Өнер • 29 Қыркүйек, 2021

Шытырман оқиғалы Шығыс вестерні

509 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Үлкен экранға әлдеқашан шығуы керек болса да, әлемдік пан­демияға байланысты премьерасы бірнеше рет шегерілген «Уақыт жолдары» фильмі қыркүйектің соңын ала Қазақстан кинотеатрларында прокатқа шығады. Қазақстан мен жапон елі режиссерлерінің бірлескен туындысы отандық көрер­менге енді жол тартып жатқанымен, ол бұған дейін Жапо­ния­ның өзінде көрсетіліп, Кореяда өткен халықаралық Пусан кинофестивалінде таныстырылып, Францияның бірне­ше қаласында тұсаукесері жасалған болатын. Енді, міне, алма­тылық көрерменге көптен күткен көркемфильмді тамашалау мүмкіндігі туды.

Шытырман оқиғалы Шығыс вестерні

Шығармашылық қоржынын­да «Аңшы бала», «Жаңғақ тал» «Базарбаевтар» сияқты танымал туындылары бар Ерлан Нұр­мұхам­бетовтің жаңа картинасының да осал болмайтыны қатысқан актерлердің құрамынан байқалған. Басты рөлде Канн фестивалін дүбірлеткен Самал Еслямова, Ду­лыға Ақмолда, Гүлшат Тұтова және өз елінде 30-дан аса фильм­ге түсіп, төрт бірдей ірі жүлдеге ие болған жапон актері Мирай Морияма сияқты әйгілі әртіс­тер­дің шоғыры көрінген фильм вес­­терн жанрында түсірілген. Е.Нұр­мұхамбетов пен Tokyo New Cinema компаниясының өкілі, жа­пон режиссері Лиза Такэбаның бір­лескен туындысының басты ерекшелігі де осы.

Тіршілігі төрт түлікпен біте қай­насқан қазаққа барымта­шы­лық, мал ұрлығы тақырыбы жақсы таныс болғанымен, мұндай мазмұндағы дүние өзге елдің кө­рер­меніне тым таңсық. «Жабайы Батысты» әлдеқашан бағынды­рып болған шытырман оқиғалы вестерн біздің киномыздың кенжелеу дамыған жанрына жатады. Дегенмен даланың бірегей тұр­мыс дағдысы саналған қылмыс­тық оқиға тізбектері алғашқы ми­нуттардан-ақ «алқымнан алады». Шулы қаладан жырақта, ауылдан да алыс, қияндағы мекенде жылқы бағып, мамыражай тіршілік ке­шіп жатқан жас отбасының шыр­қы бір-ақ күнде бұзылады. Бір үйір жылқысын көлікке тиеп, мал базарына сатуға әкелген қо­жайын мен қасындағы екі серігі қан­ды­қол қарақшылардың қо­лынан мерт болады. Ақшасын да, жыл­қы­сын да тартып алып, жан­сыз денелерін айдалаға тас­тап, бетін шөп-шаламмен жасы­рып кеткен қылмыскерлер із жасырып үлгереді. Әкесінен айырылып, қа­сі­реттің дәмін ерте татқан он екі жастағы Олжас анасының қа­ба­ғына қарап, қарындастарына қам­қор болып, кішкентай жаурынын қиындыққа төсегісі келеді. Фильм оқиғасын алдын ала болжап отыру мүмкін емес, бәрі тосыннан, аяқастынан өрістеп жатады. Осы мезет ауылда бейтаныс ер адам пайда болып, ол Олжасқа ерекше мейірім танытып, көмектескісі келетін ниетін байқатады.

Жұмбақ кейіпкер пайда бол­ғаннан бастап фильмде күтпеген ахуал қалыптасып, экранның өңін­­де өзгеріс байқалып, оқиғаны қоз­ғалысқа келтіретін қуат тынысы сезілді. Бұл – Олжастың әкесі. Өз әкесі. Аузынан түскендей, айны­майды. Сегіз жыл бұ­рын белгісіз себептерге байланысты көзден ғайып болып, енді ұлын іздеп келіп тұрған беті. Қай­рат қолынан тастамайтын бә­кі­сімен жылқы мүсінін қашап жа­сағанына қарағанда, ағаштан түйін түйген шебердің өзі. Олжас та сурет салғанды жақсы көреді. Жапон актері Мирай Морияманың өзге актерлік үлгідегі шымыр мек­тептің шебер өкілі екенін қоюшы-оператордың тас-түйін таланты тіпті шегендей түседі. Алматы облысының Жоңғар Алатауы бойында иықтаса созылған сі­лемдер етегіндегі таңдай қағар­лық сұлу табиғат көріністері Азиз Жамбакиевтің сапалы опе­раторлық жұмысында музыкамен үйлесім тауып, тыңғылықты шешімін тапқан. Беліне тапанша байлап, желмен жарысқан жүй­рікпен еркін далада көсіле ша­уып, атыс-шабыстың ортасында жүрмесе, мұның несі вестерн? Режиссердің айтуынша, жанкешті Мирай Морияма осы рөлі үшін қазақтардың тарихымен танысып, қазақ тілін меңгеріп, атқа мінуді үйреніп, мұқият әзірленген.

Расында, табиғат қана емес, мұнда тұтас фильмнің өзі «тілсіз», көп сөз жоқ. Режиссерлер мәтін­нен саналы түрде бас тартып, ды­быс пен көрініске, образға ба­сымдық беруді мұрат тұтқаны бай­қалады. Кейіпкерлер оқта-текте сөйлегендей болса, қысқа ғана тіл қатысады. Солай болғанымен, бұл үнсіздікте жан бар, тербеліс бар ол адамды тоңдырып, мұздатады, толқытып, ойландырады, бірақ еш жалықтырмайды. Дұрыс-ақ. Бәрі дұрыс. Алайда «Олжас, бар ұйықта», «Олжас, жат», «Олжас, кел» деген сияқты салмағы да, мәні де жоқ жауапсыз сөздер фильмнің құнын түсірмесе, артты­рып тұрған жоқ. Шұрайлы тіл, шуақты сөздің қазақ киносынан әлдеқашан «сәннен» шығып қал­ғаны белгілі, сол себепті режис­сер көпсөзділіктен мақсатты түр­де бойын аулақ салсын, мейлі, фильм­ді дыбыс пен образға ғана құр­ғысы келсін, мейлі мың сөздің орнына басты рөлдегі Самал Есля­мованың тазалық тұнған бей­күнә көздері сөйлеп, бәрін бүк­песіз айтып тұрсын, түгелін түсі­ніп, қабылдауға тырысайық, бі­рақ бір отбасының басына түс­кен қасіретті бейнелейтіндей кейіп­кер­лердің аузында мазмұны бар дұрыс диалогтің болмағанына келісу ­еш мүмкін емес.

Фильм 2000 жылғы оқиға­ны баяндаудан басталады. Ұзын­құ­лақтан естіп-білетін арғы уақыт емес, тауқыметі ұмытыла қоймаған аумалы-төкпелі ауыр дағдарыс кезеңі кешегідей көз алдыда. Оқи­ға, сол кезеңнің шындығы қаз-қалпында көрініс табады. Фильм­­нің сценарийін жазған продюсер Бенуа Лельевре: «Мен бұл фильмді өте қызықты болды деп санаймын. Бұл нағыз көруге тұ­ратын кино. Біз мұнда Орталық Азия­ға көзқарасты байқаймыз, бұл шынында да вестерн, бірақ Шы­ғыс вестерні. Осындай мәдениет жағынан әртүрлі жанрдың астарында нағыз шығармашылық байлық бүркемеленіп жатады. Осы­нысымен де маған ұнайды», деген екен фильм туралы.

«Уақыт жолдарында» қысқа да болса, қорқаулар қолынан қаза тапқан Дулыға Ақмолда ойнаған рөл маңыздылығымен есте қалады. Атпалдай азамат бақилық болды. Бір отбасы тірегінен, асыраушы­сынан айырылды, асқар тауы құ­лады. Балалар әкесіз жетім қалды. Бірақ қара-құрасы қалың болса да, кісісі өлген қаралы үйдің алды тым-тырыс. Жоқтап жатқан тірі жан табылсашы. Марқұмның әйе­лінің көзінде бір тамшы жас жоқ. Ері өлген әйелге ұқсамайды. Жү­зінде қайғының табы, қобалжу бел­гісі жоқ, бедірейе қарайды. Жас келіншек қасіреттен қыңбай тұр, оның түріндегі безбүйректік пен немқұрайдылық еріксіз сес­кендірді.

