31 Қаңтар, 2014

Бірегей кешен бой көтермек

257 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Астана қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» жобасы бойынша кеңес өткізді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларымен келісімі бойынша іске асырылуда.

 

Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев Астана қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» жобасы бойынша кеңес өткізді. Бұл жоба Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктерінің басшыларымен келісімі бойынша іске асырылуда.

Жобаны БАӘ инвесторлары толығымен қаржыландыруда. Инвестициялардың жалпы көлемі 1,6 млрд. АҚШ долларын құрайды. Ай­та кетерлігі, ол энергияны үнемдеу және эко­логия саласындағы озық технологиялар бойынша салынатын, Қазақстандағы ең бірін­ші және өзінде «бизнес, тұрғын үй және ойын-сауық» ұғымдарын қамтитын ерекше көп функциялы кешен болмақ.

Кеңесте құрылысты 2016 жылдың соңына дейін аяқтау мақсатында 2014 жылға арналған жұмыстар жоспары талқыланды. «Алдар Пропертиз» басқарма төрағасы Әбу Бәкір әл-Хуридің ақпаратынша, 2014 жылы кешен құрылысына жұмыстың екі ауысымдық тәртібінде 7 мыңға жуық адам тартылады. Осы уақытта құрылыс алаңында 1000 тарта адам жұмыс істеуде.

«Біз «Әбу-Даби Плаза» құрылысына жергі­лікті компанияларды тартуымыз қажет», деді вице-премьер. Осыған орай тараптар жақын арада «Әбу-Даби Плаза» жобасын жүзеге асыруға отандық құрылыс компанияларын және құрылыс материалдарын өндірушілерді тарту мақсатында қазақстандық мердігер ұйымдардың қатысуымен кеңес өткізуге уағдаласты.

«Мемлекет басшысы өзінің жуырдағы Жолдауында Қазақстандағы бизнесті қолдауға тағы да ерекше назар аударды. Оған қоса, отандық құрылыс индустриясын дамыту ҮИИД бағдарламасының бір басымдығы болып табылады. Ал жергілікті мазмұнды арттыру саясаты – кәсіпкерлерімізді қолдаудың тиімді құралы. Және біз Президент тапсырмаларын орындау үшін барлық шараларды қабылдауға тиіспіз», деп қорытындылады кеңесті Әсет Исекешев.

«Егемен-ақпарат».