Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2021

Ерінбеген кәсіпкер болады

364 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнес субъектілері санының артып, жергілікті өнім өндірушілер қатарының толығып келе жатқанына дер кезінде қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың қосқан үлесі зор.

Ерінбеген кәсіпкер болады

Азаматтарымыздың өз мүмкін­дік­те­ріне қарай кәсіп ашып, табыс тауып, салық төлеп, бизнес аясын кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтуына мүмкіндік беретін әлеуметтік мега­жо­ба­лардың тиімділігін Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев «Бастау Бизнес» жо­басы форумы қатысушыларына арна­ған үн­деуінде атап өткен. Елба­сы кәс­іп­кер­лікпен айналысуға құл­шы­ныс­ты тұрғындар қатарының көбеюіне мем­ле­кеттің шағын және орта бизнеске қатысты заңнаманы жетілдіріп, салық ауыртпалығын азайтып, әкімшілік рәсімдерді қысқартып, несие ресурстарына қолжетімділікті арттыру саясаты себеп болғанын, қазіргі таңда шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін адамдардың саны 4 млн-ға, ал оның ішкі жалпы өнімдегі үлесін 35%-ға жеткізу үшін біраз шаруа атқарылып жатқанын айтқан.

Расында да, «Бастау Бизнес» бағ­дар­­ламасының қолдауы арқасында көптеген жұмыссыз азаматтар, мү­ге­дек жандар, көпбалалы не өмір­дің түрлі сынағына тап болған қыз-келіншектер бизнесте өз орындарын тауып жатыр. Мәселен, Ақтөбе облысында «Бастау Бизнес» арқылы «Атамекен» өңірлік палатасында кәсіпкерлік негіздеріне оқып, мемлекеттен 550 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие бол­ған тұр­ғын­дар екі жылдан соң «Бизнестің жол картасы – 2025» бағ­дарламасы шең­берінде несие рә­сім­деп, не қайта­рым­сыз грант ұтып, кә­сіп­керлік аясын ке­ңейтіп келеді.

 Кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті ақтөбеліктерге ерекше мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарламаның көш басында 2013 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы – 2020» (өткен жылы «Бизнестің жол картасы –2025» биз­несті қолдау мен дамытудың мем­ле­кеттік бағдарламасы болып өз­гер­ді) және жұмыссыз азаматтардың кә­сіп ашуына мүмкіндік беретін «Бастау Бизнес» бағдарламасы тұр. Жеке кәсіпкерлерді арзан несие ресурс­та­ры мен қайтарымсыз грант беру ар­қы­лы қолдайтын «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша биыл Ақтөбе облысында 8,3 млрд теңгеге 1 895 жоба несиелендірілді. Соңғы екі жылда осы бағдарламаның қай­тарымсыз грант беру қоры да бір­не­ше есе ұлғайды. Мәселен, 2018 жылы облыста 18 жобаға 40 млн теңге, 2019 жылы 33 жобаға 61 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілсе, 2020 жылы 140 млн теңгеге 34 жоба қаржыландырылды. Жобаға қатысқан кәсіпкерлер грант қаржысын шикізат, жабдық, қондырғылар сатып алуға жұмсайды. Жалпы, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша сегіз жыл ішінде Ақтөбе облысында 363,6 млн теңгеге 141 қайтарымсыз грант берілсе, оның 58 пайызы іске асып, грант иегерлері 94 жұмыс орнын құрды.

Аталған бағдарламаның шарты бойынша қайтарымсыз грантқа қол жеткізген азамат 18 ай ішінде жобаны іске асыруға тиіс. Бөлінген қар­жы­ның мақсатты жұмсалуын мони­то­рингтік топ қадағалайды. Бақы­лау­дың да өз мерзімі бар. Мәселен, 2020 жылы қолдауға ие болған жобаны мониторингтік топ 2023 жыл­дың 1 тоқсанында тексереді. Егер осы мерзім ішінде кәсіпкер дым бітірмеген болса, қаржыны кері қай­таруы тиіс. Ондай жағдайда облыстық кәсіп­керлік басқармасы шартты орын­да­маған кәсіпкердің үстінен сотқа ша­ғым­данады.

