Еуропалық дағдарыстың астарында не тұр?
Соңғы жылдары Еуропаны дағдарыс кернеп алғаны белгілі. Әлемдік қаржы экономикалық дағдарыстың үлкен толқыны алдымен АҚШ-тан бастау алды да, осы елді бір сілкіп өтті. Мұнан кейін Еуропаға жетіп, онда тұрақтап қалғандай қалып танытуда. Еуропа одағының басшылығы мен халқы соңғы үш жылдан бері дағдарыстың ауыр салмағымен тынымсыз күрес үстінде. Рас, соңғы айларда аз да болса жағдай оңалғанымен, бұл күрестің әлі қаншаға созылатындығы белгісіз.
Әлемдік дағдарыс басталғаннан бері оның себебі туралы көптеген пікірлер айтылды. Бірқатар саясатшылар мен сарапшылар, экономистер ең алдымен дағдарыстың басты себебі ретінде Еуроодаққа кіретін елдерде қарыздардың шектен тыс молайып кеткендігін, үнемі қарыз алып жақсы өмір сүре берудің мүмкін емес екендігін алға тартты. Осыған байланысты дағдарыс тырнағына алдымен іліккен Грекия үкіметі үлкен сынға душар болды. Бұл елге қарызды, бюджеттік шығындарды мүлдем шектеу талабы қойылды. Қарызсыз өмір сүре алмайтын елге тағы да қарыздар берілді. Әлеуметтік шығындарды, соның ішінде жалақылар мен зейнетақыларды, жәрдемақыларды шектеу, бюджеттік қызмет орындарын қысқарту қарыз берудің басты талабына айналды. Мұнан кейін дағдарыс Испанияны, Португалияны, Ирландияны, Италияны шарпыды. Францияны жан алқымнан алды. Еуроодақтың басқа да елдеріне ауыр салмағын сездірді.
Әрине, дағдарыспен күрес жолдарын белгілеуде осы елдердің үкіметтерінің қай-қайсысына болмасын оңай болған жоқ. Өйткені, дағдарыспен күрестің неғұрлым қатаң шараларына бару үшін молайып кеткен әлеуметтік шығындарды мейлінше шектеу керек. Бірақ бұған демократиялық дәстүрлермен тәрбиеленіп қалған халық ерік берер емес. Міне, осы кезде Еуропадағы дағдарыстың басты себебі ретінде еуропалық елдерде әлеуметтік қамсыздандыру ісіне үлкен шығындар жұмсалатындығы айтылып қалды. Сарапшылардың бірқатарының пікірінше, Еуропа халқы әбден әлеуметтеніп кеткен. «Олар көрпеге қарап көсілу дегенді білмейді, егер батысеуропалық елдер АҚШ секілді мемлекеттік әлеуметтік шығындарды шектеп ұстайтын болса, дағдарыстан да тез құтылған болар еді, демек еуропалық дағдарыстың басты себебі, осы әлеуметтік мәселелерге ерекше мән берілуінде тұр» деп соқты бірқатар сарапшылар мен экономистер.
Бір есептен алғанда, әрине, бұл пікірдің да жаны жоқ емес. Өйткені, жақсы тұрмыс жақсы шығындарды қажет ететіндігі түсінікті. Бірақ Еуроодақтың сол әлеуметтенген экономикалық қоғамының ту ұстаушысы болып тұрған Германия экономикасы дағдарысқа неге былқ етпейді? Германияда зейнеткерлерге қаншама қолайлы жағдай жасалғандығын өз көзімізбен де көрдік. Кешке ресторан, кафелерге барсаң, солардың барлығында араның ұясындай гуілдеп зейнеткерлер отырады. Себебі, бір зейнеткер үш жерден зейнетақы алады. Анығырақ айтсақ, мемлекеттен, өзі жұмыс істеп, зейнетке шыққан компаниядан және біздегі секілді өзінің зейнетақы жинақтаушы қорынан зейнетақы алады. Мұның сыртында, Еуроодақты сақтап қалу үшін бір Германияның өзі қаншама елге қаржы жәрдемін көрсетуде. Айналасын түгелдей дағдарыс кернеген жерде өзін ғана емес, айналасындағы елдерді де үздіксіз демеп келе жатқан Германия экономикасы осының бәріне қалай шыдап тұр?
