Әдебиет • 27 Қыркүйек, 2021

Әуезовтің ғадеті

891 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жұмыс кабинетіміздің бір қабырғасын тұтас алып Абай мен Шәкәрімнің, Алаш қайраткерлерінің, сол ретте, әрине, Әуезовтің де портреті ілініп тұр. Сол портреттерден азаматтар, арда туған перзенттер ғана емес, дәуір қарап тұрғандай, тау мен дала, тарих пен тағдыр, замана мен ғасырлар, атамыз қазақ көз салып тұрғандай аласапыран бір күйге душар етері де бар.

Әуезовтің ғадеті

Апырай деймін, сурет деген – адам өмірі аққан жұлдыз іспетті болса, соның бір мезетке ғана тоқтап қалған сәтіндей екен-ау. Сол суреттің түсірілген уақыты қай тұс екен, қандай көңіл күймен келіп, қандай ой кешіп, сезім буып, қандай жағдайда түсті екен. Әлбетте, бұл портреттердің дені заманымыздың суретшілерінің қиялы, дей тұрсақ та олар да қайсыбір нақты фотографиялық суретке сүйенді емес пе. Қазақ әде­биеті алыптарының қилы тағ­дырының қай сәті таңбаланып қалды екен бұл суретте?!.

Мысалы, Мұхтар Омарханұлы осы бір суретке түсер алдында қай­дан келді, қай мезгіл, қай сағат еді, қандай халде еді жазушы? Оны зерттеп табуға да болады, бі­рақ әңгімеміз ол жайлы емес, кейінгі буынға кенепке жағылған бояу­дай сіңген, мінез болып жұғып, дәстүр болып қалыптасқан Әуезовтің ғадеттері, сөз мысалы, сөйлеу мә­нері, әрқилы ситуацияда өзін ұс­тауы, жиі қайталаған сөздері, жиі жасаған қылықтары жайында.

Фотограф «Мұхтар Омар­ханұлы, бір қырындап отырасыз ба?» дегенде, классик әдетінше «пә­лі» деп қалды ма екен? Әуе­зовтің ең жиі қолданатын сөзі де осы «пәлі» болған екен, көңіл күй одағайы.

«Пәлі, бәлі» сөзінің түп-та­мыры қайда жатқанын кім білсін, парсы тілді халықтар «иә» де­генді ауызекі тілде «бале» деп қол­данушы еді, содан ба екен. Біздің қолданысымызда құптауды, қолдауды, қолпаштауды, таң­дануды да білдіріп жататын осы одағай сөзді Мұхтар Әуезовтің де алуан мәнде, алуан көңіл күйде айтқанын аңғарамыз.

Рахымжан Отарбаев бір эссе­сінде «Манас» жырының ақталуы жайлы сүйінші хабарды естіген Әуезовтің көңіл күйін «Таң тор­ғайы шырылдағанда барып Саяқ­бай тізгін тартты. Мұхаң терең ой құшағынан сонда ғана босанғандай селт етіп, көзі жасаурап, мұрнын әдеттегідей саумалап: «Пәлі, пәлі!» – дей берді…» деп береді. Мұн­да Мұхтар Омарханұлының «пәлі» сөзін разылықпен, шү­кіршілікпен, насаттанумен айт­қанын сезінеміз. Ал Сәкен Има­насов Тахауи Ахтановтан естіген естелігінде: «Мұқаңның әртүрлі сынға ұшырап жүрген кезі болатын. «Абай жолының» кезекті бір талқылауында баяндама жасау маған тапсырылды. Алғашқы бес-алты бетте Мұқаңа деген махаббатымды үйіп-төге мақтап келдім де, енді... Осыдан арғысын академик Ахмет Жұбановтан естідім, – дейтін Тақаң. – Мен мақтап тұрғанда Мұқаң қасында отырған Ахаңа сыбырлап: «Осы бір аса білімді, талантты жігіт. Оқығаны да, тоқығаны да көп мұндай жігітті біле жүру теріс болмайды!» деп сыбырлап отырыпты да, мен: «Бірақ романның мынадай-мынадай кемшілігі де (маған солай тапсырылған ғой) бар», – дей бастағанда: «Пәлі, мынау да көп пысықтың бірі болып шықты ғой!»  деп, өңі күреңіткен қалпы Ахаңнан мойнын бұрып әкетіпті», дейді. Бұл естеліктен Әуезовтің «пә­ліні» наразы пейілмен, назала­нып қолданғанын түсіну де қиын емес.

Кең Әуезов, кен Әуезов мұндай сипаттағы сүрлігулердің сырын әріден таниды ғой, сондықтан інісі Тахауи Ахтановтан сол үшін теріс айналып та кетпеген. Ака­де­мик Серік Қирабаев ««Пәлі, бо­лам, болмағанда ше; әдебиетке, сынға араласып жүрген бірқатар жас жігіттер – анау Төкен, анау Тахауи, анау Зейнолла (бәрі де сыннан бастаған ғой) – бәрің де кандидат болуларың керек, ғылымға араласу керек», деп зор ілтипатпен қарсы алғаны есімде», деп еске алады. Осы тұстағы «пәлі» қолдаудың, қорғаудың, тілеуқорлықтың күйін білдіріп те тұр.

Серік Қирабаев осы естелігін әрі қарай жалғастыра отырып, «Бір жолы Ғабиденнің үйінде дәм­дес болғаным бар. Онда да Мұқаң көңілді әңгімемен жұрт назарын аударып отырды, үзіліс кезінде Ғабит пен Ғабиден карта ойнауға отырғанда Мұқаңның ренжіп:  «Пәлі, бұлар сөйтеді енді... Өнбес іске жандары құмар. Мәдениетті ортада әдебиет, өнер жайында әңгімелер айтып, ақындары болса, өлең оқып отырмас па!» дегенін естігем», деген бір уақиғаны сурет­тейді. Мұндағы қолданыстан құ­былмалы көңіл күйден шыққан қы­жыртпа сөзді емес, қоңыржай сәттегі қою әңгімеге ойынды қо­ңылтақсып тұрғанын түйсінеміз. Естеліктер арқылы Әуезовтің портретін жасай отырып Қирабаев «Орысша жақсы білесіз, неге орыс­ша жазбайсыз?» деген сұ­раққа: Пәлі, орысша жазу үшін орысша тіл білу жеткіліксіз. Орыс­ша түс көру керек. Мен ылғи түсті қа­зақша көремін», деп жауап берген», дегенді қосады. Қазақша түс көретін Әуезовтің өз ойына осы сөз арқылы үстеме мән жүктеп тұрғанын тани түсеміз.

Мұхтар Әуезов жайлы естелік әңгімелерді естігенде, оқығанда көз алдымызға жазушының бейнесі мен әрекетін алып келетін тағы бір әдеті бар. Ол – мұрнын саумалау. Әуезов бұл әдетін де әралуан көңіл күйде еріксіз жасайды екен. Мәселен, академик Серік Қирабаев жоғарыдағы естелігінде «Онымен еркін, қысылмай әңгімелесуге болатын еді. Ол кім болса да өзімен тең санап, тең сөйлесетін. Тек қытығына тиіп алмасаң болғаны. Қытығына тисе, мұрнын жұлқып, ашуланып, қап-қара болып түнеріп кететін, кейде қатты сөздер айтып тастауға да баратын. Елуінші жылдардың айтыс-тартыстарында оның мұндай мінезін де көрдік», дейді. Ал Отарбаев жоғарыдағы эссесінде «көзі жасаурап, мұрнын әдеттегідей саумалап: «Пәлі, пә­лі!», дей берді», деп келтіреді. Та­­­ғы бір естеліктен мынадай жол­­­­­дарды оқимыз: «Байқаса, жас сын­­шы сыңарезулеп барады, ора­ғы­тып шауып қаламгерге біраз сын айтып тастайды. Сонда Мұхаң өзінің ойланғанда істейтін әдетіне салып, мұрнын саумалап тұрып қалған екен».

Осы бір үш жағдайдағы қы­лығын салыстырғанда, жазу­шы­ның мұрнын саумалайтын әдеті де әртүрлі көңіл күйде қайта­ланатынын аңғарамыз.

Жалпы, Мұхтар Әуезов жа­йын­да жазылған естеліктерді жүк қылып жиса, ел көше алмас­тай екен. Өзбек ғалымы, жазушы Иззат Атаханұлы Сұлтанов Мәскеуде Әуезовтің өзін саяси айыптан құт­қарып қалғанын айта келе, «Мұх­тар Омарханұлы қашанғы әде­тінше асықпайды. Елдің ең соңы­нан сөйлейді» (Қоңырбай Қа­зақтың жазуынша) дегенді кел­тіреді. Әуелде әдет қана болып көрінетін дүниенің асылында мінез болатыны, сол мінезден кісінің болмысы көрі­нетіні анық қой. Осы әдетінен Әуезовтің тұтас бір қыры ашылып тұр. Онда сал­мақтылық та, сабыр да, табан­дылық та, тұрақтылық та бар.

Серік Қирабаев жазушының күн режіміне қатысты: «Мұқаң ерте тұрып, 7 мен 8-дің арасын­да далада қыдыратын да, жас ғалымдарды, аспиранттарын сағат сегізден тоғызға дейін қабыл­дайтын. Тоғызда таңертеңгі асын ішіп, жұмысына отыратын. Есік­ті өзі ашатын. «Ешкімді де жұм­самаймын. Өйткені қонақ маған келеді ғой» дейтін», дейді. Мұндай әдеттер бірден пайда болмайды ғой, жылдар бойы қалыптасады, өмір жүйесінің өзгермес бір бөл­шегіне айналады. Қирабаевтың естелігі де жазушының кісі жұм­сауға бейілсіздігін қуаттай түседі: «Өзін сыйлай білгенге құшағы кең, мейірімі мол еді. Үйіне бар­ғанда, есігін қиналмай ашып, «бәрекелді, жақсы келдің» деп қарсы алатын».

Әдебиетші Ермек Қаныкей­ұлы­ның Абайдың шөбересі Ищағы Жағыпарқызынан жазып алған сұхбатын саралай отырып, ұлы жазушының бірқанша мінезін, әдетін, қылығын кезіктіреміз. Мә­селен, «Мұхтар Омарханұлы теме­кіні көп тартатын. Кабинеті таң­ертең түтін болып тұратын. Әсі­ресе жазу жазған кезде көп тартады. «Казбек» деген темекі». Сол есте­лікте Әуезовтің классик за­ман­дастарымен бильярд ойнай­тыны (үйінде бильярд үстелі болған), итті жақсы көретіні, үш көлік мінгені, тағысын-тағы талай хоббилері жайлы айтылады. Соның бірі – Мұхтар Әуезовтің аңшылыққа құмартуы. Мұны ерекшелеп алып отырғанымыз, Әуезовтің Ғабит Мүсіреповтің айтуынша «сұрмерген» бола тұрып, ұшқан құс, жүгірген аңға әдейі оқ тигізбейтіні назарымызды аудартты. Аңға шығып, «қоян тура алдымнан жүгіріп өтсін, сонда атамын ғой» деп серіктерін күй­діретіні, қалың ұшқан үйрек­ке қаңғыған оғы да тимей, Мүсі­ре­повтің «Мына шляпаның ас­тында Әуезов отырғанын ақы­мақ үйректер қайдан білсін» деп қа­ғы­татыны, бәрі-бәрі Мұхтар Омар­ханұлының табиғатын, жан дү­ниесін, шынайы бейнесін аша түседі.