Өнер • 28 Қыркүйек, 2021

Тұрар туралы жаңа туынды

785 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ғаламтордағы ғаламат технологиялар дәстүрлі медианы ығыстыра бастады десек те, телеарна ұрпақ тәрбиесіндегі қуатты құрал болып қала бермек. Көкжәшіктен көргені мен көңілге түйгені көп кішкентай көрерменнің келешегі де кемел.

Тұрар туралы жаңа туынды

Тәуелсіздігіміздің төл бесігі – ару Алматының тыныс-тіршілігі тұ­тас ел тұрғындарының көңіл күйіне тікелей әсер етеді. Себебі миллиондар тоғысқан мегаполис әркімнің өмірінде өзінше із қалдырып, өрнегін салған. Жуырда ғана екі миллионыншы тұр­ғыны өмірге келіп, аумағы артқан алып шаһар айшықтарын көрерменмен қауыштыратын «Алматы» телеарнасы жаңа маусымын ашты. Ұлт ру­ханиятының ұясынан хабар тарататын медиаұжым тәуелсіздіктің мерейлі белесінде көрерменді қандай жаңалығымен қуантпақ? Әріптес ретінде жаңа маусымның ашылу салтанатына куә болып, көңілге ұялаған бірер жобаға тоқталып өтуді жөн санадық.

Тарихты таразылайтын тұлғалар дейтін болсақ, олардың өмір-өнегесі тұнып тұрған тағылым. Қазақ хал­қының адал перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рыс­құловқа арналған «Қызыл жебе» деректі фильмдер топтамасы осы ойымыз­ды қуаттай түсті. Халқының азат­тығын аңсаған ғибратты ғұмыр иесінің қайраткерлік жолы, қоғамдық-саяси өмірдегі өткір ұстанымы арқау болған туынды көрерменге Тұрар тағдырынан сыр шертеді. Сценарийі Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романының желісімен жазылған жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен түсі­ріліпті. Он бөлімнен тұратын бұл фильм­де Тұрардың балалық шағы, азамат атанған кезі және Түрксіб темір жолын салуда атқарған еңбектері қамтылған. Фильм Тұрар Рысқұлов жайлы бұған дейін айтылмай келген тың дүниелерді қамтуымен құнды. Әсіресе, Түркістан мемлекетін құру жолында Тұрардың Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқаймен кездескен сәттері картинада әсерлі бейнеленген. Туындының басты мәйегі алашордашылар мен Түр­кістан идеясының авторлары екі­ұдай пікірде болса да, түптеп келгенде ұлтының бақытты болашағын көксегендігі, оларды біріктіретін ортақ мұрат ел тұтастығы екенін көрсетуінде деп түйдік.

– Фильмді түсіру барысында Тұ­рардың әкесі Рысқұлды да қамтыдық. Өйткені Рысқұлсыз Тұрар жоқ. Әке­сінің қуғындалуы және Тұрардың бірге түр­меге түсуі де көрініс табады. Тұ­рарға әкесінің «арың мен көйлегіңнің жағасын кірлетпе» деп айтқан сөзі бар. Сондықтан Тұрар өзін жоғары ұстауы, ардың және жан тазалығына үлкен мән бергені сол әкесінен дарыған қасиет деп көрсеттік. Сондай-ақ Шер­хан Мұртаза ағамыздың бейнесі де фильмде көрініс береді. 1970 жыл­дың аяғы 1980 жылдардың басында Шерағаңа «Рыскуловчина» деп тиіскен. Яғни оның жазушы, сыншылармен арадағы шиеленісті сәттері де осы фильмде айтылады. «Қызыл жебе» Кеңес өкіметінің идеологиясы еді ғой дегендер де болды. Біздің ойы­мызша, бұл жерде «Қызыл жебе» деп отырғанымыз Тұрардың өзі. Шерағаң жылқы арқылы Тұрардың образын берген, яғни ол Қызыл жебедей ағып өтті. Тұрар түрмеде жатқанда оған ылғи Қызыл жебе келеді. Ал атар алдында қызыл жебе одан кетеді. Елес болып, тастап кеткенде Рысқұлов өзінің өлетінін түсінеді. Сондықтан «Қызыл жебе» оның рухы, ұстанымы, – дейді фильмнің бас продюсері Ілияс Ысқақов.

 Кинокартинада Тұрар Рыс­құ­лов­тың рөлін – Сырым Қашқабаев, әкесі Рыс­­құлды – Еркебұлан Дайыров, Шер­­­хан Мұртаза рөлін – Алдабек Шал­­­баев сомдаған. Жобаның жетек­шісі әрі идея авторы – Нұржан Мұхам­мед­жанова.

 Жаңа маусымның тағы бір жар­қын жобасы ретінде Тәуелсіздік жетістіктерін насихаттаған «Бақыт­тымын өзіңмен» драмасын атауға болады. Романтика әрі комедия элементтері өзара жымдасқан телехикая бір қа­ладағы бірнеше кейіпкердің өмірі ар­қылы Қазақстанның 30 жылдық дамуын, қиын-қыстау кезеңдерін, тұр­ғындар көңіліндегі махаббат пен үміт сезімдерін сипаттайды. Еге­мендіктің еңселену тарихын бедерлеген «Алматы: Тәуелсіздік белестері» деректі фильмінің де көрерменге бе­рері көп. Мұнда белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, педагогтер мен қоғам белсенділері мемлекеттің қа­лыптасуындағы қызықты деректермен бөліседі.

«Қазіргі кезде телеарна – әркімнің ойын түзейтін, бойын түзейтін, соған әсер етіп жол сілтейтін ақпараттық деректердің нақты әрі шынайы көзі десек артық болмас. Біздің телеарнамыз Алматының бары мен жоғын бағамдап, атқарылып жатқан ауқымды жұмысты халыққа жүйелеп түсіндіріп келеді. Алматы – ұлыларымыздың із қалған қасиетті де қастерлі қала. Жо­балардың бәрінде адамды арман биігіне жетелей жөнелетін өмір жыры, көңіл сыры нәзік сезіммен жымдасып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді. Алдымызда үлкен жоспарлар бар. Мәртебелі көрермен оның бәрін телеэкраннан тамашалап, бағасын бере жатар», дейді «Алматы» телеарнасының басшысы Нұржан Жалауқызы.

Экранда адамзат тарихын қанмен айғыздаған соғыс картиналары, жаһан жұртын тығырыққа тіреген пандемия, асқар биікке қол созған Алматының бүгінгі жарқын келбеті, жаңалыққа ұмтылған жастардың арман-мақсаты, ұлы тұлғаларымыздың өмір өнегесі, мейірімге сусағандардың жан жылуы, мемлекет қолдауымен өз кәсібін өрге дөңгелеткен аналардың қуанышы, күн­делікті тіршілік тынысы бәрі-бәрі көр­сетіледі. Телеөнімдер дәуір айнасы десек, уақыт үніне сай ауқымын ке­ңейтіп көрермен көзайымына айналып отырған арнаға мол табыс тілеп, кең тынысты жобалары көбейе берсе дейміз.