«Еуропадағы қазіргі әлеуметтік жүйе мен саясат – бұл адамзат қауымының даму барысындағы ортақ жетістік және адамзат қауымы баруға тиісті болашақ қоғамның белгісі. Сондықтан оны сақтау керек. Егер біз дағдарыстың басты себепкері ретінде Еуропа елдерінің әлеуметтік тұрғыда жеткен жетістіктерімен күресетін болсақ, онда қалыптасқан экономикалық қатынастың өзін құлатамыз. Себебі, халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмысы нашарлап, ол кедейленетін болса, тауарлар мен қызметтерге деген сұраныс күрт төмендейді, гүлденген экономика мен өмір құлайды» деген болжам айтады осы жағдайға байланысты енді бірқатар зиялы қауым өкілдері.
Сонда еуропалық дағдарыстың басты себебі неде? Одан қалай құтылуға болады?
«Еуропалық дағдарыстың басты себебі тіптен де халықтың әлеуметтік жетістіктерінде тұрған жоқ. Өйткені, олардың барлығы еңбекпен келген дүниелер. Еуропалық дағдарыстың басты себебі, қазіргі энергия көздеріне, соның ішінде мұнай мен газ өнімдеріне деген тапшылықта тұр. Егер мұнайдың бағасы тағы да 140 долларға көтерілетін болса, онда осы өнімге ерекше зәру болып отырған Еуропада міндетті түрде дағдарысты жағдай қалыптасады. Мұнай мен газ бағасы құлдыраған кезде оның экономикасы қайтадан жұмыс істей бастайды. Себебі, Еуропа тұтас күйінде алғанда әлемдегі ең үлкен мұнай мен газ тұтынушы» деп есептейді америкалық экономист, саясаттанушы Джереми Рифкин.
Жалпы, Джереми Рифкиннің түсіндіруінше, еуропалық экономикалық дағдарыс дегеніміз, бұл – Батыста іштен жанатын двигательдердің пайда болуы нәтижесінде мұнай мен газ пайдаланудан бастау алған екінші өнеркәсіптік революция жетістіктерінің тұйыққа тірелуі. Егер әлемде мұнай мен газ өнімдері жеткілікті болса, онда бұл жетістіктердің дәурені де біразға созылған болар еді. Бірақ олардың жетпейтіндігі белгілі болып отыр. Демек, әлемнің кедей елдерінің де жағдайы жақсарып, олардың мұнай мен газға деген сұранысы артқан сайын аталған өнімдер бағасы өрши түспек те, адамзат қауымы тығырыққа тіреле бермек. Бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол жол – күн мен жел, биоотын қуаты секілді экологиялық тұрғыдан таза да қауіпсіз, сондықтан «жасыл» энергетика аталып отырған баламалы қуат көздерін пайдалану арқылы әлемдік энергетиканы әртараптандыру ісімен тығыз байланысты болып отыр. Бұл жол мұнай мен газға деген мәжбүрлікті төмендетеді де, адамзаттың келесі дамуына жол ашады. Ол дамудың қозғаушы күші өмірге енді араласа бастаған үшінші индустриялық революция жетістіктері болып табылады. Мұның бастапқы белгісі – интернеттің жедел дамуы. Бұл интернет желісі әзірге ақпараттарды әлемнің кез келген түкпіріне жедел жеткізуге негізделген. Енді осының негізінде бірте-бірте энергетика интернеті өмірге келіп, ол электр қуатын сымсыз таратуға мүмкіндік береді. Ақпараттарды жазып алып, сақтап қоятын флешка секілді электр қуатын сақтап қоюдың да әдіс-тәсілдері мен құралдары табылатын болады. Осының барлығына үшінші индустриялық революция жетістіктері жол ашады.
