Экология • 20 Қыркүйек, 2021

Аққу ұшып, қоқиқаз қонған Талдыкөл тағдыры қалай шешіледі?

465 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әлбетте, қала аумағындағы қарыс жер, әсіресе, орталық бөлігіне жақын аумақта алтыннан қымбат бағаланатыны белгілі. Талай компанияның көзқұртына айналған сондай аумақтың бірі – елордадағы Талдыкөл көлдер жүйесі. Ілкідегі жылдары қалдық суларды ағызған қаланың батыс бөлігіндегі Талдыкөлден ескен жағымсыз иістен зардап шеккен астаналық тұрғындар соңғы жылдары осы су қоймасымен жапсарлас Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаушылық білдіруде.

Аққу ұшып, қоқиқаз қонған  Талдыкөл тағдыры қалай шешіледі?

Әсіресе, биыл аталған көлдің табанына құрғату жұмыстарын жүргізген құрылыс компанияларының ауыр техникалары қоғамдық экология белсенділері тарапынан қатты қарсылыққа тап болды. Былтыр Кіші Талдыкөлді қорғау мақсатында құрылған SOS Taldykol немесе «Кіші Талдыкөлді сақтайық» қоғамдық қозғалысы өкілдерінің айтуынша, бұл табиғи сулы-батпақты көл – ең әуелі жануарлар мен құстар дүниесінің мекені. Ал табиғат әлемінің тіршілік ортасын қалпын бұзбай сақтау үлкен маңызға ие. Қала тұрғындары маңайына құрылыс түсе бастаған алғашқы жылдары Кіші Талдыкөлде ондатр мен құндыз да болғанын айтады. Қазір 130-дай құс түрі кездеседі. Балық та бар. Тіпті таби­­ғат-ананың өзі араша түскісі келген­­дей, қиқулаған көп құсты былай қой­ған­да, аққу­лардың жүзуі, жылы жаққа бет алған қоқиқаздардың аялдауы шаһар ішіндегі кішігірім көл­дің көркін арттыра түсті. Сұңқылдақ аққу, қызыл­жем­саулы құм­дауық сияқты сирек кез­де­сетін құс­тарды да осы айдыннан кез­дест­іресіз.

Екіншіден, бұл – қала ішін­дегі тамаша табиғат мүйісі ретін­де дема­лыс аумағын қалыптастыруға тап­тыр­мас орын. Мұнда бүгінге дейін әуес­қой ба­лықшылар, орнитологтер қауым­дас­тығы қалыптасып үлгерген. Яғни қаланың қым-қуыт тіршілігінен шаршағанда бір сәт табиғатпен тілдесуге, жас ұрпақ­ты та­­би­­ғат аясымен таныстыруға өте қо­лай­­лы. Үшіншіден, бір-біріне жақын ор­­на­­ласқан көлдер өзара суасты ағын­дары арқылы байланысып тұтас эко­жү­йе­ні құрағандықтан, бір су қоймасы­ның құр­ғатылуы екіншісінің де жойы­луына ықпал етпек. Яғни келешекте елордалықтар астананың ірі табиғи саябағын салуды көздеп отырған Үлкен Талдыкөлсіз де қалуы ықтимал. Төртіншіден, эколог Лаура Мәлікованың айтуынша, бұл сулы-батпақты көлдер – көміртектің көзі. Жыл­дан-жылға ауа температурасының жоға­рылап келе жат­қанын ескерсек, кли­маттың жедел өзгерісі кезеңінде бұл көлдердің қала­ны салқындататын табиғи орта екенін әсте ұмы­туға болмайды. Сол себепті мұн­дай көлдерді сақтап қана қоймай, жа­ғ­а­лауындағы жасыл желегін көбейте түсу­ге жұмыс істеу керек. Сонымен қа­тар Кіші Талдыкөлдің жа­ға­сында ескі қо­рым­дар да бар. Архео­лог­тер қазақ халқы бат­пақты жерге бейіт қой­ма­ған­дықтан бұл ара­дан ежелгі жерлеу орын­дары табылуы мүмкін екенін де айтып жүр. Яғни эколо­гиялық тұрғыдан ғана емес, тарихи маңызы да жоғары орын болуы әбден мүмкін.

