Елбасы • 29 Қыркүйек, 2021

Асыл арманға жеткізген көшбасшы

4180 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына отау тіккеніне отыз жыл толып отыр. 1991 жылдың 16 желтоқсанында сүйінші хабарды естіген жұрттың бірі қалмай сыртқа шығып, бірін-бірі қуана құттықтап, бөркін аспанға атқаны есімізде. Қаһарлы қыстың қытымыр аязды күні болса да, ел ішін шаттық кернеген, ұлттық рух аспанға өрлеген, ұмытылмас, ғажайып, тарихи күн болған еді. Дәл сол күні бодандықтың бұғауын бұзған Қазақ елі өзінің жаңа даму жолындағы алғашқы қадамын жасады. Дәл сол күні Қазақстан тарихының жаңа парағы ашылып, жаңа дәуірі басталды. Сөйтіп ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсап, армандаған қастерлі арманына қолымыз жетті.

Асыл арманға жеткізген көшбасшы

Елімізді бұл асыл арманға жет­­кізген көшбасшымыз – Елба­сы­­мыз. Атам қазақта «Басқа қо­нар бақ ерекше талғампаз болады» деген сөз бар. Ол екінің біріне емес, таңдаулы адамның басына ғана қонады екен. Сан ғасырлық тарихында талай нәубетті бастан кешіп, «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қалауымен билік тізгінін ұстап, бүкіл мемлекеттік, қоғамдық құрылысты қайта қа­лып­тастырып, қиындық атаулыны көппен бірге бағындырып, талай жетістікке жетіп, бұ­рын­ғы Одақ кеңістігінде көш­бас­шы елдердің біріне айналдыру мі­н­деті Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырған екен. Оның осындай өтпелі, өткелекті кезеңде туған елі үшін аянбай еңбек еткен, халқының бағына біткен қайраткер екеніне ешкімнің де күмәні болмауға тиіс.

Алғашқы кезде алға қой­ған маңызды мақсатымыз – ел­­­дің ішкі бірлігін бекемдеп, ын­­тымағын сақтай отырып, Мемлекеттік Туымыз бен Ел­таң­­бамызды, Әнұранымызды сай­­лап алып, басты заңымыз – Конс­титуциямызды бекіту еді. Бүкілхалықтық референдум ар­қылы біз бұл міндетті ой­да­ғыдай атқара алдық. Тұтас ел болып жасаған алғашқы қа­дам­дарымыздың арқасында зең­гір көгімізде еркіндігіміздің бел­гісіндей Көк байрағымыз жел­бі­реп, әуенімен түгел жұртты ұйыт­қан Әнұранымыз шарықтап тұр­ды. Осының өзі халқымыздың рухын бір серпілтіп, азамат­та­ры­мыз­ға өздерінің азат елдің айбынды ұландары екенін сезіндіріп, болашақ жолындағы жасампаз еңбекке ынталандыра түсті.

Тәуелсіздіктің бастапқы жыл­да­­рында халқымыздың құрамы көп­ұлтты еді. Оның Екінші дү­ние­жүзілік соғыс кезіндегі де­пор­тацияға, тың жерлерді игеруге байланысты объективті себеп­тері де болды. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаевтың кіта­бында жазылған: «Шамал­ған­да алуан түрлі ұлт пен ұлыс­тың басы түйіскен еді... жер ауда­рылған балқарлар, чешендер, немістер, месхет түріктері, қа­­ра­шай­лар, курдтар. Солардың бә­­рі­не қазақтар үйінен ығысып орын тауып, баспана берді. Біздің үй­­дің бір қанатында балқарлар тұр­ған еді», деген жолдарға тоқ­та­­ла кеткім келеді. Осындай кең ­пейіліне, қонақжай көңіліне орай кең-байтақ жер бұйырған Қазақ елінің келешегін көре ал­ма­­ған кейбір сәуе­гейлер сол тұста «Қазақстан көп ұзамай ұлт­аралық ұрыс майданына айна­ла­ды» деп болжам жасап жатты. Бірақ Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ішкі қырқысқа, қан төгуге жол берілген жоқ. Ұлтаралық қа­ты­настар саласында басқа ел­дерде баламасы жоқ бірегей инс­титут – Қа­зақ­стан халқы Ас­самб­леясын құрып, түрлі диас­­пора өкілдерін ортақ Ота­ны­мыз­дың игілігі үшін ын­ты­мақты жұмысқа жұмыл­ды­ра білді. Әр­бір этнос­тың тілі мен дәстүрін, мә­дениетін да­мы­туға жағдай жасалды, діни бостандығына кепілдік берілді. Олар топтасып тұратын мекендерде ұлт тілінде оқытатын мектептер, кей жерлерде жексенбілік мектептер ашылды. Ұлттық орталықтар құрылды. Қазақстандық қоғамдық келісім мен патриотизмнің өзгеше үлгісі қалыптасты. Ішкі бірлігіміз бен татулығымыз нығая түсті.

Елдігімізді нығайту жолын­да­ғы ендігі бір маңызды міндет – жұртымыздың іргесін нықтап, бекітіп алу еді. Елбасымыз мем­ле­кет­тік шекараны делимитациялау, демаркациялау бойынша көрші елдердің барлығымен бірнеше жыл бойы байыпты келіссөздер жүргізді. Бұл жолы да ол жер тағ­дыры сынға түскен сәтте ал­па­уыт елдермен тереземізді тең ұстап, мемлекетіміздің мүд­де­­сін қатаң сақтап, Алтай мен Аты­рау арасындағы ұлан-ғайыр аума­ғы­мыз­дың шекарасын шегендеп, өзінің жан-жақты жетілген, бі­лімі терең, дана саясаткер еке­нін тағы да бір рет байқатты. Халқымыз үшін қасиетті ұғым саналатын, талай ұрпақ қанын төгіп қорғаған туған жеріміздің бір телімі де жат қолында кеткен жоқ. Соның нәтижесінде қазір Қазақстан – ешбір елмен жер дауы жоқ, аума­ғы халықаралық құжаттар не­гізінде біржолата бекітілген мем­лекет болып саналады.

Осының бәрі Кеңес Одағы ыдыраған кезден басталған терең экономикалық дағдарысты ең­се­ріп, ұлттық қаржы, салық, банк жүйесін құрып, азамат­та­ры­мыздың әл-ауқатын арттыру жолындағы тынымсыз жұ­мыс жағдайында жүріп жатты. «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидатының ая­сын­­да іске асырылған рефор­ма­­лардың арқасында елі­міз серпінді даму үстіндегі, нарықтық қатынастары толық қалыптасқан рес­пуб­ликаға айналды. Елбасымыздың Жарлығымен Ұлттық қор, даму институттары құ­рылды. Сырттан инвес­ти­ция тар­тудың, инвестициялық тар­­тым­­ды­лық­ты арттырудың құ­қықт­ық негіздері жасалды. Қа­зақс­тандық кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, та­уарлар мен жұмыстарды, көр­се­­тілетін қызметтерді өткізу н­а­­­рығын кеңейту үшін интег­ра­­­­циялық жобаларға бастама жа­саған Елбасымыз 2014 жылы құрылған Еуразиялық эко­но­микалық одақтың басты авто­ры болды. Әлемдік дағ­да­рыс­тар тізбегі басылмай тұр­ған кезде жеке елден гөрі ірі мем­ле­кет­аралық құрылымның аз зиян ше­ге­тіні белгілі. Оны бүгінгі күннің шындығы дәлелдеп отыр.

Келешек білім экономи­ка­сы­ның, білікті кадрлардың қо­лын­да екенін анық аңғарған Елбасымыз сонау 1993 жылдың өзінде халықаралық «Болашақ» стипендиясын бекітіп, жас түлек­те­р­імізді мемлекет есебінен ше­тел­дік жетекші оқу орындары­на білім алуға аттандырды. Осы жылдар ішінде отандық білім беру жүйесінің оңтайлы нұсқа­сын табу үшін халықаралық озық практика негізінде терең ізде­ніс­тер жасалып, іргелі өзгерістер жү­зеге асырылды. Елі­міздегі жо­ға­ры, орта білімнің флагманы саналатын «Назарбаев Уни­вер­ситет», «Назарбаев Зияткерлік мек­теп­те­рі» өзде­рінің үздік тәжіри­бе­сін өзге оқу орындарына таратуда. Қазақстандық оқушылар халықаралық сайыстарда топ жарып жүр.

Сонымен қатар еліміздің әлем­де­гі алып құрлық – Еуразия­ның кіндігінде орналасқан геог­ра­­фиялық жағдайы ұтымды пай­даланылып, транзиттік әлеу­етін арттыру мақсатында аса ірі инфрақұрылымдық, логис­ти­калық жобалар қолға алынды. Қысқа уақыт ішінде іске қо­сыл­ған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі қазіргі таңда Батыс пен Шы­ғыс­тың арасын жалғаған әйгілі Ұлы Жібек жолының рөлін атқаруда. Бұған қоса, еліміздің төрт тарапын бір-бірімен байланыстырып, жолаушы, жүк тасымалының тиімділігін арттырып, шығынын азайтқан түрлі авто және темір жолдар салынды. Әуе, кеме қатынасының көкжиегі де кеңейтілді. Елі­міз­дің стратегиялық даму жоспарларында транзиттік, логистикалық мүмкіндіктерді одан әрі дамыту бойынша ма­ңыз­ды міндеттер белгіленген.

