Смайликпен сөз сұлу. Адамзат заманға сай қам-қарекет қылмаса, ортаға бейімделмесе, ескілікпен есеп айырылыспаса, ендігі уақыттың бет-әлпеті сізге күліп қарамауы кәдік. Біз жазу мәдениетінің һәм сөз саптаудың ішкі астарына үңілгіміз келеді. Пернетақтаға саусағы байланған адамның әдепкі әдетіне айналған ақпарат құралы ақтолқын мәтіннің тұздығы іспетті. Ғаламтордағы қарым-қатынас сіздің эмоцияңызды бүркемелегенімен диалог барысында мимикаңызды жасыру мүмкін емес. Мәтінде де мінез бар. Қуыршаққа ұқсас қылықты ишараттың қайдан келгеніне былайғы жұрт бас қатырмайды. Ал, оның өз тарихы, өз тұспалы бар. Бүгінгі әңгімеміздің төркіні сол жақтан.
Смайлик ағылшынның «smile» сөзінен шыққан, «күлімсіреу» деген мағынаға саяды. Былайша айтқанда, эмоцияңызды бейнелейтін идеограмма. Бүгінде сөздер жақшалар мен қос нүктелерді ертіп жүрмесе жетімдей көзге көп түсе бермейді әрі қораш көрінетіні тағы бар. Мәселен, мына бір «:-)», «:)» таңбаларды алып қараңызшы. Осы арудың беліндей майысқан жақшалардың сөзге жан бітіретіні қызық. Бұл сіздің қуанышты жүзіңіздің көрінісі. Ал керісінше қайғырсаңыз шаттығыңыз сап басылып, көңіл күйіңізге көлеңке ұялағанын білдіріп қоясыз. Шынайы сөздің смайликпен шырайы кіреді.
Смайликтердің шежіресін шертсеңіз, дегбірі қашқан деректер толып жатыр. Бірі – кішкентай баланың қылығынан іздесе, ендігісі тағдырын Қытай иероглифтерімен байланыстырады. Мұның бәрі жаңсақ пікір. 1963 жылы америкалық суретші Харви Болл алғаш рет күлімсіреуді екі нүкте мен сары шеңбердегі доға түрінде бейнелейді. Ол мұны State Mutual Life Assurance Cos сақтандыру компаниясының тапсырысы бойынша жасаған. Ондағы компанияның мақсаты – ұжымның мәдени қарым-қатынасын жағымды эмоцияларды бейнелейтін арнайы символдармен толықтыру. Яки ұжым ішіндегі татулықты нығайтуды көздейді.
Содан кейін бұл смайликтер түйреуішке бекітіліп, одан бейджик те жасалады. Аталған компания оларды әрбір қызметкері мен тұтынушысына сыйға тартады. Бұл логотиптің өте сәтті шыққаны соншалық, 10 мыңнан астам төсбелгі мөрленеді. 1970 жылы дәл сол оптимистік ұранға «Күніңіз жақсы өтсін!» деген графикасы қосылды. Келелі іс компанияның даңқын асқақтатып қана қойған жоқ, қыруар қаржы әкелді де.
Ал 1971 жылы француз кәсіпкері Франклин Луфрани smile-ды 80-нен астам елде сауда белгісі ретінде тіркеуді ойлады. Тіпті 1968 жылы Парижде кәсібін дөңгелету үшін күлімсіреу символын «мен ойлап тапқам» деп әлемге жар салды. Алайда смайликті компьютер қауымдастығы бірден қабылдамады және мойындағысы келмеді. Осы ретте айта кетейікші, смайликтің электронды нұсқасы дербес әзірленген, оның Харви Боллға ешқандай қатысы жоқ деген теория да бар. Бірақ біздіңше смайликтердің әкесі – Харви Болл болып қала береді.
Алғашқы электронды смайликтер 1970 жылдардың басында PLATO деп аталатын арнайы платформаларда пайда болды. Бірақ оның кескіні мүлде өзгеше еді. Ал қарапайым тұрғындар оны қабылдай алмады. Ақыры өнертапқыштар айналып келіп Харви Боллдың үлгісіне бас иді. Сөйтіп, 1979 жылы тұңғыш эмоцияны электронды түрде Кевин Маккензи жіберді. Ол жымиюды былай белгілейді «:-)». Артынан оған Скотт Фахлман жан бітіріп, бізге таныс һәм танымал смайлик жасады. Сол домалақ бас күлкілі белгілер күні бүгінге дейін қолданылып келеді. Міне, қысқаша тарих осылай өрбиді.
Айтпақшы, жапондықтар – компьютерлік эмоцияларды өте жиі қолданатын ұлт. Сондықтан оларды айналып өткеніміз әбестік болар. Кейбіреулер жапон смайликтері қазіргіден де жақсы және әдемі деп ойлайды. Оған себеп те жоқ емес. Өзіңіз қараңызшы. Мысалы : (^ - ^) – «Қайырлы таң» немесе (^_^) – «Сау болыңыз» деген мағынаны білдіреді екен. Байқайсыз ба, жапондар ауызға емес, көзге көп көңіл бөлген. Тіпті сол арқылы смайликтердің тұтас жиынтығын құраған. Иә, адамның көзіне қарап-ақ, ішкі жан-дүниесінің толқынысын сезуге болады.
Кейде бір адамға арзуыңызды, өкпе-назыңызды, қайғы-қуанышыңызды бір ғана смайликпен бейнелеп беруіңізге болады. Ақтарылып сөйлегенше, көңіл күйіңіздің бұрауын тапқан белгіні жолдасаңыз жетіп жатыр, сіздің сағынышыңыз да, тілек-арызыңыз да сонда жатыр. Қазіргі халіңізден де хабардар болады. Оның құпиясы осында. Адамның тілін табуда да таптырмайтын құрал. Қарым-қатынасты жақындататын һәм алыстататын нәзік сезімге ие. Смайликпен сөйлеңізші, айтар ойыңыз ажарлана түссін!