Әлем • 23 Қыркүйек, 2021

Душанбе саммиті: Үміт пен күдік

268 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2021 жылғы 16-17 қыркүйекте Душанбе қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммиті өтті. Бұл саммит бірқатар тұрғыдан аса маңызды болды.

Душанбе саммиті: Үміт пен күдік

Біріншіден, бұл саммит – коронавирус індетінен кейін жүзбе-жүз ұйымдастырылып отыр­ған тұңғыш жиын.

Екіншіден, осы жылы ШЫҰ-ның құрылғанына 20 толды.

Үшіншіден, ШЫҰ-ға мүше елдер аймағының дәл кіндігінде орналасқан Ауғанстандағы жағ­дай – халықаралық деңгейде бірін­ші кезекте тұрған мәселе.

Сондай-ақ саммитке Ресей басшысы Владимир Путин­нің, Қытай басшысы Си Цзи­нь­пин­нің және Үндістан премьер-министрі Нарендра М­о­ди­дің келмеуі ұйымның келе­шегіне қатысты маңызды проб­лемалардың бар екенін көр­сетті. Сол себепті ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы тепе-теңдік пен ұйымның аймақ елдері тұрғысынан маңызына тоқталудың қажеттілігі туындап отыр.

ШЫҰ-ның алғашында Қы­тай мен Кеңес Одағы ара­сын­да басталып, ал КСРО ыды­рағаннан кейін Қытай мен Ресей, Қазақстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан арасында шекара мәсе­лелеріне қатысты жүр­гізіл­ген келіссөздердің нәти­же­сінде құрылғанын айта кеткен жөн. Шекара проблемаларының өз шешімін табуы Қытай үшін де, сондай-ақ тәуелсіздігін жаңа жариялаған Орталық Азия рес­­публикалары үшін де аса ма­ңыз­ды еді. Тараптардың өзара жылы қарым-қатынас орнатуы үшін пат­шалық Ресей кезеңінен жал­ғасып келе жатқан шекара проб­лемаларының қалайда оң шешімдерін табуы қажет еді. Бұл бір жағынан құрлықтың ішкі аймағында халықаралық теңіз қатынас жолдарынан алыс жатқан Орталық Азия елдерінің сыртқа шығуы үшін қажет болса, ал екінші жағынан Қытайдың Орталық Азия арқылы Еуропа мен Таяу Шығысқа шығуы үшін қажет болатын.

Бұл тұрғыдан алғанда, ШЫҰ-ның құрылуы геосаяси ма­ғынада Қытайдың Орталық Азияны Ресеймен бөлісуі деген сөз еді. Одан кейінгі жылдарда Қытайдың тек аймақта ғана емес, жаһандық саясатта да беделінің арта түсуі Мәскеуді едәуір алаңдатқан болатын. Сондықтан Ресейге ШЫҰ аясында Қытаймен ара салмақты теңгеру үшін Үндістанның ұйымға мүше болуы маңызды еді. Мәскеудің бұл ұсынысына орай Қытай да Пәкістанның мүше болу мәселесін ұсынса керек, 2017 жылы Үндістанмен бірге Пәкістан да ШЫҰ-ға мүше болып қабылданды. Осылайша, ұйым шеңберінде Үндістан Қытаймен ара салмақты, ал Пәкістан Үндістанмен ара сал­мақ­ты теңгеріп тұрды.

Орталық Азия тұрғысынан алып қарағанда, ШЫҰ-ның құрылуы және аймақтағы елдердің Қы­таймен бірге бір ұйымның ішін­де болуы Ресеймен ара салмақты теңгеру деген сөз.

Сонымен қатар Орталық Азия үшін Ресей мен Қытай секілді алпауыт елдердің арасындағы ынтымақтастық бәрінен де ма­ңызды. Қазақстанның сыртқы саясатының «сенім арт­тыру­шы шаралар» мәселесі тұрғы­сы­нан алып қарар болсақ, ШЫҰ Ресей мен Қытай арасында «сенім арттырушы шара­лардың» қалыптасқанын көр­сетеді. Ұйымға Пәкістан мен Үндістанның мүше болуы – Орта­лық Азияның Оңтүстік Азия­­­ға шығуы тұрғысынан назар ауда­рар­лық жайт.

Негізінде, Орталық Азия ШЫҰ ай­мағының орталық тұсында тұр. Бұл жайт ШЫҰ-ның Ду­шан­бе саммитінің дек­ларация­сында төмендегідей түрде кө­рініс тапты:

«Мемлекет басшылары Орталық Азияның ШЫҰ-ның өзегі екенін баса көрсетеді. Мемлекет басшылары Орталық Азия мемле­кет­те­рінің өз елдерінде және бір бүтін ретінде жалпы аймақта бейбітшілік, сенім және тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуге ба­ғыт­талған барлық іс-әрекетті қол­дайды. Мемлекеттер басшылары Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік жиындарының жүйелі түрде өткізілуін мақұлдайды».

Сонымен қазіргі жағдайда Мәскеу – Бейжің – Нью-Дели ара­­сын­дағы бәсекелестікті ес­ке­­рер болсақ, ШЫҰ-да Ор­та­­лық Азияның маңызы арта түспек. Душанбе саммитінің күн тәртібіндегі екі мәселе де Орталық Азияға тікелей ықпал етеді. Олардың біріншісі – Ауғанстандағы жағдай, ал екіншісі – Иранның ұйымға мүше болуы.

Ауғанстан мәселесінде ШЫҰ-ға мүше елдер арасында ор­тақ ұстанымның жоқ екені анық. Саммит қорытындысында қол қойылған 30 құжаттың ешбірі Ауғанстан мәселесіне қатысты емес. Тек Душанбе декларациясында ғана: «Мүше мемлекеттер Ауғанстанның терроризм, соғыс және есірткіден арылған, тәуелсіз, бейтарап, бірлескен, демократиялық және бей­бітшіл мемлекет болып құ­рыл­уын жақтайды. Мүше елдер Ауғанстандағы бар­лық этностық, діни және саяси топ өкілдерінің қатысуымен Ауғанстанда ин­клюзив­ті үкімет құру қажет деген пікірде», делінген.

Владимир Путин мен Си Цзиньпиннің жиынға онлайн түрде қатысуына Ауғанс­тан мәсе­лесіне қатысты келіспеу­ші­ліктері себеп болса керек. Әсіресе Тәжік­станның «Талибанға» (Қазақ­станда тыйым салынған ұйым) қарсы ұстанымын ескерер болсақ, Қытай және Ресей мемлекеттерінің басшылары осы әрекеттері арқылы Ресей мен Қытайдың Душанбенің ұстанымын мақұлдамайтынын көрсеткен болуы әбден мүм­кін. Не­гізінде, Тәжікстан Ауғанс­тан­дағы тәжіктердің мәселе­сіне байланысты осындай ұстанымда болса да, Душанбенің бұл сая­саты Ресейдің мүддесіне сай келеді. Өйткені «Талибан» мен Қытай бір-біріне тым жақындай түсер болса, Мәскеу аймақта осы «ойынды» бұзатындай бір елді қалыптастырған болып отыр.

Ал Иранның ШЫҰ-ға мүше­лігіне келер болсақ, Тегеран ұйымға мүше болу процесін бас­тауы арқылы, негізінде, өзінің жаңа «Шығыс саясатын» жария­лады деуге болады. Президент Хасан Руханидің кезінде Тегеран «Ауқымды ортақ іс-әрекет жос­пары» (Ядролық келісімшарт) аясында Еуропадан инвестиция келеді деген үмітпен Ресей және Қытаймен ынтымақтастық мәселесін кейінге шегерген еді. Ал Президент Ибрахим Рейси болса, Азияға басымдық беретінін байқатып отыр. Осы секілді, 2015 жылдан бері қиын да күрделі кезеңді бастан өткеріп келе жатқан Иран-Тәжікстан байланыстарында да жаңа бір кезең басталып келеді. Сон­дықтан келесі кезеңде Иран­ның сыртқы сая­сатта Азия ба­ғы­тындағы бел­сен­ділігінің арта түсетінін айтуға болады.

Иранның ШЫҰ-ға мүше болуы ұйымдағы мұсылман елдердің санын арттырады. Негізінде, ШЫҰ-ның Душанбе саммитіне қатысқан Беларусь президентінен басқа, мемлекет башыларының барлығының мұсылман елдерінен болуы да қызықты кездейсоқтық.

Бұған қоса, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы хатшы­лығы мен Араб мемлекеттері лигасы Бас хатшылығы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылуы, Иранды ұйым­ға мүшелікке қабылдау процесінің басталуы, сондай-ақ Қатар, Мысыр және Сауд Арабиясының жаңа диалог серіктестері ретінде қабылдануы ШЫҰ-дағы ислам әлемінің үлес салмағының арта түсетінін көр­сетеді.

Орталық Азия тұрғысынан Иранның ШЫҰ-ға мүше болуы аймақтың Таяу Шығысқа шығ­уын оңайлата түседі. Алайда бұл үшін Иран АҚШ-тың санкцияларынан құтылуға тиіс. Олай болмаған жағдайда АҚШ-ты өздеріне қарсы қойғысы келмейтін аймақ елдері Иранмен ынтымақтастық құрудан тартынатын болады.

Қорыта айтқанда, ШЫҰ-ның Душанбе саммиті бір жағы­нан ұйымның келешегі мен бел­сен­ділігіне қатысты түйткіл­дер­ді арттырып жатса, екінші жағынан аймақтағы елдердің ынты­мақ­тастығын күшейте түсуде.

Саммитте Тәжікстан, Пәкіс­тан және Иранның белсенділігі айқын байқалды. Тәжікстан сам­м­ит өтіп жатқан ел ретін­де көзге түссе, Пәкістан премьер-ми­нистрі Имран Хан Орталық Азия ел­дерімен одан да жақын ынты­мақ­тастық құру мүм­кін­ді­гіне ие болды. Иранның жаңа сайланған Президенті Ибрахим Рейсидің шетелге тұңғыш ресми сапары болып саналатын Душанбе саммиті Тегеранның сыртқы саясаттағы жаңа ұстанымын жариялауы секілді қабылданды. 

 

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,

PhD докторы, Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы