Коронавирус • 28 Қыркүйек, 2021

Жетісудағы жігерлі іс

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жалпы, жаһандық індетпен Жетісу жұрты жан аямай күресіп келеді. Бүгінде «Қызылдан» құтылып, «сарыдан» асып, «жасыл аймаққа» жол салуда. Індеттен айыққандардың саны артып, сырқаттанғандардың жылдам жазылып шығуы көңіл қуантады. Екпе алудан ең үздік көрсеткіш те осы өңірде. Мұғалімдердің 99,9 пайызы екпе алса, жалпы жұрттың үштен екісі вакцина салдырыпты. Тіпті, тоқсанға таяған қарттар да қатардан қалмауда.

Жетісудағы жігерлі іс

Қария жайлы әңгімені бекер айтып отырған жоқпыз, әлемді әбігерге салған жаман індеттің жалғыз емі – екпе екенін ескертіп келеміз. Әйтсе де жасы үлкен апаларымыз бен аталарымыз алып-қашпа әңгімеден шошып, вакцина алуға қорқақтайды. Оның үстіне «асарымызды асадық, жасарымызды жасадық» дегендей, жүре қабылдап, қырсығатындары да бар. Бұл немқұрайлылық пандемия қыспағынан құтылуға бөгет болатын түйткіл. Әйтсе де, Алакөл ауданы Жыланды ауылының тумасы 87 жастағы Кеңесбек Оспанов өзі де, отбасы мүшелерінің барлығы дерлік екпе алыпты. Әрі өзі қатарлас ақсақалдарды аурудың алдын алуға шақырады.

– Екпе алу арқылы адам жұқпалы аурулардың таралуын болдырмайды және өз отбасы мен қоғам мүшелерін, яғни балаларды, иммундық жүйесі әлсіреген өзіміз сияқты қарт адамдарды қорғайды. Осы уақытқа дейін жоспарлы вакциналау, әлемде миллиардтаған адамдардың өмірін сақтап қалған. Сондықтан біз бірауыздан отбасымызбен екпе алуға шешім қабылдадық. Көпшілікке вакцинадан қорқудың қажеті жоқ екенін айтқым келеді, – дейді қария.

Дана халқымыздың «ауырып ем іздегенше ауырмаудың жолын ізде» деген аталы сөзін жалау еткен ақсақалдың әрекеті көпке үлгі болары даусыз. Вакциналау арқылы әртүрлі инфекциялық аурулардың санын азайтуға, ал кейбір ауруларды мүлдем жоюға болады. Бұл – білікті мамандардың шынайы сөзі.

Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Қоңыр ауылдық округінің тұрғындары толықтай коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған. Көксу ауданында он ауылдық округ болса, соның үшеуі – Жарлыөзек, Мұсабек, Айнабұлақ ауылдық округтері вакцинаны орындау бойынша жүз пайыздық көрсеткішке ие болған. Мұндай тәртіпке бағынған, белсенді ауылдарды айта берсеңіз, жетіп-артылады. Демек, өңір тұрғындарды түгелдей індетпен күресіп жатыр деп көсіле жазуымызға болады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Жансеңгіровтің айтуынша, облыс тұрғындарының 62 пайызы вакцина салдырған екен. Өңірде барлығы 244 егу пункті ашылған. Оның 71-сі мобильді топ, ал 17-сі жылжымалы егу кешені. Бұл мәліметтер күннен-күнге жаңаруда. Жылжымалы топ шалғай елдімекендерді аралап жүр. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, індеттің қайтуына  вакцина салу оң әсер етуде.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, аймақта вакцина құтыларын сақтайтын 153 мұздатылған камера орнатылған. Сондай-ақ, 272 белсенді автомұздатқыш іске қосылған екен. Аймақта екпе алу бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Телеарнаның тікелей эфирінде 60-тан астам материал дайындалып, 40-қа жуық сюжет көрсетіліпті. Республикалық және аймақтық газеттерде 500-ден астам мақала жарияланған. 800 мыңнан астам жадынама, түсіндіру парақтары таратылған.

