Бұл көпір – ауыл тұрғындарын көптен толғандырған мәселе. Оның қажеттілігі туралы түрлі деңгейдегі басшыларға талай рет шағым айтылды. Өйткені сайдан өту әсіресе мектепке, балабақшаға баратын 130-дан астам балаға қиындық тудырды. Жаңбыр, қар жауған кезде олар 1,5 шақырымдай жолды айналып жүруге мәжбүр болды.
Енді міне, шоқпартоғайлық тұрғындар көпір салу үшін қолдауды үміт артқан әкімдерден емес, шетелдік инвестормен бірлескен кәсіпорынның басшыларынан көріп отыр. «Теңізшевройл» ЖШС көпірдің құрылысына қажетті материалдарды алуға «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында арнайы грант ұсынды. Көпірдің ұзындығы – 35, ал ені – 1,5 метр. Жауын-шашыннан қорғау үшін көпірдің үстінгі бөлігі шатырмен жабылған.
– «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы кәсіпорынның әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – елді мекендердің тұрғындарына қолданыстағы демалыс орындарын жақсартуға немесе жаңасын ашуға қолдау көрсету. Осы жоба арқылы Атырау облысының Жылыой ауданына – 54, ал Маңғыстау облысына 35 грант берілді. Грант көлемі 2,5-3 млн теңгені құрайды. Қазір аталған жобаның жемісін 16 мыңнан астам тұрғын көріп отыр, – деп мәлім етті кәсіпорынның баспасөз қызметі.