Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2021

Ерлерін елеген ел

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлан-байтақ жерімізді сыртқы жаулардан ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан-ұрпаққа аман-есен жеткізген қазақ батырларын ешқашан ұмытпауымыз керек. Өкінішке қарай, кеңестік идеология ел үшін еңіреген ерлердің есімдерін, еңбектері мен ерліктерін ұмыттыруға тырысты. «Ұлан-байтақ жердің бұрыш-бұрышында өмір сүріп жатқан ба­­тырлардың жаппай бірігуі мүм­кін емес, тек ханның маңында қоныс­танған аз ғана батырлар жауға шап­қан, басқасы миф, аңыз» деген сияқ­ты біздің тұтас тарихымызды жоққа шығарып, бөлшектеп тастаған идеология ғана өріс алған.

Ерлерін елеген ел

Соған алданған қазіргі адамдар арасында «бұл не деген қаптап кеткен батырлар, әйте­уір әркім өз атасын батыр қылып шы­ғаруда» деген сияқты сөздер бар.

Шын мәнінде бар­лық рудан батыр шығып, өз өңір­лерінде жасақталған шағын қолда­рын бастаған. Олардың бәрі бір­дей Бөгенбай, Қабанбай сияқты алты Алашқа аты шыққан батыр болмаса да «аттан» деген хан жарлығы келгенде өз қосынын бас­тап, үлкен қолға келіп қосылған. Сөйтіп ел қорғауда тізе қосып, ортақ жауды талқандауға үлес қосқан.

Батыр болу кең даладағы ең ма­ңызды мақсат болғаны да белгілі. Қазақ баласын ең алдымен батыр болмаққа тәрбиелеген.

Бүгінгі Солтүстік Қазақстан об­лы­сының аумағынан да онда­ған батыр шыққан. Соның ішін­де Қожаберген жырау, Балта Тұр­сынбай, Құлеке мен Құлсары, Баян мен Сары сияқты батырлардың есімі алты Алашқа аян. Ал Жансүгір, Сү­йіндік, Жанатай, Мықтыбай, Қан­тай, Медебай және т.б. басқа батыр­лардың есімін кө­бінесе тарих­шы ғалымдар мен жер­гілікті өлке­танушылар біліп, қазір олардың жа­саған ерлік істерін жаң­ғыртып, жас ұрпаққа танытуда.

Жуырда «Абылай хан рези­ден­циясы» музей кешенінде Қазақ­стан Рес­публикасы Тәуелсіз­ді­гі­­нің 30 жыл­­дығына арналған «Қа­зақ хал­қы­­ның батырлары» тақырыбын­да же­р­гілікті батырлар­дың есі­мін жаң­­­­ғыртуға арналған ғылы­ми-
прак­­­­тикалық конференция болып өт­ті. Кон­ференцияны ашқан музей ке­­ше­­нінің директоры Аян Садаев «Ру­­­хани жаңғы­ру» бағдарламасының шең­­берінде елдік пен отаншылдық жо­л­ында айқасып өткен батырлардың есімдерін жаңғыр­ту қолға алынып жатқанын атап өтті. Соның ішінде біздің об­лыс­тың аума­ғында өмір сүрген батыр­лардың есім­дері де жаңғырып жат­қаны айтылды. Конференцияда алдымен, қалың қазақ­тың басын қосып, елдің іргесін бүтіндеген Абылай хан­­ның өзінің батырлығы туралы айтыл­ды. Тарихи сахнаға алдымен ерен ерлігі арқылы шығып, бұрын қар­сыластарын шақ келтірмеген жоң­ғардың бас батыры Шарышты жиыр­маға толмаған жасында жеңіп, қа­лың қолға рух беріп жеңіске жеткен сәті еске алынды. Сол бетімен халыққа танылып, ағасы Әбілмәмбет ханның төрге шақырып, сұлтан ата­ғын беруімен Арғынның Атығай-Қа­рауыл руларына кіші хан болып та­ғайындағаны айтылды.

Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаттары, зерттеушілер Сәуле Мәлікова, Анатолий Плешаков, әс­кери институттың профессоры Жан­батыр Сартаев, педагогика са­ла­сы­ның ардагерлері Жангелді Тә­жин, Қарақат Шалабаев, Абылай Бал­ға­баев және осы жолдардың авторы жо­ғарыда аталған батырлардың есім­дерінің қалай танылғаны және зерт­телгені туралы баяндады. Бұ­рын қалың көпшілікке беймәлім бо­лып келген деректер алға тартылды. Мы­салы, Құлеке батыр туралы Ре­сей мен Қытайдан табылған 32 құжат­та оның есімі айтылатыны жеткізілді.

Қазір бұрын белгісіз болып келген көптеген батырдың есімдері ұлықталып жатыр. Соның ішінде Құлеке батырдың туған же­ріндегі аудан орталығында оның атындағы спорт сарайы ашылғаны, Жансүгір мен Сүйіндік батырлардың басына кесене орнатылған.

 

ПЕТРОПАВЛ