Бүгінде 28 жылдан асатын еңбек өтілім бар. Нұр-Сұлтан қалалық №1 балалар музыка мектебінде хореограф болып жұмыс істеймін. Хореография бөлімінің меңгерушісімін. Бөлімде 130-ға жуық шәкірт тәрбиеленеді. Өзіммен қатар төрт мұғалім тәлім береді. Мен 4-7-сынып оқушыларына «Халықтық сахналық би» сабағын өткіземін. Ізімді басып, ұстаз-хореограф болып жүрген шәкірттерім де бар. Сондай-ақ біздің бөлімнен түлеп ұшқан Елизавета Палинка хореография академиясына, ал Дарья Тарыбо Қарағандыдағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің хореография бөліміне оқуға қабылданды. Біз үшін еткен еңбектің жемісі – осы.
Байқау барысында алдымен өзімнің және шәкірттерімнің жеткен жетістіктерін жіпке тізіп, портфолио әзірледім. «Менің мектебім – жүрегім» тақырыбында бейнеролик түсірдім. Сабақ өткіздім. Сол құжаттармен қалалық кезеңге қатысып, екінші орын иелендім. Осылайша конкурстың республикалық кезеңіне жолдама алған болатынмын. Білуімізше, байқау өте тартысты өткен екен. Шешім шығару да оңай болмағаны анық. Байқауда бас-аяғы 64 ұстаз жүлделі болды. Олардың арасында мен де бармын.
Биыл ұлт ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсаринның туғанына 180 жыл, еліміз Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Сонымен қатар осы конурстың ұйымдастырылып келе жатқанына 10 жылдың жүзі болды. Мерейлі даталарға толы жыл десе де болады. Сондықтан ұйымдастырушылардың ұйғарымымен байқау биыл Ы.Алтынсариннің кіндік қаны тамған өңір саналатын Қостанай қаласында өтті.
Осыдан екі жыл бұрын «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, еліміздегі ұстаздардың мәртебесі айқындалған болатын. Содан бері мұғалімдердің жағдайы жақсара бастады. Әрине, әр педагог белгілі бір жетістікке жету үшін барын салып, талпынып, тырысып жатады ғой. Авторлық, инновациялық жұмыстарды қолға алып, білім саласына тамшыдай болсын үлесін қосуға ұмтылады. Сол ұмтылыс лайықты бағалана бастады. Өзім – педагог-зерттеушімін. Бұл мәртебем үшін жалақыма 40 пайыз еңбекақы қосылады. Педагог-шеберге қосылатын үстемеақы мөлшері 50 пайызды құрайды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан мұндай қолдау – ұстаздарды жұмыс деңгейін арттыруға ынталандырады.
Сондықтан «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойып, ұлт ұстаздарына қомақты қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және мұғалімдердің жағдайын жақсарту мәселесінде Президенттің тапсырмасын мүлтіксіз орындап келе жатқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке алғысымыз шексіз. Ведомство басшысы білім саласындағы барлық қызметті жете қадағалап келеді. Соның нәтижесінде ұстаздар қауымы да жемісті жұмыс істеп, алаңсыз қызмет ету үстінде.
Багдина СЕКЕРБЕК,
«Үздік педагог-2021» конкурсының жүлдегері