Әлем • 01 Қазан, 2021

ЕХРО-2020 DUBAI: Қазақстан павильоны салтанатты түрде ашылды

1010 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік ЕХРО-2020 DUBAI көрмесінде Қазақстанның ұлттық павильоны өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕХРО-2020 DUBAI: Қазақстан павильоны салтанатты түрде ашылды

Оның ашылу рәсіміне Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Мадияр Меңілбеков, QazExpoCongress ұлттық компаниясының басқарма төрағасы, ЕХРО-2020 көрмесіндегі Қазақстан секциясының бас комиссары Аллен Шайжүнісов, Халықаралық көрмелер бюросының президенті Джай-Чул Чой, көрмеге қатысушы елдердің бас комиссарлары мен ЕХРО-2020 ұйымдастыру комитетінің басшылығы қатысты.

Ашылу салтанатына дейін павильонды алғаш болып Біріккен Араб Әмірліктерінің Вице-президенті, Премьер-Министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум аралап көрді.

Экспо

Мадияр Меңілбековтің айтуынша, ұлттық павильонда Қазақстанның инвестициялық, туристік әлеуеті, саяси-экономикалық жетістіктері паш етілген. 2017 жылы мамандандырылған ЕХРО-2017 көрмесін ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қаласының да даму мүмкіндіктері көпшілік назарына ұсынылған.

Қазақстан павильоны шығыс сәулетімен өрнектелген. Мұны заманауи цифрлық шешімдер мен дәстүрдің синтезі десе де болады. Павильон жеңіл конструкциядан жасалған. Іргелес аумағы ыстық климаттық жағдайға байланысты көлеңкелі құрылымдармен, құрғақ субұрқақтармен безендірілген. Павильонның кіреберісін абаттандыруда Қазақстанның мәдени мұрасына жататын петроглифтер, геоглифтер, скиф-сақ мәдениетінің элементтері пайдаланылған. Павильон алдындағы арнайы жабдықталған ашық алаңда келушілер этникалық музыкалық ұжымдардың өнерін тамашалай алады.

Аллен Шайжүнісовтің айтуынша, көрме аяқталғанша Қазақстан павильонын 1 млн-ға жуық адам тамашалайды деп күтілуде.

Павильонның кіре берісінде Қазақстанның «Шежіре» ағашы бейнеленген. Түрлі этностардың тарихи байланысы мен Ұлы Дала көшпенділерінің әлем халқының генетикасына қосқан үлесі туралы баяндалады. Сонымен қатар бірінші қабатта еліміздің туристік әлеуеті паш етілген. Онда қазақ жерінің көркем ландшафттары мен табиғи ресурстары, бай тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрсетілген.

«Елорда – Еуразия жүрегі» аймағында айбынды астананың тамаша панорамасымен танысуға мүмкіндік бар.  

э

Future Now аймағы қонақтардың қызығушылығын тудыруда. Мұнда Brixel Mirror кинетикалық арт-қондырғысы ұсынылған. Бұл цифрлық дисплей секілді жұмыс істейтін бағдарламаланған қозғалмалы модульдік блоктар. Аталған аймақта түрлі интерактивті элементтер арқылы бірқатар салаларды қамтитын Vision Machine инсталляциясы орналасқан. Мұнда инновациялық қала құрылысы, жасанды интеллект, болашақтың кәсіптері, тұрақты агроөнеркәсіп, қоршаған ортаны қорғау, аэроғарыш өнеркәсібі секілді бағыттардағы Қазақстанның әлеуетімен танысуға болады.

э

Сонымен қатар павильонда елдің инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-логистикалық және аграрлық әлеуеті көпшілік назарына ұсынылған.

Соңында келушілерді панорамалық кинотеатрдағы ерекше шоу күтеді. Шоудың сюжеттік желісі адам мен жасанды интеллектің өзара әрекеттесуін көрсетеді. Аталған аймақ көрменің «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру» атты басты тақырыбымен үндесіп тұр.

к

Бүкіләлемдік EXPO-2020 Dubai көрмесі аясында Қазақстанның ұлттық павильоны алаңында біздің елдің ресми тұлғаларының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік және жеке секторлар өкілдерінің қатысуымен 25 іскерлік іс-шара өткізу жоспарланған. Іскерлік іс-шаралар шеңберінде конференциялар, форумдар, B2B кездесулер өткізіледі. Оның ішінде елдің инвестициялық және туристік әлеуеті бойынша таныстырылымдар, ғылыми және білім беру жобалары, креативті шешімдер, сондай-ақ Қазақстанның әлеуетті жобалары мен қазіргі заманғы әзірлемелері ұсынылады. Аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы шарттар мен келісімдерге қол қойылады. Өз кезегінде мұның ел экономикасын дамытудағы мультипликативтік әсері зор болмақ.

к

Қазақстанның ұлттық павильоны «Мүмкіндіктер» салалық кластерінде орын тепкен. Ол Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ, Швейцария, Люксембург, Қытай Халық Республикасы, Италия және Беларусь мемлекеттерінің ұлттық павильонына жақын орналасқан.

Еске сала кетейік, EXPO-2020 DUBAI көрмесі 2021 жылдың 1 қазаны мен 2022 жылдың 31 наурызы аралығында өтеді. Ауқымды шара былтыр өтуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты оның мерзімі шегерілді. Таңдалған тақырып – «Ақыл-ойды біріктіре отырып, болашақты қалыптастыру». ЕХРО-2020 үш салалық тақырыпқа бөлінген – «Мүмкіндіктер», «Мобильділік» және «Тұрақты даму». Оған әлемнің 192 елі қатысуда. Көрмені шамамен 25 млн адам тамашалайды деп күтілуде. Олардың 20 пайызын бизнес өкілдері құрамақ. 182 күнге созылатын шараға келушілердің 70 пайызы шетелдік туристер болмақ. Көрменің жалпы аумағы 438 гектар жерді алып жатыр. Ол Дубай мен Абу-Даби қалаларының аралығында орналасқан.

я

 

Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері