Коронавирус • 05 Қазан, 2021

«Сары аймақта» шектеу шаралары сақталады

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов өңірде эпидемиялық жағдайдың тұрақты екендігін және ауру жұқтыру жағдайларының саны азайып келе жатқанын мәлімдеді.

«Сары аймақта» шектеу шаралары сақталады

Жыл басынан бері Қарағанды облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 98 898 жағдайы тіркеліп, 90 110 адам жазылып шыққан. Яғни бұл көрсеткіш 91,1%-ды құрайды. Бүгінде облыс «сары» аймаққа енген. Соңғы аптада инфекцияның жаңа жағ­дайлары 21%-ға төмендеген. Дегенмен, не­гізгі шектеу шараларының сақталатынын жеткізді спикер.

– Пандемия денсаулық сақтау жүйесін дамыту жоспарларына, оның ішінде қаржы­лан­дыру ағынын үйлестіруге түзетулер ен­гіз­ді. Негізгі күштер мен құралдар әртүрлі ауыр­­лықтағы коронавирус инфекциясы бар нау­қастарды диагностикалау мен емдеуге арналған инфрақұрылымды дамытуға ба­ғыт­талды. Сонымен қатар өңірде Ashyq жо­­­ба­­сы сәтті жүзеге асып келеді. Жобаға 12 мың­­нан астам кәсіпкер қатысуда. Бұл ел бо­­­йынша үшінші көрсеткіш, – деп атап өтті Е.Алпысов.

Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары коронавирус инфекциямен күресу үшін облыста қысқа мерзімде заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен жаб­дық­тал­ған түрлі деңгейдегі стационарлар мен емханаларды біріктіретін кластерлік жүйе құрылғанын хабарлады. Жағдай күрделенген кезде облыста 5 679 төсектік орын, оның ішінде 434 реанимациялық орын ашылған. Эпи­де­мия­лық жағдайдың тұрақтануына байланыс­ты қазір төсектік орын қуаты 3 353-ке дейін төмендеді, оның төрттен бір бөлігі ғана жұмыс істейді. Жан сақтау бөлімшелерінде 44 адам жатыр. 25 компьютерлік томография кабинеті жұмыс істеп тұр. Облыстық бюджет есебінен 40 медициналық ұйымда кеуде қуысы ағзалары тобының бастапқы диагнос­ти­касы үшін қажетті заманауи цифрлы рентген-аппараттар орнатылған. Облыста жал­пы қуаттылығы тәулігіне 15 мың тесттен аса­тын 10 ПТР-зертхана бар.

Бұдан бөлек, 105 бірлік медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша бес компью­тер­лік томограф орнату көзделген: оның екеуі қалаларда және үшеуі Жаңаарқа, Оса­ка­ров және Қарқаралы аудандық ауруханала­рында болады.

Сондай-ақ облыста коронавирус инфекциясына қарсы жаппай иммундау жалғасуда. Спикер өңірде бірінші компонентпен 523 мыңнан астам адам, екінші компонентпен шамамен 465 мың адам егілгенін айтты.

– Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары арасында вакциналаудың жо­ғары деңгейі ірі инфекция ошақтарының пай­да болуына жол бермеді және кәсіпорын­дардың тұрақты жұмысын қамта­масыз етті. Өткен жылы шахталар, өндірістік алаң­дар және кейбір өндірістер жабылған кездер болды. Бүгінгі таңда жағдай түбегейлі өзгерді, вакциналаудың жоғары көрсеткіші ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарға үздіксіз жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. Тек «Ар­селорМиттал Теміртау» учаскелерінде жұ­мысшылардың 90%-дан астамы егілді, бұл кә­сіпорынның тұрақты жұмыс істеуін қам­тамасыз етті, – деді Е.Алпысов.

Брифинг барысында қазіргі уақытта облыста мектептердегі жағдайдың біршама шиеленісіп кеткені айтылды. Оқу жылының басында алғашқы он күнде оқушылар арасында аурушаңдықтың өсуі тіркелген. Де­ген­мен, спикер білім беру нысандарында са­нитарлық-эпидемиялық талаптардың сақталуына тұрақты мониторингтік тексерулер жүргізілетінін жеткізді. «Індет жұқ­ты­ру­дың әрбір жағдайы бойынша КВИ одан әрі таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шаралар кешені жүзеге асырылады. Қабылданған шаралар соңғы апталарда сырқаттанушылық деңгейін 2,5 есе төмендетуге мүмкіндік берді», деп атап өтті Е.Алпысов.

 

Қарағанды облысы