Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2021

Жәрмеңке желтоқсанға дейін жалғасады

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордада жылдағы дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы өнімдері жәр­меңкелері басталды. Аудандар арасынан күзгі молшылық керуенін ал­ғаш бастап келген Шиелі ауданы диқандары Астана даңғылы бойында, ал қала маңындағы шаруашылықтар Тағзым алаңында жәрмеңке ұйым­дастырды.

Жәрмеңке желтоқсанға дейін жалғасады

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқа­лы­қова жәрмеңкені аралап, жұрт­шылықпен тілдесті. Жауап­ты­лар­ға жергілікті өнім­дердің сапасы мен бағасын қада­ғалап, сатушы мен алушыға тиім­ді саудалануын қада­ғалауды тапсырды. Халықты арзан өніммен қамту мақ­са­тында ұйымдастырылған сауда сөре­лерінен тұрғындар балық, құрт, ірім­шік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерді арзан бағада сатып алды.

Шиеліліктер облыс орталығына 47 көлікке тиелген 36 тонна ақ күріш, 63 тонна көкөніс, 73 тонна бақша өнімдерін, 61 тонна картоп жеткізіпті. Олар базар бағасынан 10-15 пайыз арзан сатылды.

Облыс әкімі Тағзым алаңында Қызылорда қаласындағы шаруа қожа­лық­тарының жәрмеңкесіне де қатысты. Мұнда қалаға қарасты кент пен ауыл­дық округтер, ауыл ша­ра­шы­лығы құры­лым­дары, кәсіп­кер­лер мен «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ әкелген 16,5 тонна картоп, 9,6 тонна сәбіз, 7,5 тонна жуа, 20 тонна күріш, 4,3 тонна сиыр еті, 1,1 тон­на жылқы еті саудаланды.

Қыркүйектен басталған осы жәр­мең­ке желтоқсанға дейін жалғасып, облыс орталығына әр апта сайын аудандардан ауыл шаруашылығы өнімдері керуені жеткізіледі.

 

Қызылорда