Джереми Рифкин – америкалық экономист және саясаттанушы, Экономикалық трендтер қорының құрылтайшысы және президенті. Әлемдегі бірқатар мемлекет басшылары мен премьер-министрлерге, соның ішінде Ангела Меркельге, Романа Проди мен Хосе Луис Сапатероға кеңесшілік қызметтер атқарған. Француз үкіметімен, Еуропалық комиссиямен, Еуропалық парламентпен тығыз әріптестік қарым-қатынаста жұмыс істеген. Экономикалық тақырыптардағы көптеген кітаптардың авторы. Соның ішінде «Еңбектің ақыры», «Еуропалық арман» атты кітаптары әлемдік қауымдастықтың, әсіресе, үкіметтер мен ірі трансұлттық корпорациялар басшыларының назарына ілігіп, үлкен талқылаулар тудырды. Себебі, бұл еңбектер адамзаттың болашақ жүрер жолы, адамзат дамуының келесі кезеңі – үшінші өнеркәсіптік немесе жаңа индустриялық революция тақырыбына арналған.
Әлемдік саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылымдар осы уақытқа дейін екі өнеркәсіптік революцияны бастан кешіргені белгілі. «Бірінші өнеркәсіптік революцияның жетістіктеріне жол ашқан негізгі қозғалтқыш күш – көмір мен бу болды, деп есептейді Джереми Рифкин. Осы өнімдерді тұтыну негізінде көпшілік қолды тауарлар шығару, көпшілікке арнап қызмет көрсету жұмыстары етек ала бастады. Екінші өнеркәсіптік революция ХХ ғасырдың қойнауында дүниеге келді. Бұл кезеңде электр өндіру кеңінен тарады. Телефон, радио, теледидар құралдары пайда болды. Аса ірі зауыттар мен фабрикалар салынып, өндіріс үдемелі сипатқа ие болды. Мұнай мен газ өндіру барынша дамыды. Осының нәтижесінде оның өнімдерін пайдаланатын автокөлік құралдары, басқа да тұрмыстық техникалар дүниеге кеңінен тарап, бүкіл адамзатқа қолжетімді болды. Дегенмен, осы үдерістің ақырында адамзат қауымы мұнай мен газдың, басқа да минералды шикізат көздерінің жетімсіздігіне келіп ұрынды. Жер шарының экологиялық жағдайы дабыл қағарлық шекке дейін жетіп, жұмыссыздық проблемасы бүкіл әлемді, соның ішінде әлем халықтары үлкен сенім артып отырған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің өзін жайлап алды. Жыл өткен сайын бұл қатерлі құбылыстың барған сайын тереңдей түскендігін көріп отырмыз.
Джереми Рифкин адамзатты осы тығырықтан шығарудың жолы ретінде үшінші индустриялық революцияның жеткенін мәлімдейді. Оның бастапқы да негізгі белгісі ретінде цифрлық байланыс құралдарының өмірге келіп, ерекше екпінмен дами түскенін айтады. «Интернет әлемді өзгертті. Бірақ адамзат тұтынып келе жатқан қуат көздері бұрынғы қалпында қалып отыр. Біз бұрынғысынша көмір мен мұнайды, газды тұтынып келе жатырмыз. Бірақ олар енді қазіргі тұтыну қарқынымен алғанда бүкіл адам баласына жетпейтіндігі айдан анық бола түсуде. Олар миллиондаған адамдар үшін жеткілікті еді. Бірақ әлемде бірнеше миллиард тұтынушы пайда болған кезде жыртыққа жамау болатын да түрі жоқ. Адамзат ұрынып отырған қазіргі экономикалық дағдарыстар міне осы жағдайдан бастау алып отыр», дейді ол.
