Аталған кодексті әзірлеу туралы бастаманы Президент 2020 жылы көтеріп, бұған жауапты органдарға тиісті тапсырма жүктеген еді. Президенттің былтырғы Жолдауында: «Жалпы, бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы керек. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласы 17 заңмен және заңға сәйкес ондаған актімен реттеледі. Бұл реттеу ісінің күрделенуіне және жүйесіздігіне әкеліп соқтырды. Соның салдарынан мемлекет жауапкершілігі айқындалмай, азаматтар өз құқықтарын жете түсінбей жүр. Үкіметке еліміздің Әлеуметтік кодексін әзірлеу жұмысын бастауды тапсырамын», деген болатын.
Арада бір айдан астам уақыт өткенде Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысында әлеуметтік саланы қайта жаңғыртуға арнайы топ жұмылдырылатынын жеткізді.
Ол өзінің тікелей тапсырмасымен Қазақстан үшін мүлде жаңа құжат, атап айтқанда, Әлеуметтік кодекстің әзірленіп жатқанына тоқталды. «Шын мәнінде, бұл құжат жекелеген адам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жүйелеуге, олардың өзара міндеттемелерін айқындауға, сондай-ақ қазақстандықтарға берілетін төменгі әлеуметтік кепілдіктерді нақтылауға арналған. Яғни құжатта азаматтардың балабақшаға барғаннан зейнетке шыққанға дейінгі өмірі толық қамтылған», деді Президент.
Кодекс әзірленбес бұрын оның тұжырымдамасы қолға алынатыны анық. Бұл жұмысты атқаруға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сарапшылармен қатар, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің де үлес қосқаны белгілі. Аталған ведомствоның төрағасы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, жобаны әзірлеу барысында агенттік тарапынан Әлеуметтік кодекстің әлеуметтік дәрежесіне қарамастан, Қазақстан азаматтарының барлығына әсер ету саласын кеңейту, Әлеуметтік кодекстің жалпы бөліміне адамның базалық әлеуметтік құқықтары мен міндеттерін реттейтін нормаларды, соның ішінде минималды әлеуметтік стандарттарды қосу, әлеуметтік саладағы заманауи трендтер мен халықаралық тәжірибені ескере отырып, минималды әлеуметтік стандарттарды қайта қарау және өзектілендіру мәселелеріне қатысты маңызды үш позиция ұсынылды.
«Аталған үш позицияның да қолдау тапқанын ерекше атап өткім келеді. Оған қоса, біз мәселелерге алдын ала талдау жасап, халықаралық тәжірбиені зерттедік. ХҚР, ЕҚҚДБ, Бүкіләлемдік банк, БЭФ, ММУ, Гарвард сараптамаларын қарастырдық. Біз бес блоктан тұратын ұсыныс білдірдік: ғылым саласында, қолжетімді баспананы дамыту жөнінде, «Дипломмен – ауылға!» жобасы, «Серпін» жобасы және жұмыспен қамту бойынша», деді Қ.Келімбетов. Әзірленген Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасы алдымен «Ашық деректер» порталында орналастырылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің отырысында депутаттарға Әлеуметтік кодексті әзірлеу жұмысының барысы туралы баяндады. Осылайша, аталған кодексті әзірлеу барысында Мәжіліс пен Сенат депутаттарын қоса алғанда, жүзден астам сарапшының басын біріктірген жұмыс тобы құрылды. Соның нәтижесінде 30-дан астам заңнамалық және 150 заңға тәуелді акт зерделенді. Халық пен қоғамдық бірлестіктерден келіп түскен 500-ге жуық ұсыныс қаралды.
«Қазіргі уақытта қазақстандықтарға әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі беріледі. Олар 1 Кодекспен, 16 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттеледі. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – халықтың түсінігін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Кодексті қабылдау нормативтік-құқықтық актілерді баяндаудың бірыңғай стилін қамтамасыз етеді. Бұл әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы бірқатар заңның 90-жылдардың басында қабылдануына, содан бері НҚА-ны әзірлеу тәсілдерінің айтарлықтай өзгергеніне байланысты. Бұдан басқа, Кодекс шеңберінде азаматтардың әлеуметтік құқықтарын жүйелеу жұмысы іске асырылады – бір құжатта адам өмірінің барлық саласында туындайтын базалық құқықтар, соның ішінде ең төменгі әлеуметтік стандарттар көрсетілетін болады», деді министр.
Комитет отырысында С.Шәпкенов Батыс Еуропаның кейбір елдерінде (Англия, Италия, Бельгия) әлеуметтік кодекстер жоқ екенін атап өткен болатын. Бұл мемлекеттер халықаралық қоғамдастықтың актілерін, атап айтқанда Еуропа Кеңесінің актілерін басшылыққа алады. Соған қарамастан, Германияда, Францияда, Швецияда, Аустрияда, Үндістанда және тағы басқа елдерде әлеуметтік кодекстер, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру кодекстері қабылданды. Сонымен қатар шет мемлекеттердің әлеуметтік кодекстерімен реттелетін мәселелер ауқымы аса кең. Мәселен, Францияда бұл құжат жұмыссыздық мәселелерін реттемейді. Ал Үндістанда – көп бөлігі Еуропа елдерінің әлеуметтік кодекстерімен реттелмейтін еңбек қатынастарына арналған.
«Халықаралық тәжірибені ескере отырып, Әлеуметтік кодексте мынадай қағидаттарды бекіту ұсынылады: мұқтаждықты ескере отырып, әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығы мен сараланған тәсілі, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу және ескерту; экономикалық ресурстар мен әлеуметтік саясат міндеттерінің мөлшерлестігі, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігі, әлеуметтік саясаттың инклюзивтілігі, әлеуметтік қорғаудың құпиялылығы және халықаралық стандарттарға сәйкестігі», деді С.Шәпкенов.
Ведомство басшысының айтуынша, жұмыс тобы екі – жалпы және ерекше бөліктен тұратын Кодекс жасауды ұсынды. Жалпы бөлікте мемлекет пен азамат арасындағы әлеуметтік қатынастарды олардың өзара міндеттемелерін нақты айқындай отырып, құқықтық реттеудің негіздері белгіленеді. Ерекше бөлік әлеуметтік тәуекелдердің жекелеген түрлеріне арналған. Онда әлеуметтік тәуекелдерге ден қою шаралары, әлеуметтік көмек алушылардың санаттары, төлемдердің мөлшері, оны тағайындау шарттары мен мерзімдері айқындалады. Сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер мен әлеуметтік институттардың құқықтық мәртебесі регламенттелмек.
Әлеуметтік кодекс әзір болмағанымен, оның тұжырымдамасы бар. Бұл тұжырымдамада әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту (азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, мұқтаж отбасыларды әлеуметтік сүйемелдеу институтын дамыту, құқықтар мен кепілдіктердің қамтамасыз етілуін бақылау жөніндегі әлеуметтік инспекторларды енгізу, халықтың әлеуметтік әл-ауқат индексін енгізу) мәселесі көзделген. Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік қолдауды жаңғырту (Әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық ең төменгі нормаларынан кем емес деңгейде әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету, сырқаттану кезінде жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру, әлеуметтік қызметтерді жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу, демографиялық трендтерді ескере отырып, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру) мәселелері де назарға алынған.
Бұдан бөлек, әлеуметтік стандарттарды ұсынудың интеграцияланған моделін енгізу («Цифрлық әлеуметтік картаны» енгізу, отбасылардың мұқтаждық жағдайынан шығуын ынталандыру, әлеуметтік саланың бағыттары бойынша алдын алу шараларын қабылдау) де жоспарланып
отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжинирингтеу (өтініш беруден проактивті қызмет көрсетуге көшу, мүгедек адамдарды сырттай куәландыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету процестерін автоматтандыру, «әлеуметтік әмиянды» кезең-кезеңімен енгізу) жұмысы да қолға алынбақ.
Бұл аз десеңіз, әлеуметтік институттарды реформалау көзделеді. Яғни зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі функцияларды бере отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры базасында Мемлекеттік әлеуметтік қор құру, әлеуметтік саланың қаржылық ағынын шоғырландыру мәселесі қаралып жатыр.
«Келешекте Әлеуметтік кодексті қабылдау – азаматтардың өз әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының автоматтандырылған мониторингін жүргізуге, әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға, мемлекеттік қызметтерді электронды және проактивті форматта көрсетуге, азаматтарымыздың әлеуметтік қорғалуы мен өмір сүру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді», дейді министр.
P.S. Жолдауда жүктелген тапсырмалардың басым бөлігі жыл көлемінде орындалатыны анық. Ендеше, Әлеуметтік кодексті де желтоқсанға жеткізбей қабылдап алған жөн болар еді. Мемлекет басшысы айтып өткендей, бұл құжат ең алдымен мемлекеттің жауапкершілігін айқындап, азаматтардың өз құқықтарын жете түсінуі үшін қажет.