05 Ақпан, 2014

Стратегиядан туындайтын міндеттер

330 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтауда өткен актив жиынының басты тақырыбына айналды

0-a33Ел арасында жиі жүретіндік­тен соң пікірлерге де қанықпыз. Жұрт­шылық биылғы Жолдаудың жылдағылардан ерекше болған­ды­ғын айтуда. Олар Жолдаудың кең айтылып, тез таралуын халыққа жағымды естіліп, оңтайлы келген тұстары аз емес екендігімен түсіндіреді және өз кезектерінде пікірлерін айтудан қалыс қалмауда. Қазақстан Республикасы Пар­ла­­менті Сенатының Төрағасы Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың мұнайлы өлкеге кешегі сапары дәл осындай кезеңмен тұспа-тұс келді. Төраға Мем­лекет басшысының «Қазақ­стан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүд­­де, бір болашақ» Жолдауын ха­лыққа түсіндіру мақсатындағы са­парын Ақтау қаласында облыс ак­тивімен кездесумен бастады. Ал­ғашқы сөзді алған аймақ басшы­сы Алик Айдарбаев астаналық деле­гацияға Маңғыстау өңірінің әлеу­мет­тік-экономикалық даму ырғағы мен Елбасы Жолдауын насихаттау, түсіндіру бағытында жасалып жат­қан­ жұмыстар барысынан хабардар етті. Жолдау жайлы ауқымды баяндама жасаған Қ.Тоқаев: – Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Елбасы жариялаған «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы жүзеге асырыла бастады. Биылғы Жолдау осы Стратегияның басты мақсаты – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кірудің нақты жоспарын жан-жақты баяндап берді. Бұл санатқа енуіміз үшін біз жаһандық бәсекеге төтеп бе­руіміз керек. Елімізде табысқа же­тудің алғышарттары толығымен қалыптасқан. Еліміздің даму дең­гейі әлемдегі оң үрдістердің бет­алысымен толық сәйкес келеді, – деп күллі қазақстандықтарды ұйыс­ты­рып, алыс болашаққа бастайтын «Мәңгілік Ел» идеясына тоқталды. Сенат Төрағасының айтуынша, Мәңгілік Елге айналу үшін әрбір қазақстандық тынбай, нәтижелі еңбек етуі қажет. Таяудағы 15 жылда ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыру арқылы Қазақстанның тұрақты дамуы қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл міндет шын мәнісінде инновациялық сипатқа ие, өйткені, ол еліміздің индустриялық жағынан дамыған әлемге кіруін көздейді. 0-a34Сондай-ақ, Жолдаудағы ұлттық дамудың жеті басымдығына тоқталған Қ.Тоқаев олардың әрқайсысының өте маңызды екендігін және күрделі міндеттер жүктейтіндігін, сондықтан жоспарды берік ұстанып, тапсырылған міндеттерді орындауға барша болып және барынша жұмылу қажеттігін айтты. Мемлекетіміздің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ететін «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы Парламенттің рөлі туралы айтқан Сенат Төрағасы аталған құжатты заңнамалық жағынан сапалы қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті. – Мемлекеттің саяси жүйесіндегі Парламенттің алатын орны ерекше. Басқа елдермен, оның ішінде кейбір демократиялық елдермен салыстырғанда, еліміздің заң шығарушы органына елеулі өкілеттіктер берілген, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламенттің жоғарғы палатасының жергілікті билік органдарымен өзара тығыз іс-қимылы, Сенаттың негізгі құрамы өңірлердің өкілдерінен құралатынын айта келіп, «өңірлердің мүддесі дәл осы Сенатта тиімді ескеріледі», деді. Сенатта өңірлерді дамыту және ұлттық заңнаманы жетілдіру бойынша мемлекеттік саясатты, Президенттің бастамаларын түсіндіру мен насихаттау мақсатындағы «Өңір» депутаттық тобының жұмыс істейтіндігін айтып, 2013 жылы Парламент Сенаты атқарған жұмыстар барысын және жақын уақытта аталған стратегияны жүзеге асыруға қатысты қаралатын заң жобалары бар екендігін атап көрсетті. Жолдаудағы инновациялық индустрия­ландыру, агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігін арттыру, агломерацияны, көліктік инфрақұрылым мен энергетиканы, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік институттар қызметін жетілдіру туралы айта келіп, ғылымға негізделген экономика құру туралы тапсырмаға арнайы тоқталды. Маңғыстау – жан басына шаққандағы жалпы өнімнің көрсеткіші бойынша еліміздегі ең жоғары аймақтардың бірі. Мұнай мен газдың аса бай қоры бар, еліміздегі мұнайдың төрттен бір бөлігі өндірілетін, ірі отандық және шетелдік компаниялардың қаржылық мүдделері шоғырланған Маңғыстаудың мұнайы мен газының құрамдас бөліктері әлемде ең көп сұранысқа ие болып отырған өнеркәсіп – мұнай-химия саласын дамыту үшін нақты мүмкіндіктер туғызады. Сол күні Сенат Төрағасы, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Қ.Тоқаев «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мүшелерімен, «Жас Отан» өкілдерімен кездесіп, партия мүшелері алдына Н.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауында және «Нұр Отанның» XV съезінде айтқан тапсырмаларын орындау жөнінде бірқатар міндеттер қойды. Партияның Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруға қоғамды жұмылдыруға, түсіндірме жұмыстарын жүргізуге міндеттілігімен қатар, қарапайым адамдардың нақты мәселелерін шешу, олардың құқықтарын қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жасалатын қамқорлық, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстардың маңыздылығын атап көрсетті. Қ.Тоқаев Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің студенттері және профессорлық-оқытушылар құрамымен, «Магабред» ЖШС нан зауытының еңбек ұжымымен кездесті. Сенат Төрағасының сөзіне пікір қосқан жергілікті азаматтар ұсыныстарын да ұмыт қалдырған жоқ. Жоғарғы палата Төрағасы ұсыныстарды аяқсыз қалдырмауға тырысатындығын жеткізді.  Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы
Соңғы жаңалықтар