Қаулыға сәйкес, Нұр-Сұлтанда 2021-2022 жылдардағы жылу беру маусымы 23 қыркүйектен басталады.
Еске сала кетейік, елордада кейбір әлеуметтік нысандар өтініштер негізінде жылу беру жүйесіне қосылған болатын. Оның ішінде медициналық мекемелер, білім беру нысандары, балабақшалар және т.б. әлеуметтік нысандардың дайындығы 100% құрайды.
Сондай-ақ елді мекендерді газдандыру, жылу электр орталықтарын жаңғырту, ЖЭО су жылыту қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Жеке сектор тұрғындары үшін қаланың барлық ауданында көмір сататын компаниялар белгіленді.
«Қатты отынды сатып алу кезінде дүрлігуге және алыпсатарлыққа жол бермес үшін қоймаларда жеткілікті қор көлемі бар», деп жазады қала әкімдігінің ресми сайты.
Биыл «Көктал-1», «Көктал-2», «Теміржолшылар», «Агроқалашық» елді мекендерінің тұрғындары газға қосылды. Қараша айына дейін Оңтүстік-Шығыс, Промышленный, Агроқалашық (қосылмаған бөлік) елді мекендерінің тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алады. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл елді мекендерді жыл соңына дейін газбен қамтамасыз ету жоспарланған.