Өнер • 23 Қыркүйек, 2021

Көкшедегі театр тойы

335 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылғанына – 25 жыл! Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған өнерлі өлкеде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және театрдың төл мерекесіне орай ІІІ аймақтық театр фестивалі өткізілуде.

Көкшедегі театр тойы

Ширек ғасыр бойы көзі қырақты көрерменіне қуаныш сыйлап, рухани әлемін сәулелендіріп келе жатқан өнер ордасының ілкімді ізденісінің, тынымсыз талпынысының арқасында қол жеткізген табысы толымды. Сол бір қуанышты сәт күні кешегідей көз алдымызда. Көкшетау топырағында қазақ театрының ашылуын өнерқұмар қауым нешеме жылдан бері тағатсыздана күтіп жүрген болатын. Бір кем дүние осы театрдың жоқтығынан тәрізді еді. Кеңестік қасаң жүйенің кесірінен рухани әлемдегі олқы түскен оралымсыздықтың орнын өмірге келген театр өнерімен өрімдеп толтыратындай. Сол күнге жетсек дейтін Көкшенің игі жақсысы. Ақыры сол күн де келіп жетті. Ақ түйенің қарны жарылған сәтте бір-бірінен сүйінші сұрасқан, ақжарма ақ тілегін ақтарған ізгі ниетті адамдарда есеп жоқ. Тұңғыш қойылым да сүбелі. Театр шымылдығын Алаштың абыз қаламгері Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» спектаклімен ашты. Қою­шы режиссері жерлесіміз, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Жақып Омаров. Театр залы лық толды. Көкшенің қазынасы іспетті елдің абыз ағалары да, ақ жаулықты әжелер де, жүздеріне күлкі үйірілген, қуаныштан алабұртқан жас толқын да осында. Бәрі тылсым бір сырдың лебін тосқандай, алдарынан сиқырлы әлем ашылардай. Сөз арасында сол жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының бір топ жас түлектері жаңа театрға келіп орналасқаннан ел хабардар болатын. Тұңғыш қойылым өте сәтті өтті.

Осы сәттен бастап театрдың өрлеу жолдары басталды. 2001 жылдың қыркүйек айында Мысырда өткен әлемдік театр фестивалінің бес жүлдесінің бірін иеленіп, атақтары аспандады. Өнер ұжымына қанат бітірген қамқорлық аз емес еді. 2004 жылы қазақ театрына облыстық бюджеттің есебінен ғимарат тарту етілді. Сол жылы Сәкен сері Жүнісовтің мерейтойына орайластырылған аймақтық театр фестивалі ұйымдастырылып, өте жоғары деңгейде өтті. Театр ұжымы жүлделі екінші орынға ие болды. «Ең үздік сценография» аталымын жергілікті театрдың бас суретшісі, Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Мұрат Мақсұт иеленсе, «Ең үздік режиссура» аталымын Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Оспанов еншіледі.

Бүгінде театр репертуарында жүз­ден астам қойылым бар. Олар­дың ара­сындағы классикалық қойылым­дар­дан У.Шекспирдің «Король Лир», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», С.Жүнісовтің «Абылай хан», А.Камюдың «Калигула», драмалық қойылымдардан Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы», О.Бөкейдің «Атаукере», Ж.Ерғалиевтың «Жан шырылы» спектакльдерін атап айтуға болады. 2007 жылы театр ұжымы гастрольдік сапармен Қытай Халық Респубилкасында болып, Іле қазақ авто­номиялық облысының төрт ауданы мен Құлжа қаласында өнер көрсетті. 2011 жылы Украинаның Қырым автономия­лық республикасында өткен антикалық өнердің ХІІІ «Боспорские агоны» Халық­аралық театр фестивалінде классиканы жоғары дәрежеде сахналағаны үшін «Ника Боспорская» статуэткасын жеңіп алды. Мәскеулік және Украинаның беделді сахна шеберлері мен сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болған театр тәуелсіздік алғалы бері қазақ елі атынан мұсылман елдері арасынан тұңғыш қатысқан ұжым болды. Театр 2012 жылы Қостанай қаласында өткен І.Омаровтың 100 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестиваліне А.Камюдің «Кали­гула» қойылымымен қатысып, Гран-При жүлдесін еншіледі. 2013 жылы театр Қазан қаласында өткен «Ремесло+» жас режис­серлердің халықаралық ­театр фес­тиваліне И.Лаузундтың «Офис» қо­йылымымен (режиссері Ф.Қанафин) қа­тысып, дипломант атағына ие болды.

– Іргесі берік, шығармашылық әлеуеті зор ұжымның ширек ғасыр ішіндегі табысы толымды, – дейді театр директоры Мұратбек Оспанов.

 Рас, төрткүл дүниені бір дәннің қауы­зына сыйғызған жаман тұмаудың шығар­машылық жолға тұсау салып тұрғанын да айта кету керек. Фестивальға Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры, Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыс­тық қазақ музыкалық-драма театры, Сәкен Сейфуллин атындағы Қараған­ды облыстық академиялық қазақ драма ­театры қатысуда.

Әрине, фестивальдың өткізілу мақ­са­ты театрлық қойылымдарын дамыту және көпшілікке насихаттау, кәсіби шеберлікті шыңдау екендігі белгілі. Көкше театрында тоғысқан өміршең өнер бәйгесінде бір-бірімен тәжірибе алмасып, жетістіктерін саралап, әріптестерінің бойындағы ұшқын­нан қуат алады. Есесіне өнер тойы жалпыхалықтық мерекеге айналып, театр өнерін сүйетін қауым жарқын өнердің жақсылығымен жан жадыратпақ.