Әлем • 19 Қыркүйек, 2021

Франция АҚШ пен Аустралияға ренішті

452 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Франция билігі АҚШ пен Аустра­лиядағы елшілерін ке­рі шақыртып алды. Саяси сах­надағы мұндай әрекеттің ас­тары үлкен. Бұл мемле­кет­­тер арасындағы қа­ты­насқа селкеу түскенін біл­­ді­ре­ді. Батыс демокра­тия­сы­ның Отаны  саналатын елдің мұн­дай қадамға баруы­ның се­бебі неде?

Франция АҚШ пен Аустралияға ренішті

Батысты дүр сілкінткен оқиғаға басты себеп – АҚШ, Ұлыбритания және Аустралияның Үнді-Тынық мұхи­ты аймағында әріптестік орнатуы жө­ніндегі мәлімдемесі. Фран­ция сырт­қы істер министрі Жан-Ив Ле Дриан­ның айтуынша, елшілерді кері ша­қыртуға ел президенті Эмма­нуэль Макронның өзі тапсырма бер­ген.

«Бұл ерекше шешім Аустралия мен АҚШ-тың 15 қыркүйекте жа­са­­ған мәлімдемесіне байланыс­ты қа­былданды», дейді Ле Дриан.

Француздардың ренішінің сыры мынада. Аустралия 2016 жылы Францияның Naval Group ком­паниясымен келісіп, құны 90 мил­лиард долларлық келісімге қол қойған еді. Аталған құжатқа сәйкес француздар жасыл құрлыққа ядро­лық отынмен жүретін сүңгуір қа­йық­тар құрастырып беруге тиіс-тұғын. Келісімге 5 жыл бұрын қол қо­йыл­ғанымен, түрлі мәселелерге бай­ланысты оны жүзеге асыру бер­тін­ге дейін шегеріліп келді.

Енді АҚШ, Ұлыбритания және Аустралияның Үнді-Тынық мұхи­ты аймағындағы қауіпсіздікті сақ­тау жөніндегі пактісі бәрін өз­герт­­­пек. Келісім аясында аме­ри­ка­лықтар Канберраға ядролық сүң­­гуір қайықтарды өздері құ­рас­­тыруына көмектеседі. Осы­лай­­ша, Францияның Naval Group ком­­паниясының көмегі қажет бол­­май қалады. Ле Дриан аус­тра­­лиялықтардың осы әрекетіне рен­жі­­генін жеткізіп, аталған пактіні Фран­­­цияны ту сыртынан ұрған пы­шақ­­қа теңеді.

«Аустралия мен Франция 2016 жылдан бері жүзеге асыруды жос­пар­лап келген мұхитқа арнал­ған сүңгуір қайықтар жобасынан бас тартып, АҚШ-пен жаңа серік­тестікті жариялап, болашақта ядро­лық сүңгуір қайықтар саласында ын­тымақтастық орнату әрекетін қа­былдау мүмкін емес. Одақтастар мен серіктестер мұндайға жол бермеуге тиіс. Бұл одақтастарымызға, серік­тестерімізге және Үнді-Тынық мұ­хиты аймағындағы Еуропаның мүд­десіне әсер етеді», деді Ле Дриан.

Бұл оқиғаның Батысты дүр сіл­кінтуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, Франция мен АҚШ арасындағы дипломатиялық байланыс мұхиттың арғы бетіндегі азаттық соғысынан кейін орнаған еді. Содан бері бірнеше ғасыр өтсе де, екі ел тату-тәтті болып кел­ген. Енді Франция тарихта бі­рінші рет АҚШ-тағы елшісін консультация жасау мақсатында кері шақыртып алды. Сондай-ақ азат­тық соғысындағы маңызды шай­­қас­тардың бірін атап өтуге ар­нал­­ған мерекелік іс-шараны да ке­йін­ге қалдырды.

Екіншіден, АҚШ та, Франция да  – әлемдегі көшбасшы мемлекеттер. Әрі екеуі де Батыс демократиясын насихаттайтын елдер саналады. Яғни илейтін терісінің пұшпағы бір. Осындайда одақтас мемлекеттің өз елшісін кері шақыртып алуы саяси тұрғыда үлкен ренішті білдіреді.

Оның үстіне, Францияның да Үнді-Тынық мұхиты аймағына қа­тысты ұстанған стратегиясы бар. Атал­ған құжатты Э. Макрон 2018 жылы Аустралияда таныстырған еді. Қазіргі таңда осы өңірде 1,6 миллион француз азаматы өмір сүреді. Әлемде үлкендігі жөнінен екінші орын алатын, Францияға тиесілі ерекше экономикалық аймақ та Үнді-Тынық мұхиты аумағында ор­на­ласқан. Демек, Елисей сарайы өңір­де­гі мүддесінен бас тартпайды.

Жалпы, бұл аймаққа Еуропалық одақ та ерекше назар салып отыр. Мә­селен, биыл қарт құрлық пен Үн­діс­тан стратегиялық келісім жасас­қан еді. Сол кезде Еуропалық одақ­тың Үнді-Тынық мұхиты ай­ма­ғы­н­а қайта көңіл бөлетіні айтылған-ды.

Үшіншіден, Франция қазіргі таңда Еуропалық одақта Герма­ния­мен қатар, үлкен рөлге ие. Елисей са­райынан айтылған сөзді қарт құрлық құлақ салып тыңдайды. Сонымен қатар НАТО-да да фран­цуз­дардың беделі жоғары. Ендеше, ресми Париждің АҚШ-тағы елшісін кері шақыртуы жай ғана өкпе емес.

Мұндай пікірді сарапшылар да айтып отыр. Ұлыбритания сыртқы істер министрлігінің тұрақты кеңес­ші­сі қызметін атқарған, ағыл­шын­дардың Франциядағы бұрынғы елшісі Питер Рикеттстің пайымдауынша, бұл – мәселенің шеті ғана.

«Франция сатқындықты сезі­ніп отыр. Өйткені бұл қару-жа­рақ келісімшарты ғана емес еді. Франция Аустралиямен стра­те­гиялық серіктестік құрды. Енді аустра­лиялықтар одан бас тартып, Фран­цияның сыртынан НАТО-да­ғы екі одақтасымен келіссөз жүр­гізді.

Француздар үшін мұндай әрекет – одақтастар арасындағы сенімнің жоғалуы. Әрі НАТО-ға да күмән туындайды. Яғни келе­шек­те НАТО альянсына іріткі түс­уі мүмкін. Меніңше, мұның Фран­цияға тигізетін әсеріне көп­ші­лік мән бермейді. Келер жылы Макрон президент сайлауына түсіп, оңшылдармен бәсекелеспек. Осындай маңызды кезеңде сат­қын­дық секілді көрінетін әрекеттің салдары ауыр болмақ», дейді Рикеттс.

Питер мырзаның сөзінің жаны бар. Келер жылы Францияда өтетін президенттік сайлауда бас­ты үміткер – екеу. Қазіргі мемлекет басшысы Эммануэль Макрон және оңшыл «Ұлттық алаң» пар­тия­сының төрағасы Марин Ле Пен. Әрине, алдағы саяси бәсекеде олардан басқа да кандидаттар тір­келетіні айтпаса да түсінікті. Деген­мен, түрлі сауалдамаларға сүйен­сек, президенттікке негізгі та­лас Макрон мен Ле Пен арасында өтпек.

Бір қызығы, кейінгі бірнеше саяси бәсекеде президент екінші мер­зімге қайта сайланған емес. Мұн­дай «дәстүрді» бұзу үшін Макрон барын салатыны анық. Осындай шешуші сәтте Францияны одақтастарының «сатып кетуі» оның беделіне нұқсан келтіреді.

Мұны, әлбетте, Ле Пен пайдаланып қалатыны айтпаса да белгілі. Әзірге Марин ханым оқиғаға қа­тыс­ты пікір білдірген жоқ. Әйтсе де, по­пулистік мәлімдемелерге жиі жү­­гі­нетін ол мұндайда қарап жатпайтыны анық.

Жоғарыда айтылғанның бәрі келісімді бұзудың саяси жағы. Бұдан бөлек, мұның экономикалық әсері де бар. Франция мен Аустралия сүңгуір қайық жасау бойынша 2016 жылы уағдаласты. Содан бері Naval Group бұл іске бел шешіп кірісіп кетті. Басқа көптеген компаниямен келісімге келіп, құрастыру жұмысын бастауға әзір еді. Енді соның бәрі текке кетіп, мыңдаған адам жұмыссыз қалмақ.

Оқиғаға қатысты ресми Кан­бер­ра­ның да айтар уәжі бар. Аустралия тарапы сүңгуір қа­йық жасауға жа­уап­­ты Naval Group компаниясының жұмысына разы емес. Биылғы маусымда ел Сенатында осы мә­се­леге қатысты парла­менттік тың­дау өткен-ді. Депутаттардың сұ­рақтарына жауап берген Аустра­ли­яның қорғаныс министрі Грег Мориарти неліктен жоба ілге­рілемей тұрғанын түсіндірген. Оның айтуынша, кейінгі уақытта өзара түсініспеушілік болған. Соған байланысты ел үкіметі қосымша шаралар қарастырып жатқанын жеткізген.

Жыл басында француз компаниясы ұсынған жобаның келесі ке­зеңіне өту үшін Аустралия үкі­меті бірқатар талап қойған көрі­не­ді. Naval Group-қа берілген ме­же­лі мерзім осы айда аяқталды. Ресми Канберраның келісімнен бас тартқанына қарағанда, француздар қойылған талапты дер кезінде орындап үлгермеген сыңайлы.

Аустралияның айтқан уәжі бекер емес. 2016 жылы келісімге қол қойылғаннан кейін Naval Group компаниясының Үндістанға арнап құ­растырған сүңгуір қайықтарына қа­тысты құпия құжаттар желіге тарап кеткен еді. Канберра бұған алаң­дап, қауіпсіздікті күшейтуді сұ­раған.

Сондай-ақ келісімнің құны да бірнеше рет өзгеріп, оны орындау мерзімі кейінге шегерілген. Бұл – Аустралия үшін зиян. Өйткені елдің сүңгуір қайықтары ескіріп барады. Ал Тынық мұхит пен Үнді мұхитында Қытайдың заманауи сүңгуір қайықтары асыр салып жүр.

Кейінгі уақытта Бейжің мен Канберраның арасы суығанын ескерсек, жасыл құрлық үшін Үнді-Тынық мұхиты аймағында қайтадан күш алу маңызға ие. Бұған дейін екі ел талай мәрте саяси тұрғыда теке­тіресіп қалған. Мәселен, коронавирус пандемиясы шартарапты шарлап, жер-жаһанның аяғын бір етікке тыққанда Канберра билігі ең алғаш вирустың шығу тегі туралы сөз қозғаған.

Оның алдында, 2018 жылы Аустралия Huawei компаниясына ел­дегі 5G қызметімен айналысуға рұқ­сат берген жоқ. Ал 2016 жылы ұлт­тық қауіпсіздік мәселесіне бай­ла­нысты қытайлық екі ком­па­ния­ның электр энергиясын жеткізу жұмысын жүргізуге тыйым салды.

Ендеше, Аустралия тез арада аймақтағы беделін қайтарып алуды көздейтіні сөзсіз. Мұндайда жобаны кейінге соза беретін француз компаниясынан гөрі Қытайға қарсы АҚШ-ты таңдауы да стратегиялық тұрғыда маңызды. Қорыта айтқанда, алдағы уақытта Батысты саяси шиеленіс күтіп тұр.