Руханият • 20 Қыркүйек, 2021

Паспорт

468 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Әліппеден білдік пе, әлде әке-шеше не мұғалім жаттатқан ал­ғашқы өлең сол ма, біздің тұңғыш танығанымыз Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге-сі» еді. Айтылуы да, жатталуы да тез, біреу өлең сұра­са тақылдатып оқып беретінбіз. Ке­йіннен бұған Абайдың қаншама өлеңі қосылды. Ең мықты өлеңдері осы екен деп, шіреніп оқушы едік. Анығында Абайдың әр өлеңі өзінің төлқұжатындай құмбыл дүние екен­дігіне әлі күнге ой талдырып ке­леміз. Жақсы араласатын бір ағам­ның айтқаны бар.

Паспорт

Домбырада бір әнді о-ой, нақышына келтіріп тарта-тарта «дүниеге жалғыз-ақ осы ән үшін келіп, кетіп қалуға болады» деп аяқтайтын әңгімесінің соңын. Сол сияқты әрбір автордың ел айтып жүретін, ғұмырға татитын бір туындысы болады. Әсіресе ақындардың. Төлқұжатына айналып кеткен өлеңдері. Ақынның паспорты және ондай биікке екі ақынның бірі көтеріле алмасы тағы аян.

Жоғарыда хакімнің әр өлеңі паспорт дедік. Мағжанға да қарата айтуға бола­тын сияқты осы сөзді. Оқырманды әлди­леп отырып рухтандыратын ақын! «Мен ­жас­тарға сенемін», «Толқын», «Мен кім?», «Пайғамбар», «Түркістан», «Ұзын Орал», «Сүй жансәулем», тағы басқа болып кете береді. Осылардың арасынан әрқайсысын жеке паспорт деп қарастыра беруге болады. Бұлардың артында себебі Мағжан бабамыздың өзі ғана емес, ұлттың ойы мен сана-сезімі, таным-түсінігі, жаны тұр. Демек Мағжанның өзі ұлттың паспортына айналып кеткен деуге қақылымыз. Ақын деген ұлттың жаны демей көр осыдан кейін.

Ақселеу Сейдімбектің жарияға шық­қан күнделіктерінен көзім шалған ертеректе. Егемен елден гөрі, отар ұлттың азат­тыққа деген талпынысы, рухы жо­ғарырақ болады деген ойды. Кейін Әзер­байжан астанасында «Бакудан – Тү­ркі дүниесіне» атты поэзия фестивалінен Якут елінің ақындарын көріп таңғалғанмын. Якутиядан келген бауырлас қос ақын да кеудесін жоғары ұстап жүрді. Өр! Қазақ ақындарымен тіл табысып, жақсы-ақ сөйлесті. Сонда Ахаңның жоғарыдағы сөзі есіме түскен. ХХ ғасыр басында репрессияға ұшырап, ұлттың маңдайына сыймай кеткен Мағжан, Сәкен, Ілияс­тың мына өлеңі паспорт деп бөле-жара алмайсыз. Бірі Түркістан болса, бірі Көкше­тау, бірі Жетісу болып шыға келеді алдың­нан. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шы­ғып Күн болам. Қараңғылықтың ке­гіне, Күн болмағанда кім болам?!» деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өзі бір шың. Небәрі 27 жыл өмір сүрген ақын «Алаш туы астында, Күн сөнгенше – сөнбейміз» деп Алаш гимнін жазып кетті. Сөйтсе де ақынның жоғарыдағы «Шәкірт ойы» атты өлеңі паспортына айналып қалғанға ұқсайды.

Сұлтанмахмұт десе есіме Қасым тү­седі. Екеуін көп нәрсе байланыс­ты­рады. Сұлтанмахмұт: «Мен қазақ, қазақ­пын деп мақтанамын, ұранға Алаш де­ген атты аламын. Сүйгенім қазақ өмі­рі, өзім қазақ, Мен неге қазақтықтан сақ­танамын?» депті. Осы рухты соғыстан кейін жаңғыртқан жалғыз ақын – Қасым. Және ақынның ол өлеңі өзінің паспортына айналды. «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, Мен – қазақтың баласы» деді «Дүниеге жар» өлеңінде. Ақынның бұдан да қуатты, бұ­дан да күшті өлеңдері бар, бірақ Қасым де­генде, дәл сол тұста атау­сыз қалып бара жатқан қазақ атынан дүниеге жар сал­ған осы өлеңі түседі еске. Осылай бір атой­лап алғанда екінші шеттен: «Өкінбен мен де бір күн өлемін деп, Өкінем ұқсата ал­май келемін деп. Күніне жүз ойланып мың тол­ғанам, өзіммен бірге өлмесін өле­ңім деп» шыға келеді. Жоғарыдағы алып­тардай Қасым деген сөздің өзі паспорт қазаққа.