Ол ол ма, күні кеше тотыдай таранған Талдықорғанда коронавируспен күрес кезінде қайтыс болған дәрігерлерге және барша медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегіне арналған «Аялы алақан» ескерткіші ашылды. Бұл да ақ желеңді жандарға жігер беретін игілікті іс. Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.

– Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен ақ халатты жандарға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ, халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді. – Пандемия басталғалы бері облыста денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін біршама қызметкер коронавирус жұқтырып, оның 13-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, пандемия кезеңінде облысымыздың денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан аға-бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз өмірден озды. Атап айтсақ, Қайрат Баймұхамбетов, Нұрлан Құлсеитов, Абай Сахариев, Рысалды Жолдағұтова, Жанетта Оязбаева, Виктор Ким, Карим Исабаев, Мұрат Мұхаметжанов сияқты азаматтарымызды біз әрқашан құрметпен еске аламыз, ­­– деп көңіл толғанысын жасырмады.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының алдындағы ауқымды аллеяға орнатылған монумент ақ халатты абзал жандарға көпшіліктің көкейде жүрген тілегін жеткізгендей болды. Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен пандемия уақытында азаматтардың денсаулығын сақтауда табанды еңбектері үшін медицина саласының 27 қызметкері «Парасат» мемлекеттік наградасымен, «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен және Мемлекет басшысының Құрмет грамоталарымен марапатталған еді. Сондай-ақ, ел Президентінің Жарлығымен «Халық алғысы» медалі бекітіліп, пандемияға қарсы күресте алғы шепте болған 31 медицина қызметкері осы төсбелгіні алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен коронавируспен күреске атсалысқан облыстағы 9 мың дәрігер мен медицина қызметкеріне жалпы сомасы 19 миллиард теңге үстемақы берілді. Бұл кезеңде жан аямай қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегі өлшеусіз. Олардың қажырлы еңбегі мен ерен ерлігі – үнемі халық есінде қалары сөзсіз.

Таза қоладан алақан үлгісінде құйылып, ортасындағы үйеңкі ағашын аялап тұрғандай кейіпке кескінделген жобаны мүсінші Мирлан Әзмағамбетов жасапты. Биіктігі 1,2 метр, ұзындығы 3,8 метр, көлденеңі 2,8 метрге тең ескерткішті қоршап жатқан ауқымды аллеяға әсем ағаштар мен көркем гүлдер отырғызылған.

Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, Алматы облысында МӘМС (Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесімен қамту бойынша жұмыс тұрақты жүргізілуде. Биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша 1 622 257 адам медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелген. Бұл да қуанышты жаңалықтың бірі.

Биыл профилактикалық медицинаға, балалар денсаулығын сақтауға, мектеп медицинасына, онкогематологияға ерекше назар аударылатын болады. Қор тарапынан ЭКҰ-ға квоталарды ұлғайту бойынша «Аңсаған сәби» және ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық оңалтуға «Қамқорлық» бағдарламаласы іске асырылуда.

«Қамқорлық» бағдарламасы аясында «Жамбыл аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында балаларға оңалту жүргізілген. «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота көлемі 7 есеге ұлғайған. Аталмыш қор тұрғындармен үздіксіз кері байланыс ұйымдастырып, олардың арыз-шағым, өтініштерін жауапсыз қалдырмауға тырысуда.

Бірді айтып бірге кетті демеңіз. Бүгінде жаһандық індеттің арыны қатты. Әйтсе де ұлт болып ұйыссақ алынбайтын қамал жоқ. Бұл орайда жетісулықтардың жігерлі ісі көңіл сүйіндіреді. Алдағы уақытта коронавирустан халық толықтай айығар деген үміттеміз. Жұмыла қарекет еткен өңір тұрғындары көп ұзамай алаңсыз той-томалағына барарына сенеміз.