Жерлеу рәсімі, жоқтау салты – ықылым заманнан келе жат­қан, қазақ мәдениеті мен танымы­нан айрықша орын алатын қым­бат та құнды тұрмыстық дәстүр. Дәстүрдің толық көрініс та­буы міндет емес, бәлкім жапон тарапының да ықпалы болуы мүмкін, бірақ киноның басқа жауапкершілігін былай ысырып қойғанда, оның, ең алдымен, идео­логиялық құрал екені естен шық­паса керек еді. Атадан балаға мирас болып, ғасырлар бойы бір шеті бүлінбеген, бір қағидасы қисаймаған киелі салтымыз бір фильмде неге дәл осылай өзгеріс­ке ұшырауға тиіс? Болашақта тап осы сарындас тағы да төрт фильм түсірілсе, қазақтың тұрмыстық дәстүрлерімен біржола қош айтысатын күн де алыс емес көрінді. Жан-жақтан жат ағымдар анталап, жастарды торына тобымен түсі­ріп, дін мәселесі қоғамның жанды жарасына айналған алмағайып кезеңде, идеологияның өзі отқа май құйғандай дәстүрді осылай дәріптегенін еш ақылға сыйдыра алмай дал болдық.

Ширығып отыр едік, фильм аяқ­тала сала, ішке сыймай, шерменде еткен сауалымызды Ерлан Нұрмұхамбетовке төтесінен қой­дық. «Біз бұған шындық ретінде, дәстүр ретінде қарайтын болсақ, фильмнің мақсаты ашылмайды. Шындықтан қашып та кеткіміз келмеді, таза реализмді көрсету де мақсат болған жоқ, біз осы екі аралықтан образ бен дыбысты араластырып, аздап ой қосып, таза реализмнен қайтуды мұрат тұттық». Автордың ойымен таласымыз жоқ, бірақ бұл сұрақ бізді ғана емес, басқа ұлт өкілін де мазалаған екен, қойған сауа­лы біздің пікірімізбен сарындас шықты. «Бұрын Қазақстан­да болмаған едім, бірінші рет ке­луім. Қазақстан, қазақ халқы туралы мүлде түсінігім жоқ. Оның мәдениетінен, дәстүрінен хабарсызбын. Бірақ фильмді көріп отырып, бас кейіпкердің күйеуі өліп жатқанда, бала әкесінен айыры­лып жатқанда екеуінің жы­ла­­мағанын, қайғырмағанын тү­сіне алмадым. Сонда қазақтар жа­­қын адамы өлгенде жыламай ма?» Ата салтымыздан хабары жоқ алыстан келген қонақтың фильм арқылы қазақ халқы тура­лы топ­шылаған алғашқы ойы осы. Фильм Қазақстан прокатына шық­пай жатып, шет жұрттың бір­талай қаласын аралап келді. Алда әлі де әлемдік кинокеңістікте сам­ғай­мын деген ниеті бар болар. Кино – ұлт туралы ұғым қалып­тас­тыратын өнер, сонда шет жұрт­тың көрермендері қазақ ұлты, оның дәстүр-мәдениеті туралы қан­дай ой түйіп, нендей пайым жасамақ?

Көрермен әр жаңа шыққан қазақ киносынан жаңалық кү­теді. Әрине, «енді табысқан әке мен бала қарым-қатынасы қа­лай өрістер екен?» деп олар­дың бақытты болатынына се­ніп отыр­ғанда, Қайраттың да қа­рақ­шы­лар қолынан қаза тап­қаны өкі­нішті. Бірақ фильмнің үл­кен жетістігі – көрерменге үміт қал­­дырғаны. Уақыт жолынан сү­­рінбеген Олжас талантты су­рет­ші болып танылды. Өз өмі­рі­нің суретшісі. Бір отбасының оқи­ғасы арқылы тұтас тағдыр драмасы ойналды. Бұл орайда белгілі суретші Ғани Мырзашевтің картиналары пайдаланған фильм финалы тек биік бағаға лайық. Кішкентай Олжастың рөлін үл­кен жауапкершілікпен орындап шық­қан Мәди Мінайдаровқа ата-анасы болып бірге түскен жұл­дызды актерлердің жолын тіле­дік. «Тауқыметпен жекпе-жекке түс­кен әр адам тағдыр алдында тосылып қалмай, жолындағы қиын­дығының бәрін жетістікке айнал­дыра алса, нағыз жеңімпаз сол болмақ». Экраннан жолданған кар­тина квинтэссенциясымен келіс­песке болмайды.