– Соңғы екі-үш жылда Ойылдағы тіршілік нәрінің ағыны тоқтап, өзен арнасы кеуіп қалды. Бұл төрт түлік өсірген тұрғындарды түйіні оңайлықпен тарқатыла қоймайтын тығырыққа тіреді. Мұның бастауы кеңес дәуірінен тамыр тартады. Сол кезде кеңшарлар құрылып, өзенге бөгеттер көп салынған. Тіпті өткен ғасырдың 60-жылдарында өзеннің ұзындығы 100 шақырымға қысқарды, – дейді осы мәселені зерттеп жүрген Қызылқоға ауданының тұрғыны Есенбай Нұров.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегеновтің пікіріне сүйенсек, Мұғалжар тауынан бастау алатын Ойыл, Сағыз, Жем секілді өзендердің жай-күйіне ешқандай зерттеу жүргізілмей келген. Өзен арнасының қамыс пен өсімдіктерден, өзге де қоқыстардан тазартылмауы ағынға әсер етіп отыр. Өзен бойын жағалай орын тепкен шаруашылықтар арнасын бұзып, тіпті бөгет жасап алған. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуына қарағанда, Ойыл өзенінің Ақтөбе облысындағы аумағында иесі белгісіз 34 гидроқондырғы мен бес көпір бары анықталыпты.
– Өзен бойындағы иесіз нысандардың бәрін бұзып тастау керек. Жергілікті әкімдік 10 гидроқондырғыны коммуналдық меншікке алуды жоспарлаған. Осы кезге дейін үшеуі жойылса, үшеуін енді бұзу көзделіп отыр. Тағы 18 гидроқондырғының арнасын аршып, қаулап өскен қалың шөптен тазарту жұмыстарын жүргізу керек, – дейді Д.Тұрғанов.
Бұл мәселе салалық министрлік өкілдерін де алаңдата бастады. Сол себептен, биылғы 13-18 мамырда арнайы құрылған комиссия мүшелері өзен бойындағы бөгеттердің жай-күйіне тексеру жүргізді. Комиссия құрамына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, Ойыл өзенінің жанашырлары, Ақтөбе облысы мен аудандық әкімдіктер өкілдері кірді. Тексеру нәтижесінде Ойыл өзенінің Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандарының аумағындағы жоғарғы ағысында және бассейнінде 57 гидротехникалық құрылыстың бары анықталды. Оның ішінде 8 нысан республикалық, үшеуі коммуналдық меншікте екені белгілі болды. Ал 34 иесіз бөгет, 5 көпір немесе көтерме жол салыныпты. Жеті бұлаққа толыққанды тазарту жүргізу қажет. Кеңес Одағы кезінде салынған бөгеттердің тозығы жетіп, өзенге судың еркін өтуіне кедергі келтіріп отыр.
Өткен аптада Атырау облысына Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Серік Қожаниязов, министрдң кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасов арнайы келді. Олар Қызылқоға ауданында атыраулық және ақтөбелік белсенділермен кездесті. Аудан тұрғындары Ойыл өзенінің төменгі ағысында су көлемінің азайғанына алаңдаушылығын білдірді. Мұның басты себебі – Ойыл өзенінің салаларында бірқатар бөгеттің орналасуы.
– Ойыл өзені Ақтөбе облысының Темір ауданы, Еңбек ауылы маңындағы бұлақтан бастау алып, Атырау облысындағы Ақтөбе көлі тұсында тартылып қалған. Өзеннің арнасына су келтірудің бір ғана жолы бар. Бұл – бөгеттерді бұзып, судың еркін ағуына мүмкіндік жасау, – деп есептейді Есенбай Нұров.
Жергілікті белсенді көтерген мәселеге министрдің орынбасары Серік Қожаниязов қолдау білдірді. Оның пікірінше, заңсыз салынған бөгеттерді бұзу мәселесі қарастырылады.
– Тұрғындарды алаңдатып отырған мәселенің өзектілігінде дау жоқ. Сол себептен бұл мәселе Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдігімен бірлесе талқыланатын болады. Нақтылай айтқанда, өзен бойына заңсыз салынған бөгеттерді бұзу басталады, – дейді Серік Қожаниязов.
Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетовтің мәліметінше, аталған мәселенің түйінін тарқату үшін жоспар жасақталыпты. Соның қатарында Жайық-Каспий бассейндік инспекция тарапынан Ойыл мен Жем өзендерінің гидрологиялық жағдайына байланысты туындаған мәселелерді шешуге арналған іс-шара да бар.
– Иесіз су шаруашылығы құрылыстары табылса, көзделген мақсатта іс-шара рәсімдерін жүргізу жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатады. Осыған орай, Ақтөбе облысының әкімдігіне бұлақтарды тазарту, кедергі келтіретін бөгеттерді транзиттік режімге қою, өзен арнасын толықтай жауып тұрған бөгеттерді бұздыру бойынша ұсыныс жасалды. Сондай-ақ Атырау облысының әкімдігіне Ойыл өзенінің төменгі ағысын сумен қамтамасыз ету үшін ұсыныс берілді, – дейді Досбол Бекмағамбетов.
Атырау облысы