Жәрмеңке ұсынылған жұмыс орындарының көптігімен және психологтардың қатысуымен ерекшеленді. Жеткіншектер жұмыс іздеп, ересектерден сұрауға қысылған жағдайда психологтер оларға қолдау көрсетіп, кеңес беріп жатты. Бұған қоса жұмыс іздеушілерге түйіндеме жазуда да көмек көрсетілді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жастар ресурстық орталығымен бірге ұйымдастырған жәрмеңкеде жалпы саны 9 мыңға жуық бос жұмыс орындары ұсынылды. AZALA Textile, «Сити Строй», «Реголат», «Қазнұр», «Альфа-Юг», Аsia Trafo мекемелері, «Магнум, «Фиркан» секілді ірі сауда желілері және қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар, мектептер, балабақшалар – жалпы 50-ге жуық жұмыс беруші мекемеге медицина, техника және педагогика саласының мамандары қажет. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова осындай шаралар жұмыссыздықты азайтуға септігін тигізетінін айтады. «Жәрмеңкеге 14 пен 29 аралығындағы жастар, квота шеңберінде басқа да жерлестеріміз, оқу орындарының түлектері қатысты. Ұсынылған 9 мыңға жуық орынның ішінде 3 500-і – тұрақты жұмыс орны. Бұл – жастарға үлкен мүмкіндік. Қазіргі таңда Шымкентте 3 200 жас жұмыссыз ретінде тіркелген», дейді басқарма басшысы.
Жәрмеңке нәтижесінде мыңға жуық жас жұмысқа жолдама алды. Тұрақты жұмыспен – 790, ал «Жастар практикасымен» 121 жас жұмыс істемек. Жәрмеңкеде, сонымен қатар, еліміздің солтүстік өңіріне қоныс аудару бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылып, нәтижесінде 100-ден аса шымкенттік солтүстік өңірлерге көшуге қызығушылық танытты.
Жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 18 мыңнан астам шымкенттік жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Оның ішінде 2 384 жас – «Жастар практикасымен», ал 109-ы «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен жұмысқа жолданған. Осы арада айта кетелік, Шымкентте жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүргізілуде. Бүгінге дейін жобаға қатысуға 109 жас ниет білдіріп, қазіргі таңда өз мамандығы бойынша түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданып, екі жылға тұрақты жұмысқа орналасты. Жоба «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІІ бағыты аясында жүзеге асырылып отыр. Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен келісімшарт жасап, оқу орнын енді тәмамдаған жастар 24 ай жұмыспен қамтылады. Жобаға қатысушының еңбекақысы – 20 АЕК. Халықты жұмыспен қамту орталығы алғашқы 12 айдың еңбекақысын субсидиялайды.