Зерттеуші үшінші индустриялық революцияның Батыс елдерінде бастау алып, әлемге жайылуы мүмкін екендігін айтады. Ал біздің түсінігімізде әлемдік өркениеттік дамудың қазіргі көшін бастаушы Америка Құрама Штаттары екені белгілі. АҚШ – әлемнің ең алып экономикасы, әрі әлемдегі ең ірі тұтынушы. Қазіргі замандық технологиялар осы елде көбірек шоғырланған. Ендеше, үшінші өнеркәсіптік революция неге АҚШ-тан бастау алмайды?
Джереми Рифкиннің пайымдауынша, әлемде осы уақытқа дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың екі үлкен үлгісі үстемдік құрып келді. Оның біріншісі – америкалық үлгі болса, екіншісі – еуропалық үлгі. Батыстық өркениетке негізделген бұл үлгілердің қандай ерекшеліктері бар?
«Еуропалықтар шағымданғанды, америкалықтар мақтанғанды ұнатады» дейді Рифкин. Біріншісі «менің стаканым судан ортайып қалды» деп мазасызданса, екіншісі «менің стаканым суға ортасына дейін толып тұр» деп күпінеді. Бір көріністің өзіне осындай екі түрлі көзқараспен қараушылықтың өзі ғана көптеген адамдардың Еуропа мен АҚШ жағдайын сезімге ерік бермей, салқынқанды түрде салыстыруларына, содан кейін барып логикалық шешім қабылдауларына көп кедергі келтіруде.
«Шынайы жағдайға көз жеткізу үшін біз ең алдымен цифрларға назар аударайық, дейді Рифкин. Еуропа өзінің 455 миллион тұрғынымен әлемдегі ең үлкен рынок болып табылады. Әлемдегі ең үлкен экспорттаушы – АҚШ та, Үндістан да, Қытай да емес, нақ Еуропаның өзі. Былайғы адамдар оны көп байқай бермейді. Өйткені, әдетте америкалықтар АҚШ-тың қуаттылығын көрсету үшін оны Еуропа одағының жеке бір елімен салыстырып жатады. Бұл дұрыс емес. Еуропа одағы қазіргі күні біртұтас ағза секілді болғандықтан, тұтас ЕО мен тұтас АҚШ-ты алып салыстыруымыз, өйтпеген жағдайда ЕО-ның бір елімен АҚШ-тың бір штатын алып салыстыруымыз керек. Сонда біздің көз алдымызда басқаша картина көрініс беретін болады. Мәселен, Еуропаның ең үлкен елі Германия экономикасы АҚШ-тың ең үлкен штаты Калифорнияға қарағанда әлдеқайда қуатты. Еуропадағы екінші ел Ұлыбритания экономикасы АҚШ-тың екінші ірі штаты Нью-Иорктан екі есе үлкен. Франция экономикасы АҚШ-тың үшінші штаты Техастан 50 пайыз артық болса, Италия экономикасы АҚШ-тың төртінші штаты Флоридадан екі еседей басым. Испания Иллионоисті, Нидерланды Нью-Джерсиді басып озады. Егер одан әрі баратын болсақ, өнеркәсіптің көптеген салаларында еуропалық компаниялар көшбасшы болып табылады. Әлемдегі ең ірі 20 коммерциялық банктің 14-і Еуропада орналасқан. Планетамыздағы аса ірі 140 компанияның 61-і еуропалық, 50-і америкалық болып табылады».
Рифкиннің пікірінше, АҚШ-та әрбір адам жеке жүріп жол тауып, үлкен табысқа жете алады дейтін «америкалық арман» негізін бір кезде кәрі құрлықтан барып, бос жатқан жерлерді алғаш игерушілер қалыптастырған болатын. Алғашқы жер игерушілер еркіндігі мен жағдайына сәйкес санада қалыптасқан осы америкалық индивидуализм енді бұрынғыдай жемісін берер емес. Қазіргі күні америкалықтардың 51 пайызы ғана әлі күнге дейін осы арман жетегінде келеді. Рас, АҚШ осыдан 40 жыл бұрын жағдайлары бір-бірімен теңдестірілген орта табымен мақтана алатын. Ал бүгінгі күні елдегі байлар мен кедейлердің табыс айырмашылығы бір-бірінен мейлінше алшақтап кетуінің салдарынан, Америка осы көрсеткіш бойынша әлем елдері арасында 24-інші орынға түсіп қалды. Өнеркәсіптік тұрғыдан дамыған елдер ішінде ол бұл рейтинг бойынша тек Мексика мен Ресейдің ғана алдында тұр.
