Президент • 22 Қыркүйек, 2021

Ел дамуының іргелі үрдістері

533 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауы қоғамдағы басым бағыттар мен өзекті мәселелерді кең көлемде қамтығаны анық. Атап айтқанда, ұлт мұратының айбыны мен айдыны, қадірі мен қасиеті, тарихы мен тағылымы зор тәуелсіздік құндылығы бар қырынан айрықша мәнге ие болады. Ата тарихтағы даңқты бабаларымыздың арман-аңсарының бедерлі белгісі, «Мәңгілік ел» құру жолындағы жанкешті һәм жауапкершілік жүгі мол күрделі де қастерлі жолдың алтын арқауы – Тәуелсіздік тұғыры, мәні мен маңызы кеше мен бүгін байланысы аясында кең түрде көрсетілді.

Ел дамуының іргелі үрдістері

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – құрмет пен тағзымға лайықты мерейлі мереке екені де қалың көптің көңіліне жылы ұялайды. Қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық негізі елдегі бейбіт өмірмен тамырлас екені мемлекет ұстанымымен, сарабдал сая­сат бағдарымен, жүйелі реформалар тамыр-тынысымен берік байланыстырылады. Еліміздің даму жолы, табыс көзі, қоғамның қозғаушы күші елдік пен бірлікке негізделгені халықтың тұрмыс сапасы, жастардың болашаққа сенімі аясында кең өріс алады. Нәтижесінде: халық бірлігі мен жүйелі реформалар ел дамуы мен өркендеуінің берік негізі екені анық аңғарылады. Осы орайда еліміздегі әлеуметтік-эко­номикалық һәм қоғамдық-саяси жүйенің бағыт-бағдары – «Пан­демиядан кейінгі кезең­дегі экономикалық даму», «Ден­саулық сақтау жүйесінің тиім­ділігін арттыру», «Сапалы білім беру», «Өңірлік саясатты жетілдіру», «Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптас­тыру», «Саяси жаңғыру және адам құ­қы­ғын қорғау», «Ұлттың ұйы­суы – одан әрі дамудың бас­ты фак­торы» сынды терең тақы­рып­тар төңірегінде кең өріс алып, өзекті де өткір жайттардың не­гізін құраған бес бастамаға ба­сым­дық беріледі. Аталған тарау­ларда өзара байланыс, даму үрдістерінде сабақтас­тық һәм бас­тамалар жүйесінен байыптылық бары байқалады. Ел дамуының іргелі үрдістері көрсетіледі.

Алғашқы бөліктен жер-жаһан­ға жайылған қауіпті індет – ко­ронавирустың зардабы мен зия­ны, оны жою мен сақтанудың жол­дары көрсетіледі. Екпе алу – әлем­дік ұстаным әрі ұжымдық им­мунитет қалыптастырудың бір­ден-бір жолы екені анық ай­ты­лады. Қоғамдағы қилы көз­қарасқа, алуан бағыттағы алып-қашпа сөздер легіне де ден қо­йылады. Адам өмірі мен ден­сау­лығы қоғам байлығы, даму үрдістерінің қозғаушы күші, басты фактор ретінде сенім­ді сөз етіледі. Сондай-ақ Ұлт жос­пары мен жобалар жүйесі, Стратегиялық инвестициялық келісім мәні айқындалады. «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы» сынды бағдарламалар маңызы мен зейнетақы жүйесіндегі айқын бағыт пен тиімді тұстарға мән беріледі. Бұдан байқалатыны, қоғам дамуы, ұлттық мұрат пен елдік мүдде алға шығарылады. Адам капиталы, еңбек нарығы, тұрмыс сапасы басымдықтарға ие болады. Ұлт мұратының алтын тамыры, ел дамуы мен өр­кен­деуінің негізі – халық бірлігі мен тыныштығына келіп саяды. Елдік пен бірлік қоғам дамуының қозғаушы һәм негізі екеніне мән беріледі.

Бұған қоса Ұлт жоспары ая­сындағы жұмыстарды жүйе­лі жүргізу, ел бюджетінің шығыс бөлігіндегі міндеттерді мер­зімінде орындап, кірісін арт­тыру ісі, Ұлттық қордың актив­терін қалпына келтіру, жер қой­науын кешенді зерттеу, инфляция проб­лемасын шешу, ауыл шаруа­шы­лығының әлеуетін көтеріп, өнім өндіруші мен тұтынушыға қатысты түйткілді түйіндерді тарқату, жайылымды жерге қа­тысты ықпалды адамдар төңі­регіндегі ахуалды реттеу, вете­­ринария жүйесін реформалау, аграр­лық саясаттағы сабақ­тас­тықты сақтау, цифрлы технологияны дамыту ел дамуының өзекті арнасын құрап, байыпты бағдарлар негізінде сөз етіледі. Бұл тұста, сөз жоқ, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» бас­ты ұстанымы негізгі назарға алын­ғанын айтқан жөн.

Жауапкершілік жүгі баршаға ортақ екенін еске алсақ, бір ғана жайылымдық жер төңірегіндегі келеңсіздік пен қисынсыздық көңілге көлеңке түсіреді. Қалың көпшілік көріп-біліп жүр. Ақ­парат айдынында желдей есіп тұрғанын да әркім-ақ біледі. Жер мемлекет меншігі екенін де жоққа шығаруға болмайды. Үкімет құзырының екпіні мен пәрмені осы тұстан көрінері хақ. Бюрократизмге бел алдырмай, тиімді шешу – жұрт тілеуі. Жолдаудағы жолдарды қайыра еске алсақ: «Жайылымдық жер­ді тиімді пайдалану да өте ма­ңызды. Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті оны адам аяғы бас­пайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтау­ратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр», деп анық айтылды. Осындағы «...белгілі, ық­палды адамдар» кімдер? Қалың бұқараға аты-жөні айтылып, ақ­парат құралдарына тізімі жа­рия­ланса, қоршау есігі айқара ашылар ма еді? Бәлкім, айылын жиып, аяғын тартар ма еді?! «Жем­қорлық – қоғамның қас жауы» дегеннен де алыстай түсер едік-ау! «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүретіндер саябыр табар, бәлкім?! Анығында, адал еңбек мәні, жауапкершілік жүгі айқындалар еді. «Қылмыс хро­никасы» халық айнасынан көрі­нетіні хақ. Қылмыс пен жаза айыр­­масы да анық-қанық жұртқа же­тер. Шындық шырағы да алыс-жақынға түсер еді. Бастысы, би­лік пен халық арасында берік бай­­­ланыс орнайды. Үміт пен се­нім аясы кеңиді. Еңбек пен өмір­ге құш­тарлық та артары анық.

Адам өмірінің маңызды тұсы – денсаулық сақтау жүйесіндегі індетпен күрес, екпе алу мәніне кең орын беріледі. Ұжымдық иммунитет саламатты қоғам көр­сеткіші екеніне ден қойылып, ерекше екпін түсіріледі. Осы­ның негізінде фармацевтика өнер­кәсібіне жіті көңіл бөлу ісі ке­ңінен қозғалады. Халық қа­­ғи­­датында айтылғанындай: «Денсаулық – зор байлық», «Сақ­тансаң – сақтаймын», «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», деген тәмсілдерде айрықша маңыз-мәнмен қатар, терең сырлар да жатқаны анық.

Ал «Сапалы білім беру» бағытында еңбек нарығына, педагогика мамандықтарына мән беріледі. Білім беру жүйесінің қолжетімді әрі инклюзивті болуы назарға алынады. Дарынды балаларды қолдау, конкурстан тыс гранттар бөлу мен ақшалай сыйақы төлеу, білікті маман мен мектептердегі орын тапшылығын жою ісі негізгі назарға алынады. Офлайн мен онлайн бағы­­тын­­дағы білім бері мәні айқын­далады. «Бармақ басты, көз қыс­ты» сынды қоғамға жат та те­ріс әрекеттің жолы кесіліп, көп мүд­десі, ортақ мұраттар алға шыға­ды. Бұл тұста Ғылымды дамыту ісі маңызды басымдықтарға ие бо­лады. Жетекші ғалымдарға тұ­­рақ­ты әрі еңбегіне қарай жалақы төлеу, іргелі ғылыммен ай­налы­сатын ғылыми-зерттеу инс­­ти­туттарын қаржыландыру тәр­тібі, гранттық қаржыландыру мер­зімін үш жылдан бес жылға ұзарту мәселесін қарастыру жайы кеңінен қозғалады. Елдегі білім беру мен ғылым саласының келелі міндеттеріне маңыз бері­леді. Бұл, сөз жоқ, білім-ғылым жүйесін жетілдіріп, оны дамыту ісіне қозғау салары анық. Ақи­қатын айтсақ, білім беру ісінде жетістік те, жетілдіретін тұс­тар да жетерлік. Әсіресе пандемия кезеңінде білім саласы мен сапасы тым төмендегені айқын көрінді. Ауыл мен қала арасындағы айырмашылық интернет желісінен-ақ танылды. Несін жасыралық, цифрлы технология щифрдан бірақ шығарды. Жұрт көрді. Көпшілік көнді. Мұның тысында, сапасы төмен оқу­лықтар әр кез-ақ айтылып келеді. Жасанды интеллектіге ден қойылды. Оқыту ісінде жақ­сарту мен сапаға басымдық беріл­ді. Бірақ ұстаз орнын алмас­тыра алмайтыны жасырын емес. Ұстаз тұлғасы жас ұрпақ есінде қалады. Өйткені атақты британдық шахматшы Уильям Артур Уорд айт­қандай: «Жай мұғалім хабар­лайды. Жақсы мұғалім түсін­діреді. Керемет мұғалім көр­сетеді. Ұлы мұғалім шабыттандырады». Мұның білім беру ісінд­­е, ғылым жүйесінде жөні де бөлек, маңызы да айрықша.

Байқалатыны, педагогика­лық мамандықты таңдап, оқу­ға түс­кендердің саны арта түсті. Ұс­таздық қызметке сұраныс жо­ғары. Жас маман мектепке бара бастады. Еңбек нарығы назарға алынды. Оқу бағдарламаларының жаңартылған мазмұны көпке жетті. Халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қолдау артты. Конкурстан тыс гранттар мен бір реттік сыйақы белгіленді. Ұстаздарға моральдық және материалдық ынталандыру ісі айқындалды. Бұл бағытқа кең өріс ашып, қолдаған жөн.

Білім жолына түсіп, ғылым ісіне ден қойған жас ұрпақ мақала жазуда, диссертация дайындау­да бірқатар кедергіге тап келе­ді. Отандық ғылыми журналдар мазмұны толық болғандық­тан, таяу уақытта қабылдауы қиын. «Жыртқыш журналдар» (скопус­тық мақала) араны ашық болғанымен, жариялануында күмәнді тұстар мол. Жас ға­лымдар шетелдік басылымдарға жол­даған мақалаларын (зерттеу жүйесін) жыл құсындай күтеді. Жарияланбай, жарамсыз, жұтылып кететіндері қаншама. Еңбегі мен қаржысы зая кете­ді. Уақыт жағынан да ұтылады. Өмір-тұрмыстың салмағы да иықтарына түседі. Еріксіз, басқа кәсіпке бет бұрады. Осы орайда білім-ғылым жүйесіне кең өріс ашудың тура жолы – отандық ғылыми журналдардың талап-өлшемін әлемдік стандартпен сәйкестендіру. Нәтижесінде, жас ұрпақ ғылымға еркін келеді. Әрі болашаққа бек сеніммен қарай­ды. Білім-ғылым жолын алаң­сыз жалғастырары да анық.

 

Рақымжан ТҰРЫСБЕК,

филология ғылымдарының докторы, профессор