Әдебиет • 20 Қыркүйек, 2021

Чилидің Шолпан жұлдызы

664 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Оның есімі Нобель сыйлығын иеленген тұңғыш латын­америка­лық ақын ретінде тарих бетіне жазылып қалды. Сонау 1945 жылы оның таланты мен әдебиетке сіңірген еңбегі оны сыйлықтың төріне шығарды. Алты жыл өткен соң, Чили үкіметі оған әдебиет саласы бойынша берілетін Мемлекеттік сыйлығын ұсынды. Әдебиетке деген жанкештілігі мен адалдығы турасында оның қаламдастары көптеген естелік айтып, Габриела Мистральдың даңқын аспандатты.

Чилидің Шолпан жұлдызы

Тіпті сол дәуірдің мықты әде­биеттанушысы, америкалық жазушы Урсула Ле Гвин: «Ол өлеңнен ғана биік емес еді, бы­лайша айтқанда, ол өзін өзі тәр­биелеген, сол арқылы оқырман­ға, кейінгі буынға да өзгеше әсер етті, Мистраль өзі сүйген әдебиет саласына күн-түн демей қызмет істеді, шынайы ақын бола білді», деп ағынан жарылады.

Болашақ ақын діндар әженің қолында тәрбиеленді, сол үшін оның шығармашылығына Інжіл қатты әсер етті. Бала кезінде Мис­тральдың әжесі оның кие­лі кі­тап­тан үзінділерді, атап айт­қан­да, Дәуіттің Забурын оқып тү­сінуге және толық жаттап алуы­на көмектесті. Ақырында, ол үзін­ділерді көкейіне тоқып, жұрт ал­дында жатқа айтатын болды. Кейі­нірек Мистраль өзінің «Мис Либ­рос» атты өлеңінде Інжілдің өлең жазуына айрықша әсер ет­кен кітаптардың бірі екенін айтады.

Мистральдың өлеңдері қо­ғам­дағы осал топтарға жана­шырлық танытқысы келіп тұрады, себебі оның өзі балалық шағын, жастық ғұмырын кедейшілікте өткізген болатын. Оның поэзиясының екінші қанаты – бостандықты, демократияны талап ету болды. Тек Латын Америкасында ғана емес, бүкіл әлемде әлеуметтік, саяси және идеологиялық қақтығыс­тар кезінде бейбітшілікке ша­қыратын жырлар жазды. Бұл – сол тұстағы қоғам үшін ерлік­пен пара-пар істің бірі. Ол балалармен, әйелдермен, жергілікті америкалықтармен, еврейлермен, жұмысшылар­мен, кедейлер­мен қатар қоғам тарапынан қаты­­­гез­дікке ұшырағандардың жа­ғы­­­на шықты, сөзін сөйледі. Поэ­зия­­­ның қарулы күш екенін, оның қуат­тылығын айналасына се­зіндір­­ді, әрбір әрекеті поэзия­мен үнде­­­сіп жатты. Сол кез­дегі Мистраль­­­­дың басты ала­ңы – Латын Америка­­сы мен оның мә­дениетінің бұ­­лың­ғыр болашағы, әсіресе жергі­лікті топтардың тағ­дыры туралы болды.

Мистраль шығармашылығы алты поэзиялық жинақтан және бірнеше томдық проза мен хаттардан тұрады. Оның алғашқы кітабы Desolación деп аталады, бұл еңбек 1922 жылы Нью-Йорктегі Колумбия университетінің испан тілі профессоры Федерико де Онистің демеушілігімен жарық көрді. Өршіл ақынның жаңа кі­табы оқырмандардың назарын бірден аударды. Ол тұстағы жыр­сүйер қауым мен іздеп оқи­тын оқыр­манның ықыласы Мистраль­ға да ауды.

Нобель сияқты үлкен сый­лық­тан Латын Америкасының қоржыны тоқ. Айталық Габ­риела Мистраль (1945), Мигел Астурияс (1967 ), Пабло Неруда (1971), Габрэл Гарсия Маркес (1982), Октавио Паз (1990), Марио Варгас Лоса (2010) болып кете береді. Бірақ осылардың ішінен өзгеше сарынды поэзия­сымен көзге түсіп, атағы тұтас әлемді шарлап кеткен Габриела Мистраль тек ақын ғана емес, дип­ломат, ағартушы және гума­нист еді. Оның «Өлім туралы сонеттер», «Чили жырлары» ат­ты жыр кітаптары ағылшынтілді оқыр­манға кең таралған.

«Түн қаңырап қалды,

Таулардан теңізге дейін...

Сарсаң боп сені іздеп едім,

Мен жалғыз емеспін.

 

Аспан иесіз қалды,

Тұншықты ай теңізге құлап.

Есіл-дертім өзіңде бірақ,

Мен жалғыз емеспін.

 

Дүние бос қалды,

Қып-қызыл өрттей

қайғыны көрдің.

Құшағыма ен

тағдырым менің

Мен жалғыз емеспін».

Ақын «Мен жалғыз емес­­пін» деуі арқылы өзінің ішкі жал­ғыздығына өлеңді серік ете­ді. Мистральдың дәуірі жал­ғыз­дық­тың дәуірі болса керек.

Оның екінші өлеңдер жи­нағы «Нәзіктік» деген атпен 1924 жылы Испаниядағы Calleja Press баспасында жарық көре­ді. Аталған кітап 1945 жылы оқырманмен қайта жүздесті. Бұл жинақ ақынның атын алысқа жеткізді, оның үстіне кітаптың сатылымы да ойдағыдай болды. Мистральдың үшінші кітабы Felling Испан даласында болған азаматтық соғыс кезінде жетім қалған Баск балаларына арналған еді. Оның поэзиясындағы қоз­ғаушы күштер, әрине ұлы та­би­ғат, дәлірек айтқанда, жара­тылыс екені даусыз. Себебі Габ­риела барлық жаратылысқа, адамға, тіпті жануарларға да аяу­шылықпен қарап, өлеңі арқылы соларға сыр айтты. Оның «Билей алмайтындар» деген өлеңі былай басталады:

«Зағип бала

«мен қалай билеймін», деді,

«Жүрегің билесін» дедік.

Мылқау жан

«мен қалай әндетем» , деді,

«Жүрегің әндетсін» дедік.

Шоғайна «мен қалай

тербелем», деді,

«Жүрегің желге жолықсын»

дедік.

Жырдағы ақынның ақ адал сезімі, кіршіксіздігі өзіне қа­рай шақырып тұрғандай. Ол бір сөзінде «Ақын дегеніміз түйін­дерді шешуші» дейді. Шынында, оның заманы үшін ақынның сөзі асқақ, мінезі өр болған, қазір де солай. Балаларға көбірек жыр арнаған ақынның бірі де осы Габ­риела Мистраль.

«Бекерге әнді бұздың,

Ол мұңды молайтады.

Миллион бала күн астында,

Қосылып хор айтады.

 

Қайғыға душар еттің,

Бекерге өлең бұзып.

Балалар әндетеді,

Құдайдан төмен тұрып».

Ол – өзінің жерлесі атақты ­Паб­ло Нерудамен қатар биік дең­гей­ге көтерілген мәңгілік жыр­дың, ойдың иесі. Оның есімі бұл күнде бүкіл Латын Америкасы әлемінің идеалистік ұмтылыстарындағы символ іспетті.