Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2021

Алтын кеннен не пайда, халыққа қайыр болмаса...

989 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түнеугүні Күршім өңірінің тұр­ғыны лайланып, майланып кеткен Қалжыр өзеніне қарап отырып, «бүйте берсе, балықты қойып, ха­лық та қалмайды» деген-тұғын. Онсыз да шекара шебіндегі Мар­қакөл өңірі жалаңаштанып кетті. Қойы қоздап, ботасы боздап жат­қан ауылдар жоқ. Енді келіп, алтын іздегендер жер-ананың ойранын шығарған.

Алтын кеннен не пайда, халыққа қайыр болмаса...

Шыдамы таусылған халық алпауыт кә­сіпорындарға қарсы шықты. Күні кеше Қал­жыр өзенінің лайланып жатқанын назар­ға алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен Шығыс Қазақ­стан облысының әкімдігіне аталған проб­леманы егжей-тегжей тексеріп, кінәлі-­
­лер­­ді жауап­кершілікке тарту туралы тапсырма берді.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк ­сиыры» демекші, орманның оталып, өзен суының лайланып жатқаны Қалжырмен қатар, Күршім ауданының ішкі жағындағы Маралды, жойылып кеткен Алтай ауыл­дарына да тән. «Елім, жерім» деген аза­маттардың жанайқайлары құзырлы ор­гандарға жетсе екен деп бір топ БАҚ өкіл­дері түу түкпірдегі Маралдыға арнайы барып, мәселенің мән-жайымен егжей-тегжей таныстық, ауылдықтардың мұңын тыңдадық. Орайы келіп, алтын қазып жүрген кәсіпорын басшыларымен де сөйлестік. «Қазып» дегеніміз бергі жағы. Орманы оталған, өзені суалған. Суында балық түгілі, бақа жоқ. Бара-бара тұрғындары да табан аудара ма деген қауіп бар. Онсыз да Маралдыда 500-ден астам ғана халық қалған. Күнкөріс көзі баяғы мал болғандықтан, жайылым мен шабындықтары тарылып кетті. Енді ертеңгі күндеріне алаңдап отыр. Жері­мізге ие болмасақ, өскелең ұрпаққа қай бетімізбен қараймыз деседі. Себебі алтын іздегендер, керегін алып, орнын қайта қалпына келтірмейді. Мұндайда қазақ «асын ішіп, таяғын теуіп кетті» дейтін. Дәл солай болып тұр.

Ал құқық қорғау органдары қурап қалған ағашты кесіп, өзенге қармақ салған қарапайым ауыл тұрғындарын жазалауға шебер. Алтын қазғыштар заңды белден басып, табиғатты тас-талқан етсе де ләм дей алмайды. Неге?

Есесіне, маралдылықтардан маза кетті. Жалпы Күршім ауданының проблемалары шаш етектен. Облыстағы шекаралық ­ауылдарды дамыту бағдарламасының басы дардай, аяғы қылдай болды. Дәл қазіргі таңда халық Маралды мен Қал­жырдың тұмса табиғатын сақтап қалғы­лары келеді. Алтынға ортақтасайық деген олар жоқ. Анықталғандай, Қалжыр өзеніндегі зиянды заттар 17 есеге артқан.

– Көретін көз, еститін құлақ болса, зар-мұңымызды тыңдасын деп сіз­дер­­ді шақырдық. Осы уақытқа дейін бала-шағамызды малмен асырап келген едік. Енді міне, шабындықтың асты үстіне шығып жатыр. Алтын іздегендер қоймады. Ертең фабрика саламыз депті. Өйтсе, жүздеген гектар жеріміз құриды. Оның үстіне, ауылдағы екінің бірі обыр ауруына шалдыққан. Жастардың өзінде денсаулық жоқ. Бізге керегі – табиғат, елдің амандығы. Қазір лайланып аққан бұлақ өзенге құяды, арғы жағынан Бура­бай, Теректі бұлақ арқылы Ертіске қо­сы­лады. Енді ойлаңыз, балықтан не қал­ды?! Жайқалып тұрған орман-тоғай қура­ған. Жолымыз ол, қия бет, шағыл тас. Ин­тернеттің игілігін де көріп отырған жоқ­пыз. Аудан әкіміне айттық. Құрғақ уәдеден басқа түк жоқ. Ал фабрика керек емес бізге, – дейді зейнеткер Мейіржан Итжанов.