Қазақ поэзиясына Қасымнан кейін, тіпті қапталдас келген паспорттың бірі Сырбай Мәуленов еді. Оны көп ел атай бермейтіні таңғалдырады, бірақ. «Сен мені ойладың ба? Түсімде көрдім. То­был­дың қойнауында, Тобылғы ішінде көр­дім» деп жазды соғыс көріп келген Сырбай. «Құлын» деген ғажап жыры бар ақынның. Десек те автордың ел аузында жүрген паспорты – «Соғыстан қайтқан солдаттар» болса керек. «Қанша үйдің ұрлап адамын, қанша үйде сөніп қалды оттар? Көрдің бе ұлын ананың, соғыстан қайтқан солдаттар?!».

9 мамыр сайын бір оқылмай, бір шыр­қалмай қалмайды бұл туынды. Елдің жадына көшіп алған кесек туынды ақынның емес, халықтың қазынасына айналып кеткелі қашан?!

Мұқағали мен Жұмекен десе мың сан өлең өріп алып жөнеледі. Жер мен көктің бәрі жыр. Шетінен ұста да, ен салып иелене бер. Бәрі сенің жаныңмен үндес, жүрегіңе жақын ойлар. Мұқаңның әр сөзіне ән жазылып жатыр. Жұмекеннің сөзі бүгін ғана емес, сол жазылған кез­дің өзінде әнұранға айналып үлгерген. Халық жүрегін ұстап тұрып айтқан соң, мемлекеттің паспорты демеуге қақымыз жоқ. Мұқағалидың «Пай-пай өмір, өтесің-ау бір күні, қиясың-ау қуанышты, күлкіні. Өмір деген бір жарқ еткен найзағай, өмір деген көк аспанның күркірі» немесе Жұмекеннің «жабырқап ой ерте, дөң ерте, ұзын бел баурынан жарады. Сайлардан қаптаған көлеңке, тауларды қусырып ба­рады» өлеңі паспорт деп жеке-дара бі­реуін атай алмайсыз. Себебі бұлардың кез келген өлеңі паспорт! «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза Әліні осы қатар­дан дер едік. Ал Төлеген Айбергеновтікі «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» жы­ры. «Бәйгі берем жығылған балуанға да, адалдығы көрініп тұрар болса» дейді ақын. Мұндай жыр сирек қазақ поэзия­сында. Тегінде қазақ асабалары мен жел сөзге құмарлары қарыз болса, осы Тө­леген ағамызға қарыз шығар. Бұл өлеңсіз той өтпейтін ауылда. Қазір білетін асаба бар ма, білмеймін. Бірақ өлең ха­лықтың жүрегінде. Ақын халықтың өкілі екендігі осындайда байқалады. Оның жырын төлқұжатына айналдыратын да, сол шығарманы сақтайтын да халықтың өзі. Ақынның паспорты халықтың жүрегінде жүреді үнемі.

«Бір өлеңі бір елдің мұрасындай, Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай» деген де Мұқағали. Сөйте жүре өзі осы үдеден шығып кеткенін білді ме екен?! Сол сияқты шайырдың төңкеріліп түс­кен бір өлеңіне дала сыйып кетеді. Аку­тагаваның «өмір Бодлердің бір тармағы­на тұрмайды...» деуі сондықтан шығар бәл­кім. Әйтпесе, жыр қағаны Жұматай Жа­қыпбаев «бір күлермін ғарыш жақ­қа кетерде» демес еді ғой. Ақынның Ләйлә туралы ғазалдарының қай-қайсысы ­бол­сын қазақ поэзиясының төлқұжатын­дай әсер қалдырады. Өлеңге алғаш келген жастың көбі Ләйләні жатқа оқи­ды. «Тарыдай меңде кетті ме, таба алмай қойған бақытым» деп меңіне дейін жырмен кестелейді.

