Теннис • 27 Қыркүйек, 2021

Нұр-Сұлтанда WTA 250 Astana Open турнирі басталды

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда ерлер арасында өткен теннисшілердің аса ірі халықаралық турнирі аяқталған бетте әйелдердің WTA 250 Astana Open деп аталатын дүбірлі додасы басталды. Жүлде қоры 235 000 АҚШ долларын құраған жарыста әлемнің бірқатар мемлекеттерінен келген танымал ойыншылар өнер көрсетуде, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтанда WTA 250 Astana Open турнирі басталды

Айтулы турнир WTA Tour сериясына жататындықтан оған тек әлемдегі «ТОП-100» ойыншылар ғана қатыса алады. Ал қалғандары іріктеу сынына өтуге тиіс. Негізгі бәсекеге жолдама алу үшін бірнеше қазақстандық теннисшілер бақ сынады. Өкінішке қарай, олардың біреуінің де жолы болмады. Атап айтсақ, Татьяна Николенко Наталья Вихлянцеваға, Гозаль Айнитдинова беларуссиялық Юлии Готовкоға, София Чурсина польшалық Урсула Радваньскаға, Дана Байдәулет ұлыбританиялық Кэти Бултерге және Екатерина Дмитриченко украиналық Валерии Страховаға есе жіберді.

Жарыстың негізгі бөлігінде Қазақстанның төрт теннисшісі күш сынасу құрметіне ие болды. Кеше Юлия Путинцева грузиялық Екатерина Горгодземен ойнаса, Анна Данилина франциялық Кристина Младеновичпен сайысқа түсті. Жібек Кұламбаева бельгиялық Элисон Ван Эйтванкке қарсы шықса, Зарина Диас іріктеу сынында топ жарған ойыншылардың бірімен шеберлік байқасады.

Алдағы күндері Astana Open турнирінде жоғарыда есімдері аталғандардан бөлек, чехиялық Кристина Плишкова, аустралиялық Арина Радионова, бельгиялық Гретье Миннен, хорватиялық Ана Конюх, беларуссиялық Вера Лапко сынды есімі спорт сүйер қауымға жақсы таныс ойыншылар кортқа шығады.