Сүрең тартқан ауылдарға қарап, Шер­ағаңның «Алтын сандықтың үстінде жа­лаң­бұт отырмыз» деген сөзі еріксіз еске түс­ті. Дөп айтылған. Егемендігімізге отыз жыл толса да, өміршеңдігін жоғалтпай келе жатқан сөз. Өкініштісі де сол. Та­бан­ның асты алтын болғанымен, титтей пай­дасын көріп отырған халық жоқ.

Алтын іздеушілердің жұмыстары заң­ға сәйкес жүргізіліп жатыр дегенімен, ауыл­дықтар гектар-гектар жердің қа­зы­­луына қарсы. Себебі алтын шыққан жер­де уран бар деседі. Оның үстіне ком­пания жұмысшылары қазған жерге рекуль­тивация жасамайды. Яғни жерді қайта қалпына келтірмейді деген сөз. Неге десе­ңіз, елдегі коронавирустың таралуына бай­­ланысты жұмыстарды жалғастырып үл­гер­меген-мыс. Жұмысы жүрмегендерге пандемия сылтау болды.

– Біз 2015 жылдан бері Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі­мен жасасқан келісімшарт негізінде кен қазып жатырмыз. Осыған дейін зерт­теу жұмыстарын жүргіздік. Ешкім қар­сылық білдірген жоқ. Округ әкімінің жинауымен қоғамдық тыңдау өткен. Бәрі ке­ліскен. Компаниямыз Маралды ауылында тір­келгендіктен, жол салу, дәрі-дәрмек, отын-көмір жеткізу бойынша көмектесіп отырамыз. Салықты уақтылы төлейміз, – дейді «Maralikha» Тау-кен компаниясы» ЖШС басшысы Ануар Рахимов.

Алайда ауылдықтардың пікірін­ше, компанияның шапағатын көріп жат­қан-
­дары шамалы. Керісінше зиян шегіп отыр. Алтын шаюшылар ауылдың бас жа­ғындағы бұлақтың суын арнайы қазылған шұңқырға бұрып алып, су толтырған. Сөйтіп, техника арқылы жиналған сумен кенді шайып, алтынын алады. Қалдық су болса, қайта қазаншұңқырға төгіле­ді. Сұрақ: химиялық заттарды шайқаған судың құрамы өзгеріп, жерге сіңбей ме? Жерасты сулары арқылы өзен-көл­дер­ді уламай ма? Бұл сауалға Эко­логия депар­таменті жауап беруі керек еді.

– Кенді ашық тасымалдайды. Алтын бар жерде уранның бары бесенеден бел­гілі. Оның зияны айтпасақ та түсінікті, – дейді ауыл азаматы Құрмет Қасайынов.

Айтпақшы, қазба жұмыстарын жүргізу үшін ауылдықтардың басын қосып, қо­ғамдық тыңдау жүргізбеген. Жо-жоқ, жи­налыс болыпты. Алайда 500 тұр­ғынның бесеуі ғана қатысқан. Ол жөнін­дегі бір парақ қағазды көзіміз шалып қал­ды. Түсінгеніміз, бесеудің пікірі ауылдық­тардың тағдырын шеше салған секілді.

«Маралиха» ЖШС-нің бас геологы Оңғар Сейітқазиннің айтуынша, жобаны мемлекеттік мекемелердің маманда­ры бекітіпті. Содан бері бес жылға жуық Маралдының төңірегінде зерттеу жұмыс­тары жүргізілген. Зерттеуге бола ат шаптырым жерлер бүлінсе, қазба жұмыстары толығымен басталғанда қалай болмақ?! Елестетудің өзі қорқынышты. Табиғаттан түк қалмайтын сияқты.

Кешегі Қалжырдағы мәселе дәл осы Маралды ауылында да бар. Президенттен тапсырма алған Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс басшылығы Күршімнің ішкі жағындағы ауылдарға да көз қырын салса екен. Жо­ға­­рыдағы басшылар назар аудармаса, аудан кө­лемінде шешіле қоятын мәселе емес бұл.