Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан осындай мәліметтер келтірді. Үшінші мегаполисте індеттің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілген. «А – ағымдағы жағдай 1 290 төсектік орын. В – эпидемиялық жағдай нашарласа, төсектік орын санын 4 016 дейін жеткізу. С – эпидемиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсектік орын ашу жоспарланған. 1 363 төсектік орын жасақталып тұр. Қалалық денсаулық сақтау жүйесі В сценарийімен жұмыс істеуде. Эпидемиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты 25 тамыздан бастап 1 780 төсектік орын жабылды. Қазіргі таңда 496 азамат стационарлық емделуде. Төсектік орын толымдылығы 36% құрайды, 867 төсектік орын бос. Жаңсақтау бөлімінде 257 төсектік орын бар, онда 79 азамат ем қабылдауда. Толымдылық – 30%. Жалпы, қала үш сценарийге де дайын», деді Ш.Мұқан.
Шымкенттік науқастың оттегі тапшылығынан қайтыс болғаны жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде тараған болатын. Журналистердің осы оқиғаға қатысты қойған сауалына жауап берген қала әкімінің бірінші орынбасары бұл мәселемен әлеуметтік желіге тараған бойда айналысқанын айтты. «Бұл мекеменің басшысы бүкіл Шымкентті оттегімен қамтамасыз етуге жауапты болатын. Бізде сол уақытта 25 инфекциялық стационар болды. Бұл ақпарат расталмады. Менің өзім арнайы барып көрдім. Оның алдында да көргенмін. Бұл стационар оттегімен толық қамтамасыз етіліп тұрды. Бізде Шымкент қаласында үш жерден оттегі алынды. Сонымен бірге былтыр 7 стационарда алдын ала сұйық оттегі резервуарын орнатқанбыз. Сыйымдылығы 8 тоннаға дейін барады, деп жауап берді Ш.Мұқан. – Кей стационарда – 50, кейбірінде 200 оттегі нүктесі бар. Келеңсіз оқиға орын алды деген стационарда 100-ден астам нүкте бар. Бір адамға оттегі бармай қалуы мүмкін емес. Себебі оттегіні жалғайтын станса бөлек тұрады да, сол жерден оттегі кеткенде 100 нүктенің бәріне бірдей барады. Ал егер оттегі таусылып қалған болса, нүктеге жалғанған 100 адамға бірдей бармай қалар еді. Сондықтан бұл ақпарат расталмады». Сондай-ақ ол індеттің өршуіне адамдардың өз бетінше емделуі себеп болғанын айтты. «Науқастардың көбі 15-16-шы, тіпті 20-шы күндері ауруханаға ауыр жағдайда түсіп жатты. Олар осындай жеке практикадағы дәрігерлерде емделіп, ауыр антибиотиктермен 1-2 курс ем қабылдаған. Ал ем қонбаған соң жедел жәрдем шақыртқан», деді қала әкімінің орынбасары. Мұндай жағдай қайталанбас үшін денсаулық сақтау саласында медициналық ағарту жұмыстары күшейтілмек.
Шымкент қаласында жыл басынан бері коронавирус жұқтырған 34 416 науқас анықталды. Емделіп шыққан науқастар саны – 32 682, ал 1 294 науқас ем қабылдауда. Коронавирус салдарынан жыл басынан бері 110 адам көз жұмған. Бастапқы медициналық көмек көрсету бойынша 36 емханада 211 мобильді бригада жасақталған. Олар үй жағдайында ем қабылдап жатқан 798 науқаспен және коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 3 506 адамға медициналық қызмет көрсетуде. Стационарларда дәрі-дәрмек жеткілікті, екі айлық қор жасақталған және ол ұдайы тексеріліп, толтырылып отырады. Биыл 1 қаңтардан бастап 30 қыркүйекке дейін 38 379 нысан мониторинг жұмыстарымен қамтылған. Мониторинг қорытындысы бойынша 2 462 жауапты тұлғаға хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Соттың шешімімен 21 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылған. Ashyq жобасы бойынша Шымкентте 8 571 нысан жұмыс істейді. «Қызыл» және «сары» статусы бола тұрып нысандарға барған жеке тұлғалар туралы 2 421 хабарлама түсті. Шымкент қаласы бойынша анықталғаны – 2 089. Басқа облыстардан келіп анықталған жеке тұлғалар – 332. Олар бойынша санитарлық-профилактикалық іс-шаралар атқару үшін аумақтық департаменттерге хаттар жолданды. Бұл жұмыс жалғасуда», деді Ш.Мұқан.
Қалада 45 егу нысаны бар. Бірінші компонентпен 526 689, 2-компонентпен – 426 388 адам егілді. Жалпы, вакциналауға жататын контингенттің 98,3% екпенің 1-компонентін алған. Айдың соңғы күні, яғни 30 қыркүйекте КВИ-дің 79 жағдайы тіркеліп, 42 адам инфекциялық стационарға жатқызылса, 37-і үй бақылауына алынған.
ШЫМКЕНТ