Руханият • 29 Қыркүйек, 2021

Қаламгерге қоладан мүсін қойды

934 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Несін жасырамыз, «Оралханның бір мүсіні өзіне ұқсамады» деп за­ман­дастарының көңілдері толмайтын. Сәтсіз шыққан ескерткішінің қа­тарында Өскемендегі бюсті де бар еді. Ол кеуде мүсіндегі ұқсастықтың жоқтығы өз алдына, мүжіліп, тозып бара жатқан. Мұны ескерген қала бас­шылығы жазушының туған күні қарсаңында қоладан құйылған ескерт­кішін тұғырға қондырды.

Қаламгерге қоладан мүсін қойды

Ескерткіштің ашылу салтанатында облыстың зиялы қауымы «міне, мүсін» десіп жатты. Расымен, тұғыры биік мүсін еңселі екен. Әдеттегідей қақиған бюст емес. Қозғалыс бар. Күртесін иығына іліп, Алтайға, Шыңғыстайына көз тастап тұрғандай.

Көпшіліктің көңілінен шыққан жаңа ескерткіштің авторлары – белгілі мүсіншілер Нұрбол Қалиев пен Мейрам Баймұханов. Қаламгер болмысы мен тұлғасын сипаттайтын мүсін қоладан құйылған. Ескерткіштің тұғыры тұтас граниттен соғылған, жалпы биіктігі – 4, 8 метр.

– Мүсін соғуды оқушы кезден бастағам. Осы күнге дейін облыс кө­ле­мінде он шақты мүсінім тұғырға қонды. Олардың қатарында Құнан­­бай, Абай, Оралхан, Баймұрат батыр қатарлы тұл­ғалардың ескерт­кіштері бар. Осы Орал­хан Бөкей бюстін со­ғу­ға жарты жыл уақытымыз кетті. Ес­керткішті жасау барысында қалам­гер­дің мінезін, бол­мысын, асқақ­тығын ашуға тырыстық. Бұ­рынғы Оралхан бе­тоннан соғылса, бұл жолғы Оралхан – қоладан. Тұғыры тү­гел гра­ниттен жасалған, – дейді Нұрбол Қалиев.

Шаһар басшысы Жақсылық Омар­дың айтуынша, жазушы мүсіні тұрған Өтепов көшесіне Оралхан Бөкейдің есімі берілуі мүмкін. Ол жөнінде оно­мастика комиссиясына халықтан ұсыныс-пікірлер түсіп жатыр. Егер бұл көшеге жазушының аты берілсе, шығар­машылық үйлесім табар еді. Өйткені Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп те осы көшеде орналасқан.

Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым өкілдері де мүсіннің бұрынғыдан мазмұнды шыққанын қуанып қайтты.

– Елге, жерге еңбегі сіңген тұлғаны ұрпағы ұмытпауы үшін ескерткіш керек-ақ. Екіншіден, мүсіншінің шебер­лігі де осындайда танылады. Бүгін салтанатты түрде ашы­лып отырған жазушының кеуде мүсіні жақсы шық­қан, – деді жазушы Әлібек Қаңтарбаев.