Сайын Сарыарқаның тө­рінде тә­уел­сіз­дігіміздің ай­шық­ты айғағы іс­петті әсем елор­да­мыздың бой көтеруі – біздің ауыз толтырып айтатын тамаша жетістіктеріміздің бірі. Ол жөнінде Елбасы: «Бұл – менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал біз астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда», деген еді. Өтпелі кезең қиындықтары қысып, елдің болашағы бұлыңғыр тартқан тұста көрегендік танытып, осындай тарихи шешім қабылдаған және оны жүзеге асыруға тікелей бас болып, барынша қайрат көрсеткен Елбасымыз қандай марапатқа да, қошеметке де лайықты.

Елорда еліміздің бас қаласы атанған кезден бастап ерекше қарқынмен дамып, 1999 жылдың шілдесінде ЮНЕСКО-ның «Әлем қаласы» атағын алды. Осында дауласқан жұрттарды бітістіріп, тартысқан тараптарды табыстырған, ынтымақ пен бітімгершілікке бастаған талай халықаралық іс-шаралар өтті. Соның ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдерді 11 жылдан соң бір үстел басына жинаған Астана саммиті мен Сирия мәсе­ле­сін шешуде маңызды рөл атқарған Астана процесін ерек­ше бөліп айтуға болады. Соның бәрінің бел ортасында өзінің бейбітшілік сүйгіш бастамаларымен бүкіл әлімге белгілі болған, ынтымақтастықтың, қа­уіп­сіздіктің, дамудың басты жақ­таушысы Елба­сымыз Нұр­сұлтан Назарбаев жүрді. Мем­ле­кетіміздің тарихынан сыр шер­тетін осы бірер фактілердің өзі еліміздің тәуелсіздігі мен Елба­сы­мыздың есімі бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын, өзара байланысты ұғымдар екенін көрсетеді.

Жалпы, тәуелсіздік – халқы­мыз үшін баға жетпес бай­лық, ең қасиетті бойтұмар. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тәуелсіздік – мем­ле­кет­тігіміздің алтын діңгегі, дер­­бес­тігіміздің берік негізі. Та­рихы бай, тамыры терең Қазақ елі үшін бұ­дан асқан қастерлі құндылық жоқ. Оны ең қымбат қазынаға, ең асыл аманатқа балаймыз. Сондықтан бабалар аңсаған Тәуелсіздіктің қадірін жан-жүрегімізбен сезінеміз. Еге­мендік – әр халыққа бұйыра бермейтін баға жетпес бақыт», деп атап көрсетті. Сондықтан да ұлттық тәуелсіздігімізді барынша бағалап, барынша ардақ тұтуымыз қа­жет. Әлемнің түкпір-түкпірінен дүркін-дүркін бұрқ ете қалатын соғыс жан­жалдары жағдайында біз бейбіт аспан астында ішкі ынтымағымыз жарасып, ауызбіршілікпен өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік айтқанымыз жөн.

Отыз жыл – тарихи тұрғыдан алғанда тым қысқа мерзім. Біздің еліміз осы кезең ішінде басқа мемлекеттер жүз жылдан астам уақыт жұмсаған іргелі өзгерістерді жүзеге асырып, өзінің бейбітшіл ұстанымын, түрлі салада қол жет­кізген жетістіктерін бүкіл әлемге танытып, мойындата біл­ді. Халықаралық саясаттың белді де белсенді субъектісіне айналды.

1920 жылы сол заманның белгілі дінтанушысы болған Файзолла қари:

«Ей, қазағым, кештің

ғұмыр күрделі,

Сендей болсын – болса

бір ұлт зерделі!

Құрбандығың болар

едім жолыңа,

Ел болсаң сен –

өз алдыңа іргелі!»,

деп жазған екен. Қари бабамыз ар­ман­даған Тәуелсіздікті көру, оны баян­ды ету жолында қызмет ету сіз бен біз­дің пеше­немізге жазылған екен. Осы бақытымызды бағалап, оны баянды ету жолында Күлтегін бабамыз айтқандай, «күндіз отырмай», елге қызмет ету – қасиетті борышымыз.

 

Асылбек СМАҒҰЛОВ,

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссияның мүшесі,

заң ғылымдарының докторы,

профессор