Ұлықбек Есдәулет ағаның паспорты «түсіме енеді, жылқының кісі­не­ге­ні» деп басталатын «Кентавр Хи­рон» өлеңі деп білуші едік. Қазақы ауыл­дан қалаға барғандар жабылып со­ны оқи­тынбыз. «Қала тарылды!. Аң­сай­мын Қара­талымды, қамшының табы, жыл­қы­ның тер иісі сіңген (балконда отырып) иіскеймін алақанымды» деп. Мұнымен қоса «Бұрышқа тұр», «Анти­жарнама­сын» қайда қоясыз?! Айналып келгенде нақтысы «Бұрышқа тұр» болып шықты. «Әр бөлмеде – төрт бұрыш, орайы кеп, тұрып шыққан тентек бұл талай рет. Ол ойлайды: «бұрышқа тұрмас ем-ау, тусам егер үй-күйсіз жабайы боп...».

«Ана өлеңі, жоқ, мына өлеңі үстем» деген тура осындай талас Серік Ақсұң­қарұлына келгенде де туады. Ақынның паспорты Шерхан Мұртаза жоғары ба­ғалап, қалың ақын арасынан қалап алып шығып оқытатын «Қасқырдың монологы» екені анық. Алайда бұл туындысымен «Арғымақтар» шығармасы қаптал тұрмай ма?! Түптеп келгенде «Жек көрем итті! Алысып жүрем, шабысып жүрем, қағынып... Сайын даланың тағысымын – мен, не деген ғажап – тағылық!» деп «Қас­қырдың монологын» оқып кетеміз. «Бұрышқа тұр» өлеңі екеуі тереңнен ­байланысатынын осы жерде айтпай кетуге болмайды.

Елдің көбі Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдағын» атайды. Біз «Тасырқағанда тас жауған, Тау болды ұйықтар айлағым. Қасқырдан анау – қас жаудан, тартып ап апан жайладым» деп басталар «Еркегін» атар едік.

Жүрсін Ерман мен Ғалым Жайлы­байдың «Түнгі таксиі» мен «Күршімнің қызы» жырларын қатар атауға тура келеді. Екі өлеңнің тақырыбы бір, табиғаты екі бөлек болғанымен, оқиғасы да жымдаса кетеді. Жол үстіндегі жалт еткен сәттердің үлкен туындыға айналғаны қашанда менмұндалап тұрады. Бұлай қаншама ақындар жазды кейінде. Паспорт болып қалған осы екі жыр ғана.

Ақынның соңындағы аңызы өзінен бұрын жүреді. Әуелі жырынан бұрын аты мен аңызы жетуі мүмкін. Өлеңін кейін оқып не естіп аласың. Сөйте-сөйте жырларына құнығасың. Сөйте-сөйте мо­йындайсың. «Қыранның ары көзінде өткір, күнге де қарар қасқайып. Қарғаның ары өзімен кеткір, өзімен өзін тастайық» деген «Ар» өлеңі той-домалақтарда көп оқылғанымен, жұрттың бәрі Маралтай Райымбекұлының «Әдиләсін» айтады. «Уа, Әдилә! Мынау қалың қорымға, бір басыма қос Ай қадап кіріп ем, Сірі деммен серт тайысқан күні мен...».

Ақынның паспорты дегеннен шы­ға­ды. Кітабы шықпай тұрып, бір-ақ өлеңі үшін Жазушылар одағына қабылданып кеткен ақындар бар. 2001 жылы жас ақын-жазушылардың кеңесі өтеді. Сонда баяндама жасаған Марфуға Айтхожи­на қарағандылық Руслан Нұрбайдың «Әріп пен ұғым» өлеңіне жеке тоқта­лып, мінбеден оқиды. «Мынадай өлең­нің авторын қабылдамаса одақтың өз атына сын» десе керек. Жас ақынның тыр­нақалды туындыларының бірі – осы өлең, жеке жинағы да шықпаған онда. «Ақ пен қара – жолдарымның жолағы, жолағы да уақыт­тың қонағы. Дос деген сол үш-ақ әріп кей кезде, туыс деген төрт әріптен жоғары» деп кете береді.

Біздікі қисын ғана. Әркім өзінше ойлап, өзінше ой қорытады. Дегенмен ақын атын шығарған, елге танытқан, халықтың жүрегінде жүрген туындының қай-қайсысы болсын автордың паспорты. Солай бол­ған, солай болып қала да бермек.