Ал кәрі құрлық тұрғындары үшін басты құндылық – америкалық түсініктегі еркіндік, яғни ақша табу арқылы келетін ертеңгі күнге деген сенімділік емес, өмірдің сапасы болып отыр. Жеке бастың еркіндігін бірге алып қарастыратын еуропалық бұл күрделі түсінік ұжымдасып күш-жігер жұмсау арқылы өмірдің сапасына қол жеткізуді көздейді. Себебі, еуропалықтар америкалықтар секілді жерге бай емес. Олардың қоғамнан бөлектеніп, жеке бір ранчо негізінде өз бақытын құруға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан еуропалықтар бәрі бірігіп және бәрі әрқайсысы үшін еңбек етуге ол бастан-ақ мәжбүр болатын. Еуропадағы мемлекеттік саясаттың өзі осы ерекшеліктің ықпалында қалыптасты да соған сәйкес қоғамға ортақ жемісін берді.
«Мұны, ең алдымен, АҚШ пен Еуропа одағы елдерінің ұстанған әлеуметтік саясатынан анық байқауға болады. Мәселен, АҚШ-та әлеуметтік шығындарға ішкі жалпы өнімнің 11 пайызы ғана жұмсалса, Еуропада бұл көрсеткіш 26 пайызды құрайды. Осының нәтижесінде әрбір орташа америкалықтың дәулеті әрбір орташа еуропалықтан 28 пайыз артық болғанымен, өмірдің сапасы жағынан алғанда еуропалықтар америкалықтардың алдына түсіп отыр», дейді Рифкин.
Саясаттанушының айтуына қарағанда, әлемде міндетті медициналық сақтандыру ісі мемлекеттік тұрғыдан қарастырылмай келе жатқан екі өнеркәсіптік ел болса, соның бірі – АҚШ. Осының салдарынан 40 миллионға жуық америкалық ешқандай медициналық қауіп-қатерден сақтандырылмаған. Ал енді осы жағдайдан туындаған салдарды саралайтын болсақ, Еуропа балалар өлімінің аздығы жөнінен әлемдегі ең алдыңғы орында тұрса, АҚШ 27-інші орынды қанағат етуде. Оның үстіне, әлемдегі ең бай ел бола тұрып АҚШ-та өмір сүру де соншама қауіпсіз емес. Бұл елде адам өлтіру Еуропамен салыстырғанда 4 есе жоғары. Соның ішінде бала өлтіру, өзіне өзі қол салу, атыс қаруын қолдану жағдайлары жиі кездеседі.
«Міне, осы айырмашылықтардың барлығы ең ақырында адам өмірінің орташа ұзақтығынан көрініс береді. Еуропалықтар америкалықтарға қарағанда, ұзағырақ өмір сүруде. Себебі, Еуропада өмір сапасы АҚШ-қа қарағанда дұрыс жолға қойылған», дейді Рифкин.
Әрине, осы айырмашылықтардың барлығын Джереми Рифкин америкалықтарды жамандап, еуропалықтарды мақтау үшін келтіріп отырған жоқ. Оның негізгі мақсаты – болашақта қоғам ауысқан кезде қай үлгінің алға озатындығын көрсетіп беру. Осы уақытқа дейін үстемдік құрып келген үлгілер арасында қай үлгі болашақтың бейнесіне мейлінше сайма-сай келе алады, соны анықтау.
Осы сұрақтарға берілер жауаптарды сан қырлы түрінен қарастыра келіп, Рифкин ендігі кезекте «америкалық арманды» «еуропалық арманның» ығыстыра бастайтындығын айтады. Өйткені, Рифкиннің пікірінше, бұдан былайғы уақыттары қоғам әлеуметтене беретін болады. Ақыр аяғында, Карл Маркстің айтқаны келіп, қазіргі капитализмнің орнын социалистік қоғам белгілері міндетті түрде басады. Бұл диалектикалық дамудың бұлтартпас заңдылығы. Бәлкім, Карл Маркстің жазғандарының барлығы 100 пайыз, тіпті 50 пайыз да келе бермес. Өйткені, өмір шындығы теорияға қашанда болмасын өз өзгерістерін енгізбей қоймайды. Бірақ Карл Маркстің «Капиталы» мен Фридрих Энгельстің іргелі туындыларындағы қағидалық көзқарастар мен пайымдаулардың қоғам алға басқан сайын растала түскендігін қазір көптеген халықаралық саясаттанушылар мен экономистер мойындап та үлгергендей.
Жалпылай алып қарағанда, америкалық құндылықтар жеке адамның жетістіктерін, ал шығыс құндылықтары ұжымшылдықты негізге алатындығы белгілі. Рифкиннің пікірінше, еуропалық құндылықтар осы екеуінің ортасына келіп орналасқан. Ол жеке адамның жетістіктерін әспеттей отырып, негізінен ұжымшылдыққа үндейді. Өйткені, еуропалық ортада жеке жүріп жол табу қиын. Бірақ еуропалықтар біздің қазақ айтқандай, «көппен бірге адасуды» тағы да қаламайтындай. Мұнда сақтық пен ұқыптылық мәселесі көп қарастырылады. Рифкин сондықтан да заманды сенімді және бірте-бірте дұрыс бағытта алға жылжытудың негіздері Еуропада қалыптасқан деп есептейді. Рифкиннің пікірінше, адамзат қауымы социализмнің Еуропада қол жеткізген жетістіктерін сақтай отырып, жаңа экономикалық қатынастарды (атап айтқанда, нарықтық экономиканы емес, оның орнына әлеуметтік экономиканы) орнықтыруы керек.
Әрине, көптеген адамдар қазіргі қиындық үстіндегі Еуропа бізге несімен үлгі-өнеге бола алады, олар дағдарыс дертіне әбден шалдығып отырған жоқ па деп те ойлауы мүмкін. Бірақ ол дағдарыс неден туындап отыр деңіз? Біз бұл сұраққа жоғарыда біршама жауап беріп кеттік. Рифкиннің айтуынша, ол дағдарыс қазіргі өркениеттің негізгі тамағы болып отырған мұнай мен газдың жетімсіздігінен және осындағы мемлекеттер мойнына алып отырған әлеуметтік шығындардың молдығынан туындап отыр. Сондықтан Еуропа елдері қазірдің өзінде күн мен жел энергиясы секілді қайта жаңғыртылатын қуат көздерін молынан игеруге иек артып, оларды пайдалану көлемін жылдан-жылға арттыра бермек. Өзінің ұзақмерзімді саясатында таусылмайтын қуат көзі ретінде бағаланатын сутегіні игеруді жолға қоймақ.
Демек, баламалы және қайта жаңғыртылатын қуат көздерін игеруге, сөздің кең мағынасында алғанда әлеуметтік бағыттағы «жасыл» экономикаға көшу мәселесін Елбасымыз алдағы 40 жылдың аса өзекті мәселесі ретінде бекерден-бекер атап көрсеткен жоқ. Әрине, Қазақстан мұнай мен газға, басқа да шикізат көздеріне бай ел ретінде таяудағы болашақта дәстүрлі қуат көздерін дамытуға ерекше екпін түсіретін болады. Биылғы Жолдауда бұл жайында анық жазылған. Дегенмен, «өзгеріс желі соққанда қорған емес, желкен тұрғызу керек» деп Елбасымыздың өзі жиі қайталап айтатынындай, бұл жерде басты мәселе жаһандық деңгейде жүзеге асатын ірі өзгерістерге әзірлену мен бейімделу ісінде тұр. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осыған берілген басты жауап болып табылады.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».