05 Ақпан, 2014

Көгілдір отын қымбаттай ма?

340 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
001-203Тұрғындар үшін газдың бағасы күрт қымбаттамайды. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында айтылды. Газ қазіргі таңда халықтың тіршілік көзіне айналғаны рас. Тіпті кейбір елді мекендерде көгілдір отынсыз күнкөрісті елестетудің өзі қиын. Астана маңына әзірге жете қоймағаны болмаса, ел халқының көбі осы газдың арқасында ғана тұрмысын түзеп отыр. Сол себепті де халық үшін оның бағасы қашанда маңызды мәселе. Әрине, ел Үкіметі газ құнын барынша тұрақты ұстауға тырысып жатыр. Соның нәтижесінде баға күрт көтерілмейді деп отыр. Десек те, алдағы мамырда қандай да бір өзгерістер болуы мүмкін. Алайда, Үкімет мүшелері ол өзгеріс оң сипатта болады деп болжауда. Кеше Премьер-Ми­нистр Серік Ахметовтің төрағалығымен селек­торлық режімде өткен Үкімет отырысында дәл осы газ ба­ға­сын қалыптастыру мәселесі талқыланған болатын. Онда баян­дама жасаған Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мен Табиғи монополияларды реттеу агент­тігінің төрағасы Мұрат Оспанов келтірген дәйектер алда газдың бағасы тұрғындар үшін тұрақты болатынын көрсетті. «Мұнай және газ министрлігі ішкі рыноктағы тауарлы және сұйытылған мұнай газының көтер­ме саудадағы шекті бағасын анық­тау ережелеріне өзгерістер енгізуді көздеуде. Ұсынылып отырған өзгерістер нәтижесінде газдың ішкі рыноктағы түпкілікті бағасы оң өзгеріс тауып, «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық операторы үшін газ бағасының төмендеуіне әкеледі деп күтілуде. Ұлттық оператор жүргізген сараптаудан кейін ми­нистрлік бекіткен, газды сату-сатып алу бағасы бойынша ке­лісімдер жасалатын болады», деді Ұ.Қарабалин. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов тұтынушылар үшін газдың бағасы инфляциялық дәліз аясында ағымдағы жылдың 1 мамырында анықталатынын алға тартты. «Таяу арада газға тарифтерді әртараптандыру әдістемесін әзірлеуді аяқтаймыз, ол бағаны берілген инфляциялық дәлізде ұстап тұруға мүмкіндік береді», деді ол. Сонымен бірге, экспорттық-транзиттік ауыстырып құю үшін тариф төмендеп, ішкі тұтынуға жоғарылайды», деді М.Оспанов Баяндамашылардың айтуын­ша, әр облыс үшін көтерме баға­ны­ анықтау кезінде әлеумет­тік ас­пектілер, өңірде газ ре­сурс­тары­ның болуы немесе болмауы, сон­дай-ақ, газ бағасының ағымдағы деңгейі ескеріліп, әр облысқа жеке ықпал жасалды. Демек, баға қалыптастыру тұжырымдамасы ұлттық оператордың бір де бір өңірде табыс табуын көздемейді деген олар таяу арада халық үшін ешқандай бағаның күрт өзгеруі болмайтынына сендірді. «Ұсынылған газ бағасы дең­гей­лерінің өзінде ұлттық опера­тор газды ішкі нарықта сатудан шығынға ұшырайды», деп то­лықтырды М.Оспанов. Бұл мә­лімдемені Үкімет басшысы да құптады. «Бір ай ішінде анық та ашық, түсінікті цифрлар болады деп ойлаймын. Олар бағаның төмендеуіне қарай бағытталады, ал елеусіздеу ғана көтерілуі мүмкін, ол бірақ, тұрғындар үшін газ бағасының күрт секіруіне әкелмейтін болады. Қолымызда бар деректер де осыны дәлелдеп отыр», деді С.Ахметов. Осыған орай, Үкімет басшысы Мұнай және газ министрлігіне ішкі рынокта бірыңғай көтерме баға енгізуді қамтамасыз етуді, Табиғи монополияларды реттеу агенттігіне реттемелі рыноктар субъектілері үшін тауарлы газға баға есебі әдістемесін бекітуді тапсырды. Отырыстан соң журналистерге берген сұхбатында Мұнай және газ министрі Ұ.Қарабалин Қазақстанда енді 10 жылдан кейін газ тапшылығы сезілуі мүмкіндігін айтып өтті. Бұған газды кері айдау көлемінің артуы себеп болуда. Атап айтқанда, Қазақстанда өндірілетін газдың 90 пайызы ілеспе газ болып табылады. Қазіргі кезде өндірілетін мұнайдың ілеспе газының бір бөлігі, яғни шамамен 30 пайызы жер қабатындағы қысымды сақтау үшін кері айдалады. Осы ретте, министр елімізде ішкі нарықта газ тапшылығының алдын алу бойынша, сондай-ақ геологиялық жұмыстарды жандандыру мен жаңа газ кен орындарын пайдалануды іске қосу тұрғысындағы жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Яғни, елімізде газ саласын дамыту тұжырымдамасында аудандарға, елді мекендерге және басқа да нысандарға газ тартудың басымдығын анықтау бойынша өлшемдер айқындалады. Осыған сәйкес, газ балансы ауысуы мүмкін. Ұ.Қарабалин, сонымен қатар, газды даярлау бойынша бірыңғай инфрақұрылымды енгізу, ішкі нарыққа газды жеткізу бойынша көліктік инфрақұрылымды әртараптандыру және басқа да мүмкіндіктер қарастырылатынын атап өтті. Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе азаматтық авиацияның жағдайы мен оны ИКАО талаптары шеңберінде одан әрі дамыту перс­пективалары болатын. Осыған орай, Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев қазіргі жағдайды баяндады. Оның айтуынша, 2017 жылға қарай Қазақстанда ішкі әуе рейстері саны 50 пайызға, халықаралық әуе маршруттары саны 1,5 есеге көбейеді. 2018 жылы барлық облыс орталықтары әуежайларындағы ұшу-қону жолақтарын жаңғырту толық аяқталып, жолаушылар тасқыны өсімі 70 пайызды құрайтын болады. Үкімет отырысында, сондай-ақ, «Эйр Астана» компаниясының вице-президенті Ербол Оспанов, «Скат» АҚ президенті Владимир Денисов, ИКАО техникалық әріптестік бюросының жетекшісі Орлин Тончев сөйледі. Кеңесті қорытындылай келе, С.Ахметов Мемлекет басшысының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аймақтық әуежайлардың инфрақұрылымдарын дамыту және транзиттік әлеуетін пайдалану, сондай-ақ, әуе тасымалы қызметін ұсыну деңгейін арттыру мәселелерін тұрақты көтеріп келе жатқанын атап өтті. С.Ахметов Көлік және коммуникация министрлігі алдына ИКАО талаптарына байланыс­ты барлық мәселелерді шешу міндетін қойды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар