Туризм • 27 Қыркүйек, 2021

Гуннар Гарфорс: Саяхат санаға сілкініс әкеледі

699 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Норвегияның азаматы Гуннар Гарфорс. 37 жасында әлемнің 198 елін аралап, 19 елді бір тәулік ішінде басып өтіп, Гиннес рекордын жаңартқан жиһанкез. 

Гуннар Гарфорс:  Саяхат санаға сілкініс әкеледі

2012 жылы бір күн ішінде бес континентті аралап шығып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қазақстанға төрт рет келіп кеткен Гуннар саяхатшы ғана емес, танымал журналист, бірнеше кітап авторы, хабар тарату (broadcasting) мен жаңа медианың өте ықпалды маманы. Мобильдік телевизияда дербестендірілген жарнама (personalized ads) қызметін және интерактивтіктің ілгері түрлерін алғаш енгізген. Осы тақырыптар бойынша көптеген конференцияда, компанияда, университетте, тіпті түрмелерде де дәріс оқиды екен. Қазақстанның Норвегиядағы елшілігінің өкілі Талғат Жұмағұловтың ұйымдастыруымен Гуннармен ғаламторда әңгімелесудің реті келді.

– Гуннар мырза, жуырда аустра­лиялық жаңалықтар порталына бер­ген сұхбатыңызда 2004 жылы Қыр­ғыз­стан мен Қазақстанның қонақ­жай­­лылығына тәнті болғаныңызды, сосын «стан» деген жалғаумен аяқ­та­ла­тын барлық елдерге бармақ бол­ға­­ныңызды айтыпсыз. Енді бізге сол са­парыңыз туралы айтып берсеңіз?

– 2014 жылы Қа­зақстан мен Қырғыз­станға жұмыс барысымен келіп-кетудің сәті түсті. Мені екі елдің де табиғаты қы­зықтырды. Содан кейінгі көңілімнен шық­қан фактор – қасымдағы адамдардың маған деген ықыласы. Олар мені турист емес, көптен сағынып күткен ағайыны, досы ретінде қабылдады.

Мен бұл сапарға туған бауырыммен бірге шықтым. Алғашқы сапарымыз Бішкектен басталды. Қазір табиғаттың таңғажайып сұлулығын көрсем, оны Алатау бөктерімен салыс­тыра қарайтын күйге жеттім. Қырғыз қыздарының қолынан татқан дәм әлі күнге дейін таңдайымда қалып қойыпты. Қырғыз бауырлар бізді жерден 4300 метр биікте, алаңқайға тігілген аппақ киіз үйде күтті. Таудың ортасындағы ша­ғын ғана алаңда аппақ киіз үй, хор қызындай көркем қыздардың иіліп қыз­мет қылып жүргені қандай керемет! Әдетте, Еуропа елдерінде қыздар плас­тикалық ота жасап, қасын, кірпігін, мұр­нын, тіпті ернін де түзетіп алады. Ал мұнда табиғи сұлулығын сақтаған әдемі қыздарды алғаш рет көрдім... Содан кейін сапарымызға себеп болған Қазақстанға ат басын бұрдық.

– Демек сапарыңыздың түпкі мақ­саты тек саяхаттау ғана болмағаны ғой?..

– Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық жиынға шақырылғанмын. Сапар бір күндік болғандықтан, жиын біткен соң түнгі қаланы араладық. Қазақтардың аз ғана уақыт ішінде айдың аузынан түсе қалғандай әсем қала салғаны кө­ңі­лімізден шықты. Мұнда да көптен кездес­пеген бауырды күткендей ықылас, қо­нақжайлылық пейіл алдымыздан шық­ты. Алматы жайлы бұрын да көп ес­титінмін. Ертесіне бауырым екеуміз сол Алматыға келдік. Алматы менің жү­регімде із қалдырған қастерлі қалалардың бірі болды. Неге десеңіз, мұнда тұңғыш рет бір көргеннен ғашық болып, құлай сүюдің не екенін сезіндім. Жасыратыны жоқ, қазақ қызына ғашық болып қалдым. Арада бірер жыл өткенде жүрегімді жау­лап алған арумен Берлинде кездестік. Атақты Медеуге барып, Шымбұлақты көрдік. Фото-тұзақ құрып, әлемде сирек кездесетін қар барысының тіршілігін сырттай қызықтадық.

Ерекше толқыдық! Бұл сезімді сөзбен жеткізу тіпті мүмкін емес. Осы сапардан кейін тек екі елмен шектелмей, Орталық Азия­ның бес мемлекетін де аралап шы­ғуға шешім қабылдадым. Мұндай ше­шімді Алматыда Шымбұлақта тұрып қабыл­дадым.

Сапар барысында Қазақстан мен Қырғызстанның туризм саласын дамыту бойынша атқарып жатқан шаруалары көңілден шықты. Қазір адамзатты қолмен жасалған дүниемен қызықтыра алмайсың. Оны алтынмен аптап қойсаң да оған ешкім селт етпейді. Ал табиғаттың сұлулығына селт етпейтін адам жоқ. Туризмнің тірегі де сол. Алатаудың бөк­теріндегі адам аяғы баспаған тұмса таби­ғатты бір көру үшін кез келген жиһанкез дүниенің бар қызығын тәрк етуге дайын екеніне бәс тігемін.

– Еуропада болғанда «станмен» аяқталатын елдерге деген көз­қарас­тың біржақты екенін талай рет бай­қа­ғанмын. Осы сапардан кейін біз­дің аймақтағы елдерге деген көз­қа­расыңыз өзгерді ме?

– Әрине! Мен оған дейін Орталық Азия елдері, сіз айтпақшы «станмен» аяқталатын елдерде болмағандықтан, бұл елдерге деген көзқарасым екіұдай еді. Қазақстанның «Медеу» мұз айдынында әлемдік деңгейдегі рекордтардың талай рет жаңарғанын сырттай ғана білетінмін. Бұлай деп бөле-жара айтуыма себеп те бар. Себебі қазақстандық атақты шаңғышы Владимир Смирнов біздің Норвегиядағы әріптестерімен талай бақ сынасқан. Қазақстанға соңғы рет 2017 жылы бардым.

– Сізбен сұхбатқа дайындық бары­сында осы сапар жайлы күнде­лік­теріңізбен танысып шықтым. Сонда Қыр­ғызстан «әрбір турист міндетті түрде көруі тиіс 12 елдің бірі» деп баға бе­ріпсіз. Қырғыз елімен біздің елді тек Алатау ғана бөліп тұр. Мұндай ше­шім­ге келуіңізге не себеп болды...

– Мен келісімшартқа отыр­ған басылым туристер бірінші кезекте баруы тиіс 12 мемлекетті атауымды өтінді. Орталық Азия елдері, оның ішінде Қырғызстан мен Қазақстанға келгенде қайсысына басымдық берерімді біле алмай қиналдым. Сіз айтпақшы, екі елді тек Алатау ғана бөліп тұр. Салт дәстүрлері де бір-біріне ұқсайды. ЕО ел­дері бір-бірімен тығыз, ал Орталық Азия елдері шашылып орналасқан. Көк тіреген Алатаудың өзі бұл елдерді бірер күнде кесіп өтуге мүмкіндік бермейді. Тіпті тарихтарының өзі тастарында таңбаланып қалған. Бастапқы кезде сіз айтқан 12 елдің тізіміне Қазақстан мен Қырғызстанды қатар қоспақ болғанмын. Бірақ бұл басылымның шартына сай келмейді екен. Мен Қырғызстанда демалдым, демалысымды ресми шаралармен араластырған жоқпын. Миым да, жүрегім де тек демалысқа ғана басымдық берді. Ал Қазақстанда болған күндерімнің жартысы жиындарға қатысумен өтті.

– Біздің ұлттық тағамдарымыздан дәм татқан боларсыз..

– Мен әңгімемнің соңғы түйінін осымен аяқтағым келіп отырған еді. Сіз ойым­ды дөп басып, тамаша әңгімеге жол ашып бердіңіз. Ұсынылған дәмнің әралуандылығы соншалықты, оның бә­рінің дәмін татуға мүмкіндігім болмады. Қазақ­тардың етті көп пайдаланатыны соншалықты, оған қосымша дәмдеуіштер қосудың қажеті де жоқ екен. Ет дәмінің таңғажайып екенін қазақ жерінде білдім.

Жылқы етінен жасалған тағам түр­леріне астың атасы деп қарайтын­да­ры­ңызды осы сапар барысында көрдім. Жыл­қы етінің дәмі шынында да тіл үйі­ріп, таңдайға таңбаланып, тамсандырады екен. Бірақ маған сиыр етінен жасалған тағамдар көбірек ұнады. Қымыз бен саумал, шұбатты алғаш ішкен соң ба, жатырқағанымды жасырмаймын.

– Қазақ еліне келіп кеткен соң әлем­дік турыңыздың басталғанын, 198 елге барғаныңызды күнделігіңізден оқы­дым. Мені таңғалдырғаны 1 тәу­лік­тің ішінде 19 елге барғаныңыз. Бұл мүмкін бе өзі?..

– Бізде бәрі мүмкін. Мен бұл сапарды әлемдік рекордты жаңартқан, санамда сілкініс тудырған сапарға теңеймін.

– Бұл сырт көзге сапар емес, ло­гис­­­ти­калық туризм ретінде қабыл­да­нады екен.

– О! Сіз логистикалық туризм деп дұрыс баға беріп отырсыз. Кейбір елге сапарымыз тек шекараны асып өтумен ғана шектелді. Бұл шынымен де осылай болды. Бұл сапар тек айтуға ғана оңай. Әлемдік рекордты жаңарту екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ. Мен бұл шыңды өзімнің жақын көретін жолдастарымның көмегімен бағындырғаным үшін тағдырыма ризамын. Қазір кез келген елге барсам, мені турист емес, досы, ағайыны келгендей қуанып қарсы алатын адамдар бар. 19 мемлекетті бір күнде аралау – үлкен дайындықтың нәтижесі. Мем­лекеттердің шекарасын тек ұшақпен емес, жалға алған автокөліктермен де кесіп өтуге тура келді. Бәрі алдын-ала жос­парланғандықтан, ұйым­­дас­тырыл­ғандықтан шекарада кедер­гі болған жоқ. Қай ел, қай қалаға бар­сақ та алдымыздан дәм-тұзын алып, күтіп тұрған адамдарды көрдім. Сізбен әңгіме алдында ұлы ақындарыңыз Абай Құнанбаевтың норвег тіліне аударылған шығармаларын оқып шықтым. Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дейді. Егер ой-сана Абай айтқан деңгейге көтерілсе, туризмге де даңғыл жол ашылар еді...

– Сіздің рекордыңызды жаңарт­қысы келетін ізбасарларыңызға ай­тарыңыз бар ма? Жалпы әлемдік тур­ға шыққысы келетіндер дайын­дықты неден бастау керек?

– Үй салу үшін құрылыстың ірге­тасты қалаудан басталатыны сияқты, дайындықты да өз айналаңыздан бас­тау керек. Содан кейін көрші ауданға, көрші облысқа, көрші елдерге назар аударыңыз. Сіздің аймақта бұған мүм­кіндік көп қой. Атақты Шыңғыс ханға алты ай берілмеген Отырар қаласының өзі керемет емес пе?! Әрі қарай Ақсақ Темір...

– 2004 жылы норвегиялық хабар таратушы NRK компаниясында әлемде ең алғашқы болып TV to mobile phones технологиясын қос­тыңыз. Қазір де ТВ, радионы интер­нетпен қатар дамыту керектігін жақ­тайтыныңызды білеміз. Осы қатар­ға газетті қосуға бола ма? Мен қыз­мет ете­тін «Еgemen Qazaqstan» газеті ақ­­параттық технологияның мүм­­кін­ді­гімен интеграцияланып кет­келі талай уақыт болды. Хабар-ошар­ды 24 сағат бойы таратады, видео-хос­тинг және бар. Газет-журналдың қазір­гі мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Радио, ТВ, интернет, сіз айтқан газет-журналдар әлі біраз уақытқа дейін бір-бірімен бейбіт қатар өмір сүре береді. Себебі аудиториялары әртүрлі. Бірінің мүмкіндігі бірінде жоқ. Олардың бәрін біріктіргісі келетіндер, әдетте, көп ақша табуды жоспарлайды. Газет немесе ТВ өнімнің сапасы көпшіліктің көңілінен шықса, инвесторлар үшін тиімді. Қазір телекоммуникациялық компаниялар осы бағытқа ден қоя бастағанын байқап жүрміз. Демек қозғалыс бар.

– Жоғарыда 198 елге барғаны­ңыз­ды айттыңыз. Сапар жалғаса ма?

– Сана сілкіну үшін, ақыл-ойымды, рухани дүниемді тот басып қалмауы үшін міндетті түрде сапарға шығуым керек. Сапарымды орта жолдан тоқ­тату – ақыл-ойыма, шығармашылық мүмкіндігіме және сіздердің ұлы ақын­дарыңыз Абай айтқандай «көрсем, біл­сем» деген құмарлығыма опасыздық болар еді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