Талдыкөл көлдері жүйесінің құр­ғатылуы жалғыз бұл емес. Қалалықтар осы уақытқа дейін Сығанақ (Е-10) көшесі бөліп тастаған «Мечта» сауда үйінің жанындағы шағын көлшіктің де табанына топырақ төселіп, құрылыс аумағына айналып кеткенін көріп жүр. Астананың бас жоспары бойынша бұл арада да су қоймасын сақтай отырып, маңайына кішігірім саябақ салу көзделген болатын. Бірақ «күштінің арты диірмен тартадының» кері ме, қала орталығына жақын аумақтан жер телімін алуды көздеген құрылыс компаниялары оны місе тұтпай, Кіші Талдыкөлдің аумағына ауыз салды. Міне, осы жосықсыз әрекетке ашынған табиғат жанашырлары түрлі акциялар өткізіп, қоршаған ортаға зиян келтірушілерден көлді табанды түрде қорғауда. Олардың әлеуметтік желідегі SOS Taldykol парақшаларына үн қосқан тұрғындар қатары да күннен-күнге артып келеді. Айталық, жуырда елордалық суретшілер, KADMII QYZYL шығармашылық тобының мүшелері Әлия Қаныбекова, Гүлмарал Тәттібаева, Наталья Лигай Artcom қауымдастығының қолдауымен Кіші Талдыкөл көлін қорғау мақсатында Şalqyma перформансын өткізді. Махаббат пен сұлулықтың сим­волы, қазақ халқы үшін киелі құс аққу кейпінде киінген суретшілер Кіші Талдыкөл көліне құм төсеуді дереу тоқ­татып, көлдің биоалуандылығы мен экожүйесін қорғауға шақырды. Олар ортақ шаңырақтың символындай ақ матадан ұя жасап, табиғи көлдер – халықтың бай­лығы мен игілігі екенін, ортақ үй мен бо­лашақты қорғау үшін бірігудің маңызды екенін еске салды. Тіпті суретші Әйгерім Оспан қобызымен аққудың сұңқылдаған үнін жеткізген күй тартып, шамандық дәс­түрге сай табиғатқа қол сұқпауға ша­қырды.

«Басқа елдерде мұндай орындарды жасауға көп қаржы бөлінеді. Өзіміз тұрып жатқан қаладағы экожүйені сақтай отырып, өзіміздің табиғатпен етене екенімізді ұмытпауымыз, қоршаған ортамен қоңсы отыруды үйренуіміз керек. Бұл дәстүрді келешек ұрпаққа да жеткізе білуіміз қажет» – дейді қоғамдық белсенділер.

Расында, табиғи саябақтар кез келген қалада тартымды ортаға айналады. Мәселен, миграциялық құстардың жүздеген түрі аз-кем аялдап ұшып кететін мұндай сулы-батпақты көлдер Қытайдың Харбин қаласында, Weili саябағында, Гонконгта бар, сондай-ақ АҚШ-тың Окала Уэтленд Речардж саябағы, Эвер­глейдс ұлттық саябағы, Лондон зерттеу орталығы, Польшаның Устье Варты ұлттық саябағы, Сингапурдың Хэмпстед, Ұлыбританияның Рейнхэм-Маршес қорығы, Латвияның Кемери ұлттық саябағында да табиғи ландшафт мейлінше сақталған. Адамдар жүретін соқпақтар мен жолдар қоршаған ортаға еш зиян келмейтіндей жасалып, отбасымен бірге сейілдейтін саялы мекендерге айналған осы парктердің үлгісін пайдалану арқылы Кіші Талдыкөлді де құрылыстың зиянды салдарынан қорғауға болады.

Жуырда қала аумағындағы көл­дің құрғатылуына қарсылық таныт­қан еріктілер мен белсенділер, қала тұр­­ғындары Кіші Талдыкөлдің ма­ңайын­да «Көлді аяла» атты сенбілік өткізіп, қоқыстан тазалады. Тұрғындар сенбілікті ешқандай тапсырмасыз, азаматтық ұстаныммен, таза табиғатқа тілектестікпен атқарғандарын айтады. Экобелсенділер осы шаралар аясында 12 мыңнан астам дауыс жинағандарын, азаматтардың қуаттап қол қойған ой-пікірлері жинақталған 1 583 беттен тұратын петиция-кітапты Президент Әкімшілігіне тапсырғандарын жеткізді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында олар өз ұсыныстарының Мемлекет басшысына жететініне сенім білдірді. Бұл қозғалыстан блогерлер де сырт қалмады. Белгілі блогер Әлішер Елікбаев өзінің парақшасында көлдің құрғатылуына қарсы екенін жеткізіп, қала билігін дұрыс шешім қабылдауға шақырды. Еліміздің халықаралық сулы-батпақты аумақтарды сақтау жөніндегі Рамсар конвенциясы және БҰҰ биоалуантүрлілікті сақтау бойынша міндеттемелерді ал­ғанына қарамастан Нұр-Сұлтан қа­ласы әкімдігінің көлдің кейбір бөлік­терін құрғату жөніндегі бастамасына на­ра­зылық танытқан белсенділерге Эко­логия, геология және табиғи ресурс­тар ми­­нистрлігі де қолдау білдіріп, құрылыс компанияларының қызметі заңсыз екенін растады.

Ал «тұйық судың түбі құрт» дегендей, қала әкімдігінің құрылыс ж­ұмыс­тарын тоқтатпауға байланыс­ты өз уәжі бар. Елорда билігі Кіші Тал­дыкөл суы­ның түбін тереңдету жұ­мыстары жүр­гізілмесе, бірер жылдың ішінде құр­ғап қалу мүмкін екенін айтады. Себебі көлде құрғау процесі жүріп жатқан кө­рінеді. Өткен аптада қала әкімінің орынбасары Н.Солтамбеков жетекшілік ететін экологиялық кеңесте аталған рекреациялық аумақты сақтау және құру мәселелері бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге тапсырма берілгені хабарланған болатын. Онда су аумағы кемінде 20 гектар болатыны айтылған. Осылайша, су түбін тереңдету жұмыстары лай және басқа да зиянды шөгінділерден тазартуға, орташа тереңдікті арттыруға, су балансын сақтауға және т.б. мүмкіндік береді. Айта кету керек, қазір сулы-бат­пақты нысандағы негізгі иондардың, ауыр ме­талдардың, биогендік заттардың құрамы нормадан бірнеше есе асады. Тиісінше, Кіші Талдыкөлді зиянды заттардан тазарту бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың денсаулығына оң әсер етеді. Тереңдігі 20 см-ден кем әрі қауіпті, батпақты Кіші Талдыкөл маңы қалпына келтіріліп, абаттандырылады. Онда әлеуметтік нысандар, яғни тұрғын үйлер, мектептер, медицина орталықтары салынады. Кіші Талдыкөлді қалпына келтіру жұмыстары акватория құра отырып, жағалау салуға мүмкіндік береді: болашақта екі жағалауды жалғайтын көпір салу, қала тұрғындары үшін су көлігін іске қосу, сондай-ақ флора мен фаунасы бар экоклиматты сақтау жос­парланып отыр. Кіші Талдыкөл сулы-батпақты нысаны ағын сулар жиналған орын болғанын, үлкен Талдыкөл суымен табиғи байланысы жоқ әрі жерүсті ағыны мен жерасты сулары арқылы өзара байланыспайтынын атап өткен жөн. Талдыкөлдің өзінің экологиялық инфрақұрылымы болады. Талдыкөл көлінің жанында қорық, орман-саябақ аймағы бар еліміздегі алғашқы табиғи парк ашылады. Ал екінші экопарк – Майбалық көлінің маңы (әуежай бағыты бойынша оңтүстік-шығыс жағы) тартымды орындардың бірі болмақ, делінген әкімдіктің түсіндірмесінде.

Сондай-ақ қала билігі «Технополис» ғылыми-өндірістік кәсіпорнының зерт­­теулеріне сәйкес мамандар Кіші Тал­ды­көлдің көл емес, батпақ екенін анық­тағанын айтады. Ал қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Н.Ұранхаев 1976 жылғы ғарыштық фототүсірілімдер де Талдыкөлдің ма­­ңайын­да ештеңе болмағанын дәлел­дейтінін жеткізді.

Бір қуанарлығы, аталған мәселе Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық экологиялық кеңесінде қаралып, бірқатар мәселенің түйінін тарқатуда қоғам белсенділері атқарушы органның уәдесін алды. Аталған жи­ынға Республикалық қоғамдық эко­логиялық кеңесінің төрағасы Е.Аба­қанов, Экология вице-министрі С.Қо­жаниязов, қала әкімінің орынбасары Н.Нұркенов қатысты. Қала әкімінің орын­басары жағдайдың анықталғанынша көлге топырақ төгу жұмыстарының тоқтатылатынын жеткізді. Қала әкімдігі ресми сұрау салу арқылы жарты ай ішінде барлық сұратылған құжаттарды ұсынатынына уәде берді. Экология ми­нистрлігі Кіші Талдыкөлді сақтау бойын­ша топтың ұстанымдарын қолдайды. Қатысушылар бұрынғы «Биосфера» ЖШС-і жасаған жобаның ескіргеніне, жаңадан кешенді зерттеу жүргізу қа­жеттігіне көз жеткізді. Экология ми­нистрлігіне Кіші Талдыкөлді су ресурс­тары реестріне қосу және Талдыкөл көлдер жүйесіне республикалық дәре­жедегі сулы-батпақты жерлер мәртебесін беру мәселелерін қарастыру ұсынылды. Елорда әкімдігі Бас жоспарға түзетулер енгізіліп тұратынын, осы жұмыстар аясында Талдыкөлді сақтай отырып балама нұсқалар ұсынылғанын ескеру керегін жеткізді. Кеңес шешімінің хаттамасы экобелсенділермен келісілді. Талдыкөл көлдеріндегі құрылысқа қа­тысты әкімдіктің жаңартылған жұмыс топтарына бастамашыл топ сарапшылары міндетті түрде енбек. Аталған мәселе партияның өңірлік қоғамдық экологиялық кеңесінің алаңында тұрақты бақылауда болады.

Түйін: Қазақта «Көлдің құты кетсе, көкқұтан бір жыл бұрын кетеді» деген тәмсіл бар. Ал Кіші Талдыкөлге керісінше аққулар, сырдиған сұлу қоқиқаздар қонып жатыр. Бәлкім, алдағы жылдары Кіші Талдыкөл елорданың ең бір көркем табиғи мүйісіне айналар...