05 Ақпан, 2014

«Елес қуған сайыпқыран»

577 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
0-a24

Экшн жанрындағы ғылыми-фантастикалық картинаның тұсауы кесілді

Соңғы кездері аяқ алысын нықтап, көрермен қауымды кәдімгідей елеңдетіп отырған «Қазақфильм» киностудиясының жаңашыл жұмыстарына тілеулес көңілмен ондағы қолға алынған әрбір жобаға, әрбір жаңа туындыға сәттілік тілеп, шыққан фильмдердің бірін де қалт жібермеуге тырысып жүргеніміз рас. Міне, жақын күндері «Қазақфильм» киностудиясы кезекті, түсірілуі бөлек туындысын – «Елес қуған сайыпқыран» атты  ғылыми-фантастикалық элементтері бар  көркем фильмді бірден екі тілде тарту еткелі отыр. Шындап келгенде, жаңа фильм экшн жанрын жақсы көре­тін көрермендердің көңілінен шығуы тиіс. Бірден айта кету керек, блокбастер ауқымды спец­эффектілерімен, сапалы графикасымен ерекшеленеді. Картинаны әу баста әлемдік прокатқа шығару көзделгендіктен, Кристанна Локен («Терминатор-3: Көліктер көтерілісі») және Арманд Ассанте («Одиссея», «Гангстер») сияқты голливудтық жұлдыздардың бұл фильмге түсуге келісім бе­руі кездейсоқтық емес. Сол сияқ­ты, қазақстандық экшн Алла Пуга­чеваның жиен немересі Ники­та Пресняков сынды танымал адамдар мен өз актерлеріміз – Санжар Мәдиев, Әсел Сағатова, Камила Ермековаларды үлкен экранға шығарып отыр. 0-a22Фильмнің прокатқа шығуына орай өткізілген баспасөз мәсли­хатында түсіру тобы жан-жақты сұхбат беріп, басты рөлдердегі Санжар Мәдиев пен Никита Прес­няковтар қызықты да қиын сәттер туралы әңгімеледі. Ал түсіру алаңында «Тигр» деген лақап атқа ие болған картина режиссері Марина Кунарова фильмді әлемдік кино айдынына шығару үшін Ума Турман, Моника Белуччи сияқты мега-жұлдыздардың да шақырылғанын айтады. Ең қызығы, олар қазақстандық картинаға түсуге келісім де берген. Тіпті, әр картинасы үшін 3 мил­лион АҚШ долларынан кем сұрамайтын Ума Турман кеңдік ­ танытып, 1 миллионға да Қа­­зақстанда жұмыс істеуге келіскен. – Алайда, қазірге біз үшін бұл да қымбаттау. Қаржымыз есептеулі болғандықтан, әлемдік деңгейдегі қалаған жұлдыздарымызды ша­қыра алмадық. Меніңше, алда­ғы уақытта біздің актерлер де гол­ливудтық картиналарға түсе бастайды. Ал Локен мен Ассан­тенің кейіпкерлері – амери­калықтар, сон­дықтан да біз үшін де бұл рөл­дерді орындайтын актер­лер­дің америкалықтар болғаны ма­ңызды еді, – дейді режиссер. Сонымен, «Қазақфильмнің» картинасына түскен америкалық актерлерді Настя Темкина мен Владимир Ереминдер дубляж­даған. Осы арада, көптеген Гол­ливуд жұлдыздарын, оның ішінде Аль Пачиноны орысша «сөйлеткен» өзі режиссер өзі атақты актер Владимир Еремин екенін еске сала кетуге болады. 0-a23Қысқасы, отандық прокат­қа жолдама алған «Елес қу­ған сайыпқыран» фильмі ма­мыр-маусым айларына қарай көптеген елдерде көрсетіле бас­тайды. Фильм продюсері Ернар Мәліков Санта Моникадағы ірі кинобазарда картинаны прокатқа алуға қызығушылық танытқан компаниялар мұндай экшнды әйел адам түсіргенін білгенде үлкен таңданыс білдіргендерін айтады. Фантастикалық элементтері бар, шытырман оқиғалық үдедегі жанрлық фильмде қазіргі компьютерленген замананың болашақта адам өміріне тигізер ықпалы бас­ты тақырыпқа шыққан. Фильм желісі бойынша ғылыми технологиялармен айналысатын «Global Sеcuriti» атты корпора­ция әлемдегі қылмыспен күресу мақсатында GS-код ойлап табады. Бірақ, бұл – ойлап табылған технологияның қоғамға қажетті бір қыры ғана. Оны ойлап табу­шылардың түпкі мақсаты – «Елес» жүйесін енгізу арқылы адам санасын басқару және осы жолмен түрлі қитұрқы әрекеттерін орындату еді. Өздерінің түпкі мақсатын жүзеге асырмақ болған топ өкілдері Тимур атты полицей жігіттің сүйген қызын қылмысқа итермелейді. Ал Тимур сүйіктісін жалған жаладан арашалап қалу үшін өлімге бас тігеді. Кейін аң­ғал жігіт аңдамай жүріп, қылмыс әлемінің «қуыршағы» болғанын түсінеді. Бірақ өте кеш. Себебі, «елес қуамын» деп жүріп, жұмысынан, достарынан біржолата айырылып тынған жігіттің ендігі мақсаты – кек алу. Ашынған жан дегеніне жете ме, теріс пиғылды адамдардың әреке­тін әшкерелеп, күллі адамзатты төніп келе жатқан қатерден құтқара ма? «Елес қуған сайыпқыран» фильмі бүгінгі қазақ киносының жаңаша ізденіс өрісін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей. Опе­раторлық шеберлік, динамикаға құрылған сюжет, қазіргі компью­терлік графиканың жетістіктері мейлінше пайдаланылған. Экшн жанры болғандықтан мұнда ұр да жық көріністер жетерлік. Бірақ, барлық қойылымдар, кас­кадерлік трюктер, кәсіби деңгейде орындалған. Тұтастай алып қара­ғанда, заманауи кино талаптарына сай, көрермендердiң бүгiнгi таңдағы сұранысын есепке ала отырып, голливудтық форматта түсірілген заманауи фильм деп пайымдауымызға болады. Фильмнің прокат желісі ха­лықаралық деңгейде қамтылуы үшін Голливуд және Ресей жұл­дыздары шақырылыпты. Басты рөлдердің бірі – ержүрек поли­цейді сомдаған Санжар Мәдиев. Хакердің рөліндегі ресейлік әнші Алла Пугачеваның жиен неме­ресі Никита Пресняков екенін жоғарыда айттық. Басты кейіпкерлерге бөгет жасап, олардың жолын кескен Рәш есімді арудың рөлін актриса Кристанна Локен сомдаған. Кино әлемінде талантты сце­­нарийші ретінде танылған Ма­рина Кунарованың алғашқы режиссерлік жұмысы «999» атты драма жанрында түсірілген толық­метражды көркем фильм. Жас та болса бұл режиссердің қиын да күрделі экшн жанрына батыл қадам жасауы және де оны өз деңгейінде атқара білуі қуанарлық жай. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар

Egov Chatgpt сияқты жұмыс істейді

Технология • Кеше