төрағасы Қуандық Бишiмбаевтың қатысуымен өтті. Онда басқарма төрағасы Елбасының биылғы Жолдауында айтылған тапсырмаларға орай «Бәйтерек» холдингінің қолға алған шараларын баяндап берді.

Мемлекет басшысы Жолдау аясында қаржы секторының 2030 жылға дейінгі даму тұжы­рым­дамасын жасауды тапсырған болатын. Яғни ел экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін, соның ішінде үдеме­лі ин­­­дус­триялық-инновация­лық да­му бағдарламасы аясында қо­­­йыл­­­­ған міндеттерді атқару үшін экономиканың сенімді және ұзақ-мерзімді қаржыландырылуын қамтамасыз ету керек. Бұдан туындайтын басты міндет –Қазақстанның қаржы жүйесінің тиімділігін арттыру. Міне, «Бәй­теректің» басты міндеттерінің бағыты осындай. Брифингте осыған байланысты ақпараттарымен бөліскен Қ.Бишімбаев холдинг индустрияландыру жобаларына мүмкіндігінше мол инвестиция тартуды ойластырып отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, 2020 жылға арналған Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларға шамамен 7 трлн. теңге қаржы қажет. Осыған орай «Бәйтерек» холдингi 5 жыл iшiнде даму институты ретiнде 1,5 трлн. теңге көлемінде ұзақ-мерзiмдi инвестиция тартуды жос­парлауда.

«Бұл қаражат бiрнеше көз­дерден алынатын болады. Со­нымен қатар, мемлекет холдингке капиталдандыру арқылы үлкен көмегiн тигiзетiнiне сенемiз. Бiз несиелердi 7-8 пайыз деңгейiнде емес, Даму банкi арқылы 4-5 пайыз деңгейiндегi сапалы және ұзақ­мерзiмдi несиелермен қамтамасыз етудi көздеудемiз. Сондықтан, елдегi серпiндi жобалардың тиiм­дiлiгi бiрден артатын болады. Даму институттары болғандықтан Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмаларды алға тарта отырып, осындай мақсаттар қойдық», дедi ол.

Қазақстанды индустрияландыру ең алдымен, өзімізде бар шикізатты одан әрі өңдеуге бағытталуы керек, деп қосты Қ.Би­шімбаев. Ол сондай-ақ, «Бәй­терек» холдингі мен Ислам даму корпорациясы «жасыл экономика» саласында венчурлық қор құру туралы келісімге қол жеткізіп отырғандығын айтып өтті.

«Қор биыл құрылады. Әзірге қордағы бастапқы сома 50 млн. АҚШ долларын шамалайтын болады. Демеушілер – Ұлттық тех­нологиялық даму агенттігі, Қа­зақ­стан кәсіпкерлерінің атынан бір топ жекеменшік инвестор компаниялар және Ислам даму корпорациясы», деді холдинг басшысы.

Қ.Бишімбаевтың айтуынша, егер қазақстандық «жасыл» жобалар өздеріне салынған қаражатты ақтайтын болса, онда қордың көлемі 100 млн. долларға дейін ұлғайтылады.

«Жуырда Үкімет гранттар те­тігін кеңейтуді мақұлдады. Яғни енді гранттар барынша мол мақ­саттарға берілетін болады. Оның ішінде шетелдік техноло­гия­лар трансферті де бар. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында отандық инновациялық әзірлемелерге үлкен мән беру және әлемде қалып­­­­тасқандардың бәрін пайдалана білу қажеттігі жайлы баса айтқан болатын», деді холдинг басшысы.

Қ.Бишімбаев холдингтің еншілес ұйымдарының бірі –Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік инноваторларға грант берудің барынша мол тетіктерін ұсынып отырғандығын да атап өтті. Осының арқасында 120-дан астам кәсіпорын 100 млн. АҚШ долларынан астам сомадағы қаржылай қолдауға ие болған.

Түйіндей айтсақ, Елбасының биылғы Жолдауында «Бәйтерек» холдингіне жүктелген жауап­кершілік жеңіл емес. Соған сай олардың қолға алған шаралары да баршылық сыңайлы. Оның бәрін Қ.Бишімбаев брифингте тізбектеп шықты. Мәселен, жоғарыда аталғандардан бөлек холдинг мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясындағы жобаларды сүйемелдеу орталығын құруға, инфрақұрылымдық жобалар қорын құруға атсалысып отыр. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да барынша күш салмақ. Оған қоса, аза­маттардың баспана жағдайын жақсарту шаралары аясында да біршама жұмыстар атқармақ.

Динара БІТІКОВА,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар