Үкімет • 23 Қыркүйек, 2021

Машина жасаушылар форумы өтті

233 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан машина жасаушыларының дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған іс-шарада саланың жетістіктері паш етіліп, кемшіліктері пысықталуда.

Машина жасаушылар форумы өтті

Бүгін аяқталатын екі күндік форум онлайн форматта ұйым­дастырылған. Іс-шараның салтанатты ашылуына Премьер-Министр­дің орынбасары Роман Скляр қатысып, Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың құттықтау хатын оқып берд­і. Құттықтау хатта айтыл­ған­­дай, форум мемлекет пен биз­нес­­тің тәжірибе алмасар алаңы­на, отандық машина жасау саласын­дағы өзекті мәселелері шешілетін ортаға айналған.

«Пандемияға қарамастан, отандық машина жасаушылар – экономикалық көрсеткіш­тер бо­йынша көшбасшылар қата­рында. Сала көрсеткіші 24 пайыз­­ға артты. Бұл – өңдеуші өнеркәсіп секторының дамуына қо­сылған елеулі үлес. Индус­т­рия­­ландырудың алғашқы он жы­лында өңдеу өнеркәсібінің экономиканың дамуына қосқан әсері тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түсті. Қазақстандық машина жасаушылар қойылған міндеттерді лайықты орындауда. Шығарылатын бұйымдар номенклатурасын кеңейтіп, жаңа технологиялық әзірлемелерді енгізуде. Жалпы, елдегі эко­но­микалық өзгерістер көшбасшы­ларының қатарында келеді», делінген Президенттің құттықтау хатында.

Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттің машина жасау сала­сының сұранысқа ие жобаларын әрдайым қолдап келе жатқанын, алдағы уақытта да қолдай беретіндігін айтты.

«Жолдауда мен 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экс­портын 24 млрд долларға дейін және еңбек өнімділігін 30 пайызға ұлғайту міндетін қойдым. Бұл үшін мемлекет «Өнер­кәсіптік саясат туралы» заң қабылдап, отандық өнеркә­сіптік кәсіпорындарды барынша қол­жетімді шикізатпен қамтама­сыз ету тетігін бекітеді. Отандық агроөнеркәсіптік және өнеркәсіптік саясат ұштас­тыры­лады. Қазақстанның машина жасау саласы экономикалық өсім­нің, жұмыспен қамту мен экс­порттың қозғаушы күшіне айна­латынына сенімдімін», делінген құттықтау хатта.

Форум ұйымдастырылып келе жатқан жылдар ішінде өзін индустриядағы басты салалық оқиға ретінде танытты әрі коо­перациялық байланыстарды дамыту үшін бірегей платфор­ма болып саналады. Форум шең­берінде Машина жасауды да­мытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасын іске асыру барысы туралы панельдік пікірталастар, машина жасау саласы үшін кадрлар даярлау, машина жасаудың басым кіші салалары бойынша секциялық отырыстар, халықаралық мұнай-газ операторларымен, қатты пайдалы қазбаларды жер қойнауын пайдаланушылармен сатып алу және жергілікті қамтуды дамыту тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізу жоспарланып отыр.

Индустрия және инфрақұры­лымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев өз сөзінде индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында машина жасау саласы ең жоғары, 4 есе өсімді көрсеткенін атап өтті. Ин­дустрияландыру картасы және өңірлердің кәсіпкерлігін қолдау карталары шеңберінде 470 млрд теңгеге 150-ден астам жоба іске қосылған. 16 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бүгінгі таңда салада 3 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда 120 мыңға жуық адам еңбек етеді.

– Машина жасау салалары арасында ең жоғары өсу динамикасын автомобиль жасау саласы көрсетіп отыр. Индустрия­ландыру жылдарында алғаш рет қазақстандық автоөнеркәсіптің өнімдері экспорттық нарықтарға шықты. Ал ел ішінде сатылған әрбір екінші жаңа жеңіл автокө­лік – отандық өндірістің өнімі. Бүгінгі таңда Қазақстанда көлік құрал­дары мен ауыл шаруашылы­ғы техникасы үшін белгілі бір компоненттер өндірісі жолға қо­йылған, – деді М.Қарабаев.

Машина жасау саласындағы өсу серпінін сақтау және панде­мияға байланысты қалып­тасқан тұрақсыздық жағдайында кәсіп­орындардың құзыреттерін өсіру оңай емес. Соған қарамас­тан, инвестицияларды, кәсіп­орын­дарды іске қосу серпінін және технологиялық жаңартуды ес­кере отырып, жақын уақытта бел­сенді өсу, даму, импорттық өнімді алмастыру, сондай-ақ экспорт көлемін ұлғайту күтілуде. Мәселен, биыл құны 79,6 млрд тең­ге болатын, 2 мың жаңа тұрақ­ты жұмыс орнын құруға мүмкін­дік беретін 14 жобаны іске қосу жоспарлануда.