Ақтөбе облысы бойынша тиім­ді­лі­гін көрсетіп келе жатқан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының грант конкурсына өтінімдер биыл 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Qoldau.kz платформасы арқылы қа­был­­данды. Ал осыған дейін жобаға қа­тысушылар құжаттарын аудандық кәсіпкерлік бөлімдеріне келіп, қағаз жүзінде тапсыратын. Аудандық кәсіп­кер­лік бөлімдері барлық құжатты Ақ­тө­­бедегі конкурстық комиссия қа­ра­уы­на ұсынатын.

 Құрамына кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мекеме қызметкерлері, бұ­қа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдері кірген комиссия мүшелері 403 өтінімді үш күн бойы қарады. Айта кету керек, биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы грант кон­курсының қоры 140 млн теңге. Оның 21 млн-ы 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер үшін республикалық бюджеттен бөлінсе, 119 млн-ы жергілікті бюджеттен толықтырылды. Облыстық кә­сіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеубергеновтің айтуын­ша, биыл жобаға қатысуға құжат тап­сыр­ғандардың 65 пайызы ауыл кә­с­іп­кер­ле­рі болса, 20 пайызы – әлеу­мет­тік осал топ өкілдері.

 Аудан кәсіпкерлері комиссия оты­рысына аудандық кәсіпкерлік бө­лімдерінен Zoom платформасы арқылы шықты. Облыс орталығынан түскен өтінімдер ең соңғы күні қа­рал­ды. Назар аударарлығы, биыл ауыл шаруашылығына қатысты жобалар саны көп болды. Соның ішінде асылтұқымды ешкі, қойдың гиссар тұқымын, бие сатып алуға, құс өсіруге, омарта ұстауға, жылыжайда құлпынай, алма ағаштарын өсіруге бағытталған жобалар саны көбейген. Мал азығы, соның ішінде жоңышқа өсіріп, оны баулап сатуды жоспарлаған ауыл адамдары да көбейген. Суды аса көп қажет етпейтін, тамыры мықты жоңышқаның құнарлы азық екені белгілі. Қияр мен қызанақ өсіретін жылыжайдың тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтарын сатып алуға грант алғысы келеді. Өтінімдер саны жағынан Алға, Әйтеке би, Шалқар аудандарының, ал бизнес-жобаларының сапасы бойынша Байғанин, Ойыл, Темір ауданының жеке кәсіпкерлері ерекшеленді. Бірін-бірі қайталаған жобалар, тіпті интернеттен көшіріп алған бизнес-жобалар да кездесті. Жергілікті жағдайдың қа­жеттілігіне онша келіңкіремейтін, қар­жы шығындарын мақсатсыз ұлғай­тып көрсеткен жобалар да болды. Айта кетерлігі, «Атырау-Ақтөбе» тас­жо­лының қайта салынуымен Темір, Алға аудандарының тұрғындары жол бойында көлік жөндейтін орталықтар ашу үшін құрал-жабдық сатып алуға қаржы сұрайды. Ойыл ауданының тұрғыны Дархан Айдаров Ойыл орман шаруашылығы мекемесіне қа­рас­ты аумақта 800 түп алма өсіріп, бірнеше ауданды алмамен қам­та­ма­сыз етпекші. Сөйтіп, 1990 жыл­дардың тоқырауында қараусыз қа­­лып, қурап кеткен алма бағын ті­рілт­пек болған ауыл кәсіпкерінің ұсы­нысы тамаша. Әйтеке би ауданынан ұсынылған 21 жобаның ішінде құрылысқа қажетті блок кірпіштер мен жаяу жүргіншілерге арналған тас төсеніштер жасайтын цех, үй тұрмысына қажетті темір бұйымдарды жасап, дәнекерлейтін цех жобасы назарға ілінді. Осы ауданнан 3 адам жылыжайдың құрал-жабдықтарын сатып алуға қайтарымсыз грант сұрайды. Бір кәсіпкер жылыжайда раушан гүлдерін өсіріп-сатқысы келсе, екіншісі қой жүнінен пальто тігіп сатпақшы. Темір ауданынан ұсынылған 19 жоба­ның арасында құлпынай өсіріп-сату, токарь шеберханасын ашу жобалары ерекшеленді. Бірақ неге екені бел­гісіз, темірлік тұрғынның бизнес-жоба­сында құлпынайдың жабдығына қарағанда, тұқымы қымбатқа түскен. Мәселен, ол аумағы 48 гектар жерге құлпынай көшеттерін сатып алуға 3 млн теңге сұрайды.

Қарғалы ауданының тұрғыны Нариман Мөңкебаев 300 кг жүкті кө­те­ретін трактор жасап шығарған. Биылғы гранттың ноу-хауы осы деуге болады. Өзі құрастырған тракто­рын көрсетті. Жеңіл тракторы ауыл көшелерін қардан аршу, көмір тиеп-түсіру, шөп әкелуге таптырмас көлік екен. Нариманның қолдан құрастырған көлігін қазір ауылдағы шаруа қожалықтары жалға алып кетеді екен. Шебер ұста ескі тех­­никаларды жинап, түрлі трактор жа­сауға ниетті. Бірақ қаржысы жоқ. Ол фрейзер станогын, жартылай автоматты дәнекерлеуші станоктар сатып алуға қаржы сұрайды.

Биыл гидропоникамен айналысуға ықы­ластылар саны артқан. Бұл де­геніңіз жылыжай сияқты жабық ғи­маратта қатарластыра қаланған сөре­лерге дәнді дақылдарды өсіріп, оның жас өскіндерін орып сату екен. Тары, арпа, бидайды осындай тәсілмен өсіріп, мал азығы үшін сатуға қоюды жоспарлағандар көп. Дегенмен біздің жағдайымызда гидропоникада өскен арпа-бидаймен жайылымдағы малды азықтандыра алмайсың. Қалай болғанда да көпжылдық өсімдіктер егу, соның ішінде жоңышқа өсіру қолайлырақ болар. Аралас құс етінен (тауық пен үйрек, қаз бен күркетауық, тауық пен қаз) бұқтырылған, тартыл­ған ет түрінде жартылай фабрикат әзірлегісі келетін алғалық кәсіпкердің жобасы ұнады. Мүгедек балаларға ар­налған арнайы консервілік тағам­дар әзірлеу, мүгедектерді оңалту ор­талығын ашуға құрал-жабдық сұра­ған медицина қызметкерлерінің ұсынысы да – бизнестің әлеуметтік сипат ала бастағанының айғағы.

Комиссия отырысына қатысып, әртүрлі бизнес-жобаларды қарай оты­рып, тұрғындарымыздың ауыл шаруа­шылығы, туризм, таза табиғи өнім­дерден киім тігу, бұйымдар жа­сауға ықыласты екендіктеріне ерекше қуандық. Алайда кәсіпкерліктің жолы оңай емес. Қолдан жасалған бұйымды сата білу де керек. Осы жағынан кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін тұрғындарға ауыл әкімдері, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, «Атамекен» палатасының бизнес-тренерлері ұдайы көмектесіп отыруы қажет. Соның ең басында ауыл әкімі тұрады. Өйткені қандай да бір ауылдың қажетін, ең алдымен, сол ауылдың басшысы біледі ғой. Ауыл адамы бидай еге ме, қымыз өндіре ме, не ірімшік цехын аша ма, әлде темір соғып, қақпа жасай ма? Сырттай қарағанда, осы шаруалар ұсақ-түйек болып көрінсе де, ауыл кәсіпкерлігінің аяқтан тұрып, жанданып кетуі үшін әрқашан да маңызды болып қалмақшы.

 

 Ақтөбе облысы