Батыр бабаларымыз аманаттап кеткен даланың тарихын зерттеп, көне атауларын қайтарудың уақыты баяғыда келген. Жоғарыда тізіп отырған ауыл атауларының барлығы дерлік идеологиялық тұрғыда ескірген. Соловьевтың, Греховтың кім екенін бізді қойып, аға буын білмейді. Жолай жүргенде тұрғындарынан сұрастырып та көргенмін. Иықтарын қиқаң еткізеді.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, бұл жұмыстарға жер-су атауларын зерттеп жүрген тарихшыларды, жергілікті тұрғындарды тарту керек. Әйтеуір, Зыряновск Алтай болып, тарихи атауы қайтарылды. Бірақ Алтай қаласының орталық көшесі Советская болып әлі тұр. Оны көк тақташаларға әп-әдемі етіп жазып қойған. Ауданның ішкі саясат бөлімі басшысы Еркежан Алтынғажиқызының айтуынша, орталық көше Тәуелсіздік болып өзгерген. Тек тақташаларын ауыстыруға қаражат тапшы көрінеді. Мейлі дейік. Ал Александровка ауылындағы Кеңес кезінен қалған ескерткіштің төбесінде тұрған орақ пен балғаны алып тастау үшін қаржының қажеті жоқ шығар.
Ала жаздай Алтайда турист толастамайды. Пандемия басталғалы шетелде тынығатын азаматтардың көбі Алакөл мен Алтайды бетке алатын болған. Жуықта біздің жаққа сапарлап келген журналистердің бірі Нұртілек Риянбек орақ пен балғаны, мұрты бұзылмай тұрған жер-су атауларын, Алтай қаласының орталығында тұрған Лениннің мүсінін бетімізге басқандай болды.
– Алтайға алғаш рет келдім. Өкініштісі, көршілес елге еніп кеткендей күй кешеді екенсің. Мынау орақ пен балғаны көріп, тіпті жағамды ұстадым. Осынау отыз жыл ішінде ономастика саласында мүлдем жұмыс жүрмепті. Шығыс Қазақстан түркілердің төрі, сақ бабамыздың мекені дегендеріңіз қане? – дейді Нұр-Сұлтаннан ат арытып келген журналист Нұртілек Риянбек.
Облыс тұрғыны ретінде ақталып әлекпіз. Мүлдем жұмыс жүрмеді емес, ұсақ-түйек көшелердің атаулары өзгерген шығар. Ауданның өзі Алтай болып, айбарымызды асырды. Первороссийск дей-тұғын ауыл Полянское болып өзгерді. Алғашында ол өзгеріске көңілі толмаған зиялы қауым «қосылғыштың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді» дескен.
Сөйтсек, Павел Полянский облыстың Құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері екен. 32 жасында «Первороссийский» совхозын басқарып, алдыңғы қатарға шығарыпты. Ол басқарған шаруашылық мол өнім алып, Республикада маңдайалды совхоздардың қатарынан көрініпті. Сонымен қатар ауылда сапалы тұрғын үйлер, өндіріс нысандары, дүкендер мен балабақшалар салына бастаған. Көзін көрген замандастарының айтуларынша, ауылдың ажарлана түсуіне Полянскийдің еңбегі сіңіпті. Әрине, кіндік қаны тамған жерге маңдай тері тамып, артындағы халқы қолдап жатса, ұлтына, ұлысына қарамай-ақ құрметтейтін халықпыз.
Ал мәні, мағынасы саяси-идеологиялық тұрғыда ескіріп кеткен елді мекен, көше атауларын ауыстыру керектігі даусыз. Алтайдың орталығындағы «күн көсемнің» тұлға мүсінін де менмұндалатпай алып тастау қажет.
Иә, білеміз, ауыл атауын ауыстыру бір күндік шаруа емес. Үш ғасыр бұрынғы саясаттың салдарынан тарихтың кейбір тұстары тұманданып кетті. Сулы да нулы құнарлы жерлерге қарашекпенділер қоныстанды. Орысша атаулар да үш ғасыр бұрын пайда болғаны анық. Өкініштісі, дәл осы Алтай ауданының ауылдары 1700 жылдарға дейін қалай аталғандығы бізге беймәлім. Ол үшін көне карталарды іздестіру керек шығар. Өңірдің жер-су атауларын зерттеп жүрген белгілі ұстаз Бердібек Бияров Алтай ауданының ой-қырына, қырқа-қыратына қарап, атаулар әзірлеп қойғандығын айтады.
– Алтай ауданының ауылдары туралы тарихи деректер жоқ. Одан бері 300 жыл өтті. Өзім жеріне қарай атаулардың нұсқасын әзірлеп қойдым, – дейді С.Аманжолов атындағы университеттің доценті Бердібек Бияров.
Ендігі кезекте облыстық ономастика комиссиясы тұрғындардың ой-пікірін тыңдай отырып, жұмыстарын жандандыру керек шығар. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында отыз ауыл болмаса да, үш ауылдың атауын ауыстырмасақ, елдігімізге сын.
Шығыс Қазақстан облысы,